Әз-Наурыз Абай ауылында

Әсел ДАҒЖАН

 

М.Горький атындағы мәдениет және демалыс саябағының аума­ғында орналасқан «Спартак» стадионы сенбі күні он бес шақты ақ шаңқан киіз үйлерімен көшіп келген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситетінің «Абай ауылын» күтіп алды.

Түйе жануары бастаған қазақтың көшін бұл заманның ұрпақтары теледидардан, тарихи фильмдерден ғана көретініміз шындық. Дегенмен, көшпенділердің ұрпағы екеніміз қанымызда бар, түйе бастаған көш көрінісі, Қыдыр атаның батасы, аластау, шашу көріністері бізді ғана емес, саябақ ішінде қыдырып жүрген қала қонақтарын да бірден баурап алды. Жағалай тігілген «С.Асфендияров ауылы», «С.Сей­фулин ауылы», «О.Жәутіков ауылы», «Шоқан ауылы» деп ат берілген киіз үйлерді аралап, қазақтың кең даласындағы көшпелі өмірдің сән-салтанаты өте берекелі болғанына тағы көз жеткіздік.

Кез-келген мәдени шара, мере­ке­нің ресми ашылуынсыз, құт­тық­­тау­ларсыз өтпейтіні мәлім. Бүгінде 7 мың­нан астам студент білім алып жатқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­вер­­ситетінің «Әз Наурыз – Абай ауы­­лында» думанды мерекесі де уни­­верситет ректоры, профессор Т.Балықбаевтың құттықтауымен басталды.

– Қазақстанның жоғары білімінің бастауы болған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситеті биылғы Наурызды ерекше сезіммен қарсы алып отыр. Биыл университетке, демек Қазақстанның жоғары біліміне 90 жыл болады. Ең үлкен жетістік ретінде біздің университет 2017 жылы әлемнің үздік 500 уни­верситеттерінің  қатарына және QS World Unіversіty Rankіng рейтин­гісіне енгенін атап кетуге болады, – деген Т.Балықбаев университетті «Цифрлық универ­ситетке» айнал­дыру үшін атқары­лып жатқан шараларды атап өтті.

Жылдағы дәстүрімен сәуір айының ортасында Наурызды думандатып қарсы алған  универ­ситет ұжымы бұл күні бізге ғана емес, саябақта отбасымен қыдырып жүрген алматылықтар  мен қала қонақтарына да көшпелі өмірден бір үзік көріністі тамаша көрсете алды. Өйткені, әрбір ауыл қазақтың құдалық, неке қию, келін шай сынды салт-дәстүрлерін көр­сетіп, бұқа тартыс, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойын түрлерінен жарыс ұйымдастырды. Тіпті, мини-фут­болдан жолдастық турнир өткізіп, дәстүрлі әншілер мен «Ақ әжелер» ансамблі ұлттық мере­кенің көркін қыздырды.

Бәрін айт та, бірін айт, түтіні будақтап, алыста қалған ауылды еске түсіретін қазан-ошақта піскен ас пен бауырсақтан, наурыз кө­жеден дәм татқан Абай ауылының қонақтары  мен алтыбақан теуіп, ұлттық ойын түрлерінен жарыс­тарды тамашалаған  балалар  та­маша мерекелік  шаттық пен  көңіл-күйге бөленді.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close