Әйел жанын әйелдей кім түсінсін…

Нұржамал  ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

 

Жуырда  «Аrna-b» баспасынан шыққан   журналист Таңсұлу  Алдаберген­қызының «Әйелмен әлем әдемі» атты  кітабының тұсаукесері өтті.  Кітап атауының өзі айтып тұрғандай,   бұл кітаптың  кейіпкерлерінің басым бөлігі әйелдер. Әйелдер болғанда қандай әйелдер десеңізші, қоғамда өзіндік орындары бар, отбасымен қатар мем­лекеттің де, елдің де шаруасын қатар алып жүрген,  ұлтымыздың ұлы тұлғаларына аяулы жар, ақылшы, әрбір қадамдарының  бағдаршамындай  бола білген отбасы мен қоғамның қайраткер әйелдері, еліміздің мәдениеті мен өнеріне үлес қосып жүрген шығар­машылық саланың иегерлері мен алтын құрсақты құрметті аналарымыз.

 Таңсұлу Алдаберген­қы­зының бұл кітабына енген сұхбаттарды оқи отырып,  нәзік  жанды деп аталатын әйел затының  шын мәнінде қырық жаны барына, олар­дың шыдамды­лығы мен тө­зімділігіне, ақыл-пара­сат­тарына тағы бір тәнті боласың, тағы да әйелдің бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербете алатын қайсар мінезіне  басыңды иесің. Кітаптың алғы сөзін жазған  белгілі жазушы, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Бексұлтан Нұр­жекеұлының сөзімен айтсақ, «Әйел­мен әлем әде­мі» кітабын оқыған оқырман  ұлты­мыздың зиялы­ларының ауылын аралап, отбасының тыныс-тіршілігімен танысып, олар­дың жан сырын  журна­листпен бірге ақтарып шы­ғары сөзсіз. Оны Бек­сұлтан Нұржекеұлы әдемі әдіптеп, атақты адамдардың ауылы мен отбасын аралап қайта­тын игі сапарға балап,  елді, ерді құрметтеу, ел мен ерге мекен болған туған жерді қастерлеу, ер мен жерге ие болатын ер-азаматты дү­ниеге әкелген аналарды  сыйлау Таңсұлу шығарма­ларының алтын өзегі депті  Таң­сұлудың әйел әлеміне  жоғары баға берген жазушы ағамыз. Бұл Таңсұлу Алда­бергенқызының әйел  тақы­рыбына арнаған екінші кітабы. Оның бірінші кітабы Мемлекеттік тапсырыс ар­қылы   «Әйел әлемі» атты ат­пен 2016 жылы жарық көр­ген болатын. Ал бұл кітап сол  әйел әлемінің жалғасы  десек те бо­ла­ды.  Кітаптағы қай сұхбатты оқыса­ңыз да, жаныңыз сүйсініп,  әйелдер­ге деген құрметіңіз арта тү­седі. «Жары жақсының жа­ны жақсы» деген бө­лімдегі сұхбаттарда журналист  бел­гілі тұлғалардың, ақын-жазушы­лардың, суретші­лердің, сазгерлер мен ғалым­дардың жар­ларымен сыр бөліседі.   Халық әртісі, Мем­лекеттік сыйлықтың лау­реаты Фарида Шә­ріповамен, театр өнерінің ғана емес, қазақтың ғасыр жасаған қайраткер анасы Хабиба Елебе­ковамен, Серке Қожам­құловтың қызы Рената Қожам­құловамен, Қазақ­станның халық жазушысы, соғыс ардагері Әбу Сәр­сенбаевтың қызы  Райхан Әбу­қызымен,  Қырғыз­стан­ның ел әртісі Саламат Садықова және басқа да көптеген белгілі тұлғала­рымыздың жар­ларымен, ұрпақтары­мен жүр­гізген сұх­баттары арқылы ақын­дарымыз бен өнер адам­дарының өнер жолымен бірге өмір жол­дарымен,  шығармашы­лықтан тыс өмір-тіршіліктерімен, бізге бей­мәлім тағдыр­ларымен таныс бола ала­сыздар. Ал  журна­листің суретте­мелері мен портреттік шығарма­лары да  әр салада жүрген әйел затының  өмірін баян етеді. Таңсұлу әйелмен  әлем әдемі дей оты­рып, әйел  әлемінің ер-азамат­тарсыз сәні бол­майтындығын  да ескеріпті. Оған кітабының   екінші бөліміндегі   қазақ өнерінің туын жо­ғары ұстап жүрген Қайрат Байбо­сынов, күй желеңі атанған  марқұм Рахым Тәжібаев және  балалар жазушысы Сан­сызбай Сар­ғасқаев, әнші Тоқтар Серіков туралы жазыл­ған «Өнерім – өмірім» бөлі­міндегі дүниелері куә бола алады. Қазір қоғам­да орын алып жатқан қыз-келіншектер тағдырын­дағы, жалпы  өмірде жиі кезде­сетін келеңсіз, қайғылы оқиға­лар­ды да журналист тек әйел жүрегімен, аналық  сезі­мімен, жан айқайымен жаза отырып, оқырман­дарын  ұлты­мыздың ұятына кір келті­ретін келеңсіз­діктерге қарсы бірлесе кү­ресуге, ұлымызды ұла­ғатты, қызы­мызды қылықты етіп тәрбиелеуге үндейді.  Ана мен әкені, бауырды құр­меттеу мен олардың рухын  қадірлеуді де  қаламгер  қала­мымен емес, жүректегі сағыныштың сары бояуымен әдемі жеткізе білген. Оны  автор кітаптың «Тәрбие деген тәңір бар» деген бөліміне топтастыра білген.  Кітаптың   тұсау­кесері де әйелдер әлемі ортасында өтті. Оған осы кітапқа енген сұхбаттың кейіпкерлері,  Мағира Қо­жах­метова, Кәмила Құда­баева сынды  әйел жазу­­шылар, журналист қыз-келін­шектер мен  Бағдат Сәмеди­нова, Сәуле Жан­­пейісова, семейлік ән ақ Бая­ны – Баян Сағымбаева  сынды   өнер ие­лері қатысты. «Әйел­мен әлем  әдемі» кітабының тұсауын   қазақ ра­диосының сандуғашы атанған   дик­тор  Сауық Жақанова,  жазушы Кәмила Құдабаева, «Егемен Қазақ­стан» газетінің ардагер жур­налисі Гүлзейнеп Сәдірқызы және  «Айқын» газетінің журналисі Гүлзина Бекта­сова  кесті. Қазақ қос  тойың қатар  болсын демейтін бе еді, осы салта­натты жиында Таңсұлу  Алдабер­генқызы  басқаратын  «Тұл­ға-тағдыр» ЖШС-нің де тұсауы кесілді.  «Тұлға-тағдыр» ЖШС  бас­шысы  Таң­сұлудың айтуын­ша, ол бола­шақта қазақтың танымал тұлғаларының өмірін зерделемек. Журна­лист сонымен қатар, өмірдегі ең басты жантанушы – ене және  оның өмір­бойғы  зерттейтін ныса­насы – келін­дерге арналған журнал шығару ойында барын жасырмады. Оның бұл ойын тұсаукесерге қатысқан қыз-келіншектер бірауыз­дан қолдап, тіпті журналист-жазушы қыз-келіншектер клубын құру жөніндегі ойларын ортаға салды. Бұл ұсынысты біз де қолдадық. Әйелдің жанын әйелдей ешкім түсіне алмас, сон­дықтан  жақсы бастаманы қолға алып, әйелдің әлемін әрлендіре түсуге ұмтылып отырған әріп­тесімізге  тек сәттілік тілейміз. Ал кешті жүргізіп, оның шырайын келтірген «сегіз қырлы, бір сырлы» танымал радио журналист Гүлмира Нәлі­байға кешке қатысу­шылар дән риза болды.

 

Кәмила ҚҰДАБАЕВА,

жазушы:

 

СҰХБАТ АЛУ ҮШІН   ЖУРНАЛИСТ ЖАН-ЖАҚТЫ БОЛУЫ КЕРЕК

 

Өзім де жазушылыққа журналис­тика арқылы келгендіктен, Таң­сұлу Алдабергенқызының бұл кітабын қызыға  оқып шықтым.  Жалықтыр­майды. Сұхбаттарының айтар ойы, тағылымы зор. Әңгіме­лесіп отырған ада­мының жан-дүниесін оқи біледі. Ал бұл деген сұхбат жанрын аша түсетін ең басты шеберлік. Сұрақ қойып,  әңгі­мелесіп отырған адамның жан сырын ашу үшін өзің де көп дүниеден хабардар болуың керек. Таңсұлуда осы қабілет басым. 

Бағдат СӘМЕДИНОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі,  

«Құрмет» орденінің иегері:

 

ТАҢСҰЛУМЕН ӘҢГІМЕЛЕСКЕН АДАМ ОҒАН ҚАЛАЙ СЫРЫН АҚТАРЫП ҚОЙҒАНЫН ӨЗІ ДЕ АҢҒАРМАЙ ҚАЛАДЫ

 

Шүкір, өнерде жүрген соң талай журналистермен жүздестік қой, бірақ дәл Таңсұлу сияқты жансырымды ақтарып шыққан журналисті кезік­тірген емеспін. Мүмкін, бұл  оның  өзіне ғана  тән  мінезінен болар,  әлде шебер­лігінен бе, білмеймін, әйтеуір өзім Таңсұлумен әлі күнге дейін сырласқым келіп тұрады. Бүгінде мен оның ке­йіпкері  ғана емес, ең жақын құрбысы­мын. Шын мәнінде әйелмен мына әлем әдемі ғой, сол әлемнің  сырын аша білген Таңсұлуға тек  сәттілік серік бо­лып,  дәл осы күні тұсауын кесіп отыр­ған «Тұлға-тағдыр» ЖШС-ның өмір жасы ұзақ болсын деймін.  Әр адам өзінше бір тағдыр иесі ғой.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *