100 жаңа оқулық

Өткен аптада Астанада «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бір жыл толуына байланысты Қазақ­стан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен алқалы басқосу өткені белгілі. Онда «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша алғашқы 18 оқулық­тың таныстырылым рәсімі болған еді.

Сондай-ақ, жиын барысында Елбасы әлемнің озық елдеріндегі жалпы адамзатқа ортақ оқулықтардың қазақ тіліне аударылуы мен оның келесі оқу жылынан бастап оқу үдерісіне енгізілуі жайында, жоғары оқу орындарындағы білім сапасы туралы жан-жақты сөз қозғады. Осыған байланысты қаламыздағы түрлі мекемелер мен жоғары оқу орындарында арнайы басқосулар өтіп, рухани жаңғыру мәселелері аясында атқарылып жатқан келелі іс-шараларды ары қарай жалғастыру жұмыстары жүргізіле бастады. Бұл орайда белгілі тұлғаларымыз бен қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғалымдар өздерінің ой-пікірлері мен нақты ұсыныстарын да білдіруде. Солардың бірқатарын бүгін оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.  

 

Мұхит ӘЗІРБАЕВ,

«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ-ның төрағасы, қалалық мәслихат депутаты

 

Жастар бұл оқулықтарды міндетті түрде оқуы керек

Өткенде Елбасы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шығарылған кітаптарды таныстыру рәсіміне қатысты. Онда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында аударылып, басып шығарылған 18 оқулық таныстырылды. Әлеуметтану, фило­софия, тіл білімі, психология салаларымен қатар, атқарылатын жұмыстың үлкен бір бөлігі ретінде экономика ғылымы мен кәсіпкерлік саласы да қамтылып отыр.

Грэгори Мэнкьюдің атақты «Эко­номикс» оқулығының төртінші басы­лымы, Томас Гриффиннің «Менедж­мен­ті», Дональд Куратконың «Кәсіп­керлік: теория, процесс және практика» оқулы­ғы және Клаус Швабтың «Төр­тінші индустриялық револю­ция» еңбегі – осы уақытқа дейін тек ағыл­шын және орыс тілдерінде қолжетімді болып келген, пән саласы бойынша маңызды оқулық­тар. Енді бұл оқулықтармен қазақтың балалары да таныса алатын болды. Бұл жастарға берілген зор мүмкіндік. Керек десеңіз, мемлекеттік бағдарлама аясында әлемдегі үздік оқулықтарды аударып, тегін тарату деген ешқандай мемлекетте болмаған. Сондықтан Қазақстанның әрбір азаматы, әсіресе жастар бұл оқулықтарды міндетті түрде оқуы керек. ЖОО-ның студенттерімен қатар, мектеп оқушылары да бұл оқулық­тармен танысуы тиіс. Біздің жас мемлекет үшін адами сананы дамыту үшін бұл еңбектердің рөлі ерекше.

Бұл ретте жастар экономика, бизнес жағына көбірек назар аударса екен деймін. Сонда жастарымыз кәсіпкер­лікпен айналы­сып, сол арқылы эконо­микамыздың дамуына жол ашылар еді. Сонда рухани жаңғырудың негізінде экономикалық жаңғыру да болады. Қазір әлемдік жаһандану заманында әр ел экономикасыз өмір сүре алмайды. Сондықтан экономикамен үндестіре қарамасақ, ұтыламыз. Бәсекеге қабі­летті ел болу үшін әлемдік экономи­камен байланыса дамуымыз қажет. Әдемдік экономикалық үндестікке білім арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Сондықтан мен бұл бастаманы депутат ретінде және кәсіпкер ретінде қос қолымды көтеріп тұрып қолдаймын. Сонымен қатар, алдағы уақыт­та мек­теп оқушыларымен, студент­тер­мен кездес­кенде «Қазақ тіліндегі 100 жа­ңа оқу­лық»  бағдарламасын  жас­тар­ға  түсін­діріп, насихаттайтын бола­мын.

Біз осы оқулықтар арқылы сана­мызды жаңғырта отырып, бәсекеге қабілетті маман дайындай аламыз. Экономикамыз дамыса, рухани көк­жиегіміз кеңейеді. Жағдайымыз да жақсарады. Сондықтан бұл оқулық­тармен жастар міндетті түрде танысып, білім мен ғылымды меңгеруге тереңірек үңілуі тиіс.

Жасыратыны жоқ, бізде қазақ тілді бизнес керемет дамыды деп айта алмаймыз. Өйткені, банк, корпорация, ірі компания­лардағы мамандардың басым бөлігі ресми тілдей сөйлейді. Енді «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы ая­сында шығарылып жатқан осы оқулық­тар арқылы қазақ тілді бизнестің кәсіби деңгейі көтерілетін болады. Сондықтан біз мұнымен тоқтап қалмай, қазақ бизнесін дамытуға үлес қосатын, экономиканы дамытуға септігін тигізетін оқулықтарды шығара беруіміз керек. Сонда қазақ бизнесі өркендей түсер еді.

 

 

Фарида  МЕРХАМИТҚЫЗЫ,

қалалық мәслихат депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі

 

Жастар әлеуетінің ұстыны

 Өткен аптада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықтың алғашқы аудар­маларының таныстырылымы болып өтті. Шара барысында Мемлекет басшысы рухани жаңғыру аясындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, «100 жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі рөлі зор екенін айтып өтті. «Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуы тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұра­тын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті…» деді.

Жалпы, әлемдік білім жарысында кеңінен танылған оқулықтардың әлеуметтік гуманитарлық сала үшін маңызы зор. Ол оқулықтардың түпнұсқадан қазақ тіліне тура аударылуымен де маңызды. Мемлекет басшысының «Бұл – ауқымды энциклопедиялық ізденіс арқылы адамзат дамуының көкжиегіне жол ашатын кезең. Бүгінде зияткерлік даму үдерісінен туындаған тың серпіннің арқасында рухани революция бастау алып келеді», – деуі қоғамда рухани сілкініс тудырып отыр.

Жалпы, қай сала болсын, бір-бірінен қалыспай қатар дамуы өз нәтижесін береді. Ұлттық мәдениетті дамытуда білімсіз өрлеу мен дамудың болмайтынын уақыт көрсетіп отыр. Ал білім жалаң теорияға құрылмас үшін әлемдік озық ойлы ғалымдардың ақыл-ой парасатына жүгініп отыруға тиіспіз. Бұл ретте біз ұттық! Өскелең ұрпақ Президентіміздің өздеріне жасап жатқан игілікті істеріне қолдау білдіріп, қуануы тиіс.

 

 

Зиятдин ҚАСАНОВ,

Алматы қалалық мәслихат  депутаты,

Дүниежүзі Түріктер қауымдастығының төрағасы

«Елбасы оқулықтары» – рухани жаңғырудың кілті

 Бүгінгі Қазақстанда мемлекеттің дамуының бір бағ­дарламасына айналған «Рухани жаңғыруды» жүзеге асыру жан-жақты жүріп жатыр. Елбасы көрсетіп берген нақты бағдарға қоғамның әрбір мүшесі өз мүмкіндігінше атса­лысуда. Қалалық мәслихат депутаты, «Ахыска» дүние жүзі Түріктер қауымдастығының төрағасы ретінде біз де Пре­зидент тапсырмалары мен ұсынған бағдарламалары­ның жүзеге асуына тілектестікпен атсалысып жүрміз.

Елбасы атап өткендей, бұрынғы қоғамда әлемдік деңгейдегі білім берудің озық үлгідегі оқулықтарынан сусындау мүмкіндігі болған жоқ. Біз де шет елге іссапарға шыққанда еуропалық жоғары білім сапасының ілгерілеп кеткенін көріп жүрміз. Оның себебі, ол елдер әлемдік білім жүйесімен ерте араласып кеткен.

Расында да әлемдік руханияттан нәр алған білімді буын ертең мемлекет тетігін ұстайтыны сөзсіз. Енді 15–20 жылда егемен елді алға сүйрейтін солар.

Олар Елбасы үміт артқан буын. Ал «Елбасы оқу­лық­тары» – рухани жаңғырудың кілті.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *