Үш жүз мыңнан астам жәдігер сақталған

 

Әуезов театрының музейі 1968 жылы ашылды. Сол жылдары Қапан Бадыров, Нұрмұхан Жантөрин, Сәбира Майқанова, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев, Әубәкір Рахимов бастаған аға-апаларымыз бар күшін салып, жәдігерлердің жинақталуына, көбеюіне, олардың хроноло­гиялық тәртіппен реттелуіне зор үлес қосқан. Бүгінде театр музейінен 92 жылдық тарихы бар қара  шаңырақтың өнер белес­тері­мен кезең-кезеңімен танысуға болады. 

Елімізге белгілі өнер тұлғаларының майлы бояумен салынған 30-дан астам портреті қаз-қатар тізіліп, ілініп тұр. Актерлердің әр жылдары, әр  түрлі қойы­лымдарда киген костюмдері баға жетпес байлығымыз. Музей жұмыс істегелі бергі зерлі, асыл матадан тігілген киім үлгілері бар. Әр спектакльден түсірілген фотолар­дың қоры да мол. Белгілі актерлердің өзі тұтынған заттары, әшекей бұйымдары, кейбір күнделіктері мен қолжазбалары, тілектері де  табылады.

Музейдегі ең құнды дүниелердің қа­тарына қойылымдардың афишаларын жатқызуға болады. Мысалы, 1926 жылы 13 қаң­тарда Қызылордада қойылған ең алғашқы қойылым – Қошке Кемең­герұлының «Алтын сақа» пьесасының «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған афишасының көшірмесі бар. Осы құнды дерек қазақ театрының тарихын терең зерделеудің негізі бола алады. Бұдан кейінгі жылдардағы афишалар арқылы қазақ театрының тақырыптық, мазмұндық ерекшеліктерін байқаймыз.

Суреттердің қорын бірер сөзбен сөйлету өте қиын. Мысалы, осы күндері Ұлы Отан соғысына қатысып, қайта оралмаған актерлерді көп жұрт біле бермейді. Мұражайдың бір бұрышына сол боздақтардың суреттері қойылған. Театр тарихын терең зерделегісі келетін жастар болса, ұмытылуға айналған сол есімдер туралы мақалалар жазуына, зерттеу жүргізуіне болады.

Әуезов театрына қойылым көруге келетін көрермендердің кемінде тең жартысы бізге арнайы аялдап, театрдың тарихымен, бүгі­німен танысады. Сондықтан біз көрерменнің өнер шаңы­рағындағы уақытын оңтайлы пайдалануы үшін белсене қызмет етуден ешқашан жалықпаймыз.

 

 Наргиз ТАМАБЕКҚЫЗЫ,

  М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық

драма театры музейінің жетекшісі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *