Өркениет әлемінде білімді ұлт қана табысқа жетеді

Рая ЕСКЕНДІР

 

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жыл­дар­да алғашқылардың бірі болып заңгер­лерді дайындайтын мемлекеттік емес оқу орны ретінде  құрылған универ­ситетке мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев өз атын беруге рұқсат етіп, батасын берген еді. Сол күннен бастап күні бүгінге дейін құқықтану бағыты бойынша колледж, академия-магистратура, РһD докторантура негізінде сатылы білім беретін алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны — Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық Заң академиясы деген жаңа атауға ие болды. Біз осы оқу ордасының ректоры, заң ғылымының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Өмірәлі Шакарапұлы ЖАЛАИ­РИГЕ жолығып, оқу ордасының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

 

– Өмірәлі Шакарапұлы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  қабылданғалы да бір жыл болыпты. Бұл  бағдар­лама­ның  қоғам үшін, жалпы еліміз үшін маңызы мен құндылығы неде деп ойлайсыз?

– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­малық мақаласы маған қазақ халқына ерекше серпіліс әкелгендей әсер етті. Өйткені, біз өзіміздің ұлттық болмы­сымыз бен ерекшелігімізді,  ділімізді, тілімізді жоғалтып алатындай күй кешіп тұрған едік. Олай дейтін себебім, тіл мәсе­лесі мені қатты алаңдататын еді. Кейде «осы біз Ресейде тұрып жатыр­мыз ба?» деп іштей күйінетін едім. Жан-жақтағы безендірулер орыс тілінде жазылып, жастарымыз орысша сөйлеп жатқанын көргенде жаным ауыратын. Өзім балаларымды, немерелерімді ана тілінде оқытып, отбасында да ұлттық тәр­­биеде болғанын қалаймын. Ана тіліне ерекше мән беретін адаммын. Көптеген танымал кісілердің балалары өз ана тілінде сөйлей білмейді. Бұл қасірет емес пе?

Жалпы, өзім конституциялық құқық­тың маманымын. Менің ойымша, Конституциямыздағы «ресми тіл» дегенді алып тастауға қадам жасау керек сияқты. Байқап отырсаңыз, бізде бір жиын өтсе, мәселен, Парламентті  алы­ңыз, орысша Заң қабылданып, оны қазақ­шаға аударғанда жартысын түсін­бей де қаласыз. Заңгерлердің өздері де түсінбей жатқанда, оны қарапайым халық қалай түсінбекші. Үкімет жиын­дарының  да  осал тұсы осы тіл мәсе­лесі. Міне, «Рухани жаңғыру» бір серпі­ліс әкелді деп отырғаным да сол.

Тіліміз тіріліп жатыр. Латынды қолға алдық. Тарихымызды түгендей бастадық. Жақын арада Алматы облы­сының әкімі А.Баталовтың қолдауымен 14 адам кезінде Шыңғыс ханның оң қолы болған Мұқали ноянның  басына Қытайға, ішкі Моңғолияға бара жатыр­мыз. Бұл да сол Елбасымыздың серпілі­сінен туған идея.

Маған осы бағдарламаның «Туған жер» жобасы қатты әсер етті. Ел мен жеріне деген бойында патриоттық сезімі басым азаматтар «Туған жерге туыңды тік» деп қазір ат басын ауылға бұрып, көмек қолын созып, із қалдырып жатыр ғой. Елбасымыздың өзі де әрбір азамат туған жеріне қолдау жасап  жатса, елі­міз гүлденіп, көркейер еді деп үнемі айтып отырады.

Мен өзімнің туған жеріме, кіндік кескен ауылыма «Бақыт бастауы» деген  демалыс орнын ашып қойдым. Ол жерге мен ғана емес, басқа да адамдар барып демалып қайтады. Кезінде кол­хоз, совхоз тарап кеткен заман болды ғой. Сол кезде бір бөлімшені алып, жанар­майын, басқа да қажеттіліктерін көтеріп дегендей біраз көмектестім. Қазір олардың бәрі әлденіп, әрқайсысы өз тіршіліктерін бастап, жеке-жеке болып бөлініп кетті. Менің де шаруа қожалы­ғым  бар. Мал өсіремін, қалада тұрып жатсам да ауылға барып, қолұшымды беріп тұрамын.

Енді оқу мәселесіне келсек, «Рухани жаңғыруда» да, Президенттің  әлеу­меттік бес бастамасында да  білімге байла­нысты өте нақты мақсат-міндеттер тұжырымдалды. Оқу орындарындағы гранттардың санының артып, жатақха­налар көптеп салынатын болды. Біздің 12-қабатты оқу корпусымыз  бар, енді студенттеріміз үшін 12 қабатты жатақ­хана салып жатырмыз. Сәтін салса 400 орынды жатақхана студенттеріміздің игілігіне беріледі деп күтіп отырмыз. Біздің студенттеріміз үшін  Саин мен Маречек  көшелерінің қиылысында жатақханамыз бар. Бірақ бұл аздық етіп, көп студенттеріміз пәтерде жүр. Негізі ауылдан келген жастарды бірінші кезекте орынмен қамтуға тырысамыз.

– Білім сапасын көтеруге байла­нысты да кеңінен айтылып жатыр. Болашақ  заңгерлердің білімі  жан-жақты  болуы  керек қой. Бұл тұрғыда қан­дай  жұмыстар қолға алып жатыр­сыздар?

– Осы арада менің де бір көптен бері ойымда жүрген пікірімді білдірудің сәтікеліп тұрғандай. Өз басым Ұлттық бірың­ғай тестілеу бізге жақсылық әкелді, білімнің сапасын арттырды деп айтпас едім. Неге десеңіз, қазіргі білім тіпті басқаша болып барады. Қазіргі кезде, жасыратыны жоқ, мектептерде 11-сынып оқушылары тек 4-5 пәнге ғана көңіл бөлетін болып алды. Жастар кітап оқудан қалды. Тіпті, дипломдық жұмыс­ты ғаламтор арқылы жазатын болыпты. Кезінде кәдімгі қаламмен жазып, ізденіп, сол тақырыпты зерттеп, зерде­леп қорғайтын едік. Ондай жастың деңгейі, білім сапасы өзгеше болатын. Бұрындағы емтихан алу тәсіліне көшсек ештеңеден ұтылмас едік.

Кезінде бізде Диссертациялық кеңес болған еді. Қазір ол тоқтап тұр. Соған байланысты кейде  маған да  ғылым  тоқы­рап тұрған сияқты. Диссерта­циялық кеңес болған кезде Мәскеуден, Тәшкеннен ғалымдарды шақырып, бірге пікірлесіп, жас ғалымдар  кандидаттық, докторлық қорғап жүретін еді. Бүгінгі таңда білім жүйесіндегі көп өзгерістер кейде кері әсерін тигізіп жатады. Мыса­лы, РһD дегеніңіз сапалық деңгейі жа­ғы­нан  кейде маған бұрынғы канди­дат­тыққа жетпей тұрған сияқты көрінеді.

Оқулықтар туралы шаруалар  да дер кезінде қолға алынып отыр дер едім. Егер олар дамыған елдердің оқулығы болып жатса, тіпті тамаша. Дегенмен, техникалық, математикалық  бағдарлар біздің жастарымыздың білімін көтеруге көп мүмкіншілік туғызған болар еді.

– Латынға көшу бағытында атқары­лып жатқан жұмыстар жүйесімен де таныстыра отырсаңыз.

– Бұрын Заң факультетінде латынша оқитынбыз. Өйткені, рим құқығы, азаматтық құқықтың терминдері бір-біріне жақын, ұқсас қой. Сондықтан біз де алғашқылардың бірі болып қуана қолдау білдіріп отырмыз. Латынға көшу – өмірдің талабы. Оның келешегінің кемел екенін де Елбасы бағдарлап, болжап отыр.

– Оқу ордасының бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудағы үлесі жөнінде айтсаңыз.

– Біз мамандандырылған жоғары оқу орнымыз. Негізінен заңгерлер мен қаржыгерлерді даярлаймыз. Біздегі 6 мамандықтың төртеуі заң мамандарын даярлайды, қаржы саласы мен жергі­лікті өзін-өзі басқару, яғни әкімшілік қызметкерлерін даярлап шығарамыз.

Оқу ордамызға да міне, 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде жүздеген заңгер мамандар  тәрбиелеп шығарған екенбіз. Олардың барлығы еліміздің түкпір-түкпірінде абыроймен еңбек етіп жүр. Өз түлектеріміздің биіктен көрініп жүргені бізге де үлкен мақтаныш.

Еліміздің қай бұрышына бара қалсақ аудандық сот төрағасы, аудан прокуроры, облыстық соттар мен Ішкі істер министрлігінде жүрген өз түлекте­рімізді көріп, төбем көкке жетіп жата­ды. Мен мұны не үшін айтып отырмын? Осынау жылдардың текке кетпей, еліміздің құқық қорғау саласына біздің де аз да болса үлесімізді қосып отыр­ғанымызға қуанамын. Сапалы білім беріп, жан-жақты маман дайындап шығару кез-келген оқу ордасының алға қойған мақсаты дер едім. Дәл қазір осы университетіміздегі студенттерге де дуалдік білім беруді қолға алудамыз. Оқуды тәжірибемен ұштастырғалы жатырмыз. Білім алушылар оқумен қатар жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап, күні ертең тергеуші болып бірден жұмыс істеп кетулеріне де болады.

Бізде бұрынғы заң ғылымының 15-тей докторы, 25-тей заң ғылымдарының кандидаттары еңбек етеді. Зейнетке шығып кеткен прокурор, сот, тергеуші­лерді жұмысқа арнайы шақырып алған­быз. Сол кісілер студенттерге сабақ бере жүріп, тәжірибеден де өткізеді. Білім берудің бұл тәсілі күні ертең оқу бітірген жас маманды «тәжірибең жоқ, жұмыс өтілің жоқ» деп қайта даярлап, уақытын босқа өткізбесін деген ойдан туып отыр.

Жалпы, елімізде  білім беру жүйесін сапалық деңгейге көтеріп,  оның ішінде, әсіресе орта білім беретін мектептер саласына  айрықша назар аударған жөн. Өйткені, байқап отырсам, келіп түскен студеттердің білім деңгейлері  өте төмен. Мектепте білімі төмен болған жастың деңгейін қалай көтеруге болады? Оны қайтадан оқытудан басқа жол жоқ. Сондықтан өнім сапалы болсын десек, мектептегі білімді жолға қою керек. Жақында маған бір жас жігіт келіп, «аға, осы оқу ордасынан кітап оқитын жастардың ұйымын ашсам қайтеді» деп қолқа салған еді.

Мен қуана келістім. Жастарымыз кітапқа ден қойып жатса жаман ба? Жиырма шақты студентті жинап, әрқай­сысына тапсырма береді. Мәсе­лен, біреуі Абайдың, біреуі Мағжан­ның, келесі біреуі  Фаризаның шығар­маларын зерделейді  дегендей. Сосын олар  кітаптың мазмұнын баяндайды. Керемет емес пе? Заңгерлер де кітап оқуы керек қой. Адам жан-жақты болуы керек. Әсіресе, заңгерлерге ертедегі билердің сөздерін білсе одан жаман болмас еді. Бізде «шешендік өнер» деген пән бар. Студенттерге қалай сөйлеу керек екендігін үйретеміз. Күні ертең өзі сот төрағасы болып, дұрыстап сөйлей алмай отырса, ойын дұрыс жеткізбесе ұят емес пе?

Білімнің сапасын көтеру бізде әлі де ақсап жатыр. Еліміздегі заң оқу орын­дарының шектен тыс артып кеткендігі де алаңдатады. Қазір қарап отырсаңыз, олардың саны 60-тан асып кетіпті. Кезінде тек ҚазҰУ, Қарағанды, сосын Ішкі істер академиясы ғана заң маман­дарын дайындаушы еді. Соның өзі жеткі­лікті болатын. Қазір маман көп, жартысы жұмыссыз жүр. Халық шаруа­шылығы, педагогика институттарына дейін заңгерлер даярлауға кіріскен. Одан да белгілі бір сала мамандарын терең, жан-жақты етіп дайындамай ма?

Міне, осы мәселелер толғандырады, жиындарда  жиі мәселе көтеріп, айтып та жүрмін. Осы жылдар ішінде отыз мыңнан астам маман дайындаған болсақ, біз санына емес, сапасына мән беруге тырысамыз. Оқимын деген жасты әркез қолдап отырамыз. Университетіміздің 25 жылдығына орай, 25 грант тағайын­дағанымыз да жастарымызға жасалып жатқан жеңілдіктің бір көрінісі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *