102- ге қисынсыз қоңырау шалушылар көбейіп тұр

Айкерім РАИСҚЫЗЫ

Қаламыздағы Ішкі істер басқармаларындағы жедел басқару орталығы бүгінде еріккендердің ермегіне айналып барады. «Тереземнің алдына кептер қонып тұр», «Сіз Ақшақарсыз ба?» деп қызметті ойынға айналдырып қоңырау соғатындар орталықтың жұмысын қиындатуда.                                                Ел көлеміндегі ең ірі Жедел басқару Алматы қаласында орналасқан. Аталмыш орталық күніне 5 мыңға жуық, ал жылына 1,5 млн қоңырауға жауап береді. Дегенмен, оның 4/1– і ғана орталықтың қызметіне сәйкес келеді, ал қалғанын жедел жәрдем, өрт сөндіру секілді қызмет орындарының телефон нөмірлерін сұрап хабарласқандар мен күлкілі шағымдар құрайтын көрінеді. Полицейлердің ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, мұндай күлкілі шағымдар легі күз және көктем мезгілдерінде өршиді екен. Осы тұста, дәрігерлер күз бен көктем айларында жүйке ауруына шалдыққан адамдар өз-өздерін игере алмай, түрлі әрекеттерге баратынын айтып, оған маусымдық ауысымның ықпалы зор болатынын алға тартып отыр.                                                        Жедел басқару орталығының операторы Айгүл Сазанбаева өз кезекшілігінде әйел кісінің: «Тереземнің алдында кептер тұр. Ол ауру сияқты. Сіздер келмесеңіздер болмайды», – деп, қоңырау шалғанын айтады. Дәл сол кезде «құс тұмауы» ауруының өршіп тұрған кезі екен. Бірнеше рет хабарласып қоймағасын орталық әйел айтқан мекен-жайға «Боран» жедел тобын жіберсе, шағымданушы кептердің ұшып кеткенін айтып қоя салыпты. Сондай-ақ, «аяғым ауыр, жігітім тастап кетті» немесе «телефоным құлыпталып қалды» деп, 102-ге хабарласатындар да бар екен. Әсіресе, кешкісін, адамдардың жұмыстан қайтар уақытында, орынды және орынсыз түрлі шағымдардың келіп түсуінен полицейлердің кешенді күші жетпей қалатын көрінеді.                            Бір күнде 800- ге жуық қоңырау қабылдайтын орталық операторлары желінің негізсіз шағымдардан босамауы маңызды қоңырауларды жіберіп алуға әкеліп соғатынын, уақытылы хабар алмағандықтан көмекті дер кезінде  жөнелте алмай қалып жататындықтарын айтуда. Тәулік бойынша  жұмыс жасайтын қызметкерлер қисынсыз қоңыраулардың кезекшілерге психологиялық жағынан да қатты әсер ететінін жасырмайды. Осы ретте Ішкі істер департаменті қызметтік жедел байланысты әзіл-қалжыңға айналдырып қоңырау соққандардың заңмен қудаланатынын ескертіп, осыған сәйкес келетін лаңкестік әрекет немесе жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берушілердің 3 жылға дейін бас бостандығынан айрылатынын алға тартты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close