Қызғалдақ пен бәйшешектен айырылып қалмасақ игі

Құттыбек АЙМАХАН

 

Әлі есімде, бала кезде көктем шыға бірге оқитын ұл-қыздар жиылып алып, ауыл сыртына шығатынбыз да қырдың қызыл гүлі – қызғалдақ тергенді сондай жақсы көретінбіз. Өйткені, көк­темде қып-қызыл қызғалдақтар ерекше құлпырып, ауыл маңын кереметтей сәнге бөлеп, көркейтіп жіберетін. Ондайда еңсеміз көтеріліп, қуанышымыз қойны­мызға сыймай, шаттана мәз бола­тынбыз. Осыдан екі-үш жыл бұрын көктемде ауылға бір бар­ғанда, туған жерден осы сұлу­лықты байқай алмай, біртүрлі еңсем түсіп қайтқандай болып еді…

Міне, дәп осындай жағдайды көктемі гүлге малынып жататын Алматы маңынан да көремін деп кім ойлаған?! Өйткені, бұдан төрт-бес жыл бұрын қызыл гүлге малынған қала айналасына «көк­ке шығып», қып-қызыл қызғал­дақтар ішінде керемет демалып қайтқанымыз есімнен кетпейді. Жақында, әйелдер мерекесінен кейін сол жерге тағы бардық. Әне қызық, баяғы сұлулықтың бірі де жоқ. Тіпті, біздің көңілімізді құлпыртқан қызғалдақтар да қатты сиреп кеткен. Оны айта­сыз-ау, ерте көктемнің алғашқы белгісі – бәйшешектердің өзі көзімізге көп түспеді.

Мұның себебін қалаға кір­генде бір-ақ байқадық. Олай дейтінім, әйелдер мерекесінде қаладағы екі-үш жерден ғана тамырларымен, яғни баданағымен бірге сатылып жатқан қызғал­дақтарды көріп, өз көзімізге сенбедік. Тіпті, бұл әрекет өткен жылғыдан да зорайып кеткендей көрінді. Осыған орай, көктем мерекесі кезінде экологтардың көктемнің алғашқы күндерімен бірге шығатын қызғалдақтар мен бәйшешектерді жұлмауға, сатып алмауға шақырған ескертуін жиі естідік. Бұл ретте олар «Өкінішке қарай, Қазақстанның Қызыл кітабына енген қызғалдақтарды адамдар аяусыз жұлып, сатып жатыр. Егер гүлдер баданасыз жұлынып алынса да, мұның өзі гүл тұқымының тарауына қатты кедергі жасайды. Сұлулықпен бөлісудің ең тиімді жолы – оларды суретке, бейнеге түсіріп алу» дейді.

Әрине, тамырымен қопары­лып алынған жерге қайта қыз­ғалдақ шықпайтыны белгілі ғой. Тіпті, қызғалдақ пен бәйшешекті жұлып алғандарға 3 АЕК, яғни 7 215 теңге айыппұл (1 АЕК – 2 405 теңге) салынатыны немесе 3 жылға бас бостандығынан айыру жаза­сына кесілетіні де сирек кездесетін әдемі гүлдерді құтқара алмаса керек…

Қысқасы, қырдың қызыл гүлі – қызғалдақты сақтаудың бірден-бір жолы – елімізде осы гүлдерді өсіретін жылыжайларды көптеп салу қажет деп білеміз. Өйткені, жерінде қызғалдақтар көп өспей­тін ана Голландия елі осы гүлдерді сатумен-ақ байып, әлемді жаулап алып отырған жоқ па?!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *