Қамқоршылық кеңесі басқосу өткізді

 

Махатма Ганди атындығы №92 ма­мандандырылған лицейінде  «Қам­қоршылық кеңесінің» кеңей­тілген отырысы болып өтті.  Оған «Қамқор­шылық кеңесінің» құрметті төр­аға­сы Қорғаныс және аэро­ғарыш өнер­кәсібінің министрі  Бейбіт Атам­құлов­ қатысты.

Отырыс алдында кеңес мүшелері лицей зертханаларында жүріп жатқан жобалық зерттеу жұмыстарымен танысты. Қонақ­тарға ерекше  әсер сыйлаған жобалардың бірі лицей оқушыларының Оңтүстік Қазақстан облысына ұйымдасып барып қайтқан экспедициясының нәтижесінде жасалған қазақтың рухани жәдігерлері «Қарашаш ана», «Ибраһим ата», «Арыстан баб», «Қожа Ахмет Яссауи»  кесенелерінің 3D моделі  болды.

Лицейдің «Ұжымдық радиостан­ция­сымен» танысып, жер серіктерін авто­матты түрде анықтап, бақылау жүргізетін спут­никтік антеннаның жұмысын көргенде «Аэроғарыш» комитетінің төрағасы  Еркін Шаймағамбетов: «Мен мектеп қабырға­сынан мұндай кәсіби деңгейі жоғары ғажап жұмыстарды көремін деп тіпті ойла­ма­дым!», – деп таңқалысын жет­кізді. Антрак­тидадан басқа әлемнің барлық аймағымен радиобайланыс орнатып, тікелей эфирге шығып отырған лицейдің жас радио­әуесқойларымен бірге келген қонақтар да басқа әлемге сапар шегіп кеткендей әсер алды.

Лицей қонақтары мен кеңес мүшелерін  таңқалдырған тағы бір жоба – «Ұлттық ойын роботтары» болды.  Лицейдің жас ро­бо­то­техниктері «Теңге ілу», «Арқан тарту», «Көкпар», «Асық ату» секілді қазақтың ұлттық спорт ойындарын роботтарға ойнатып жатқандарын іс жүзінде көрсетті. Қонақтардың бәрі ұлттық ойын робот­тарының жарысын көруге қызығушылық танытып, қашан, қалай  және қай жерде өтетіні жайлы  сұрақтар қойып жатты. Жас робототехниктер де осы жылы мектеп базасында алғашқы жарыстарын өткізе­тіндері туралы жарыса жауап берді.

5-6  сынып оқушылары  келген қонақ­тарға өздерінің тың технология – крио жолымен бие сүтінен балмұздақ жасау жобасымен таныстырып, әп-сәтте-ақ бал­мұздақты дайындап, алдарына тарт­қанда таңдай қақпаған жан болмады. Тіпті, «Аэ­ро­ғарыш» комитетінің төр­ағасы: «Мынау нағыз ғарыш балмұздағы ғой!», – деп бал­мұздаққа жаңа атау берді. Эконо­микалық жағынан тиімді және денсау­лыққа да пайдасы мол бұл бал­мұздақтан барлық келген қонақтар дәм татты. Бал­мұздақтан дәм татқандар бұл балмұздақтың басқаға ұқсамайтын ерекше дәміне тәнті болып, оқушылардың бола­шағынан зор үміт күтетіндерін жеткізді. Осылайша Махатма Ганди атындығы №92 маман­дандырылған лицейінің  дарынды балалары тек білімде ғана емес, сонымен қатар заманауи техно­логиялардан да алдарына жан салмай­тындықтарын тағы да бір дәлелдеді.

Лицей оқушыларының талаптарына тәнті болған қонақтар оқушылардың болашақтағы ғылым жолына табыс тілеп, «Қамқоршылық кеңесінің» кеңейтілген отырысының негізгі кезеңін бастап кетті. Лицей басшысы Ерұлан  Жиен­баев осы уақытқа дейін мектепте атқарылып жатқан жұмыстар жайлы есеп беріп, алдағы уақыт еншісіндегі «Ұлттық инновациялық мектеп моделін» құру стратегиялық жоспарымен таныстырды.

Кеңес мүшелерінің барлығы қолдап, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Кеңес төрағасы Еркін Мұстафаұлы жоспарға талдау жасап, жоспардың орындалу мерзімдері мен мүмкіндіктерін нақтылап, толықтырулар мен өзгертулер енгізу үшін жұмыс тобын құру қажеттілігін айтты. «Аэроғарыш» комитетінің лицейді қамқоршылығына алып, жасалып жатқан жобаларға қолдау көрсететінін де ескертті.

Кеңес отырысынан кейін Еркін Мұста­фаұлы лицей оқушыларымен кездесіп, құттықтау сөз айтты. Лицейге өз атынан екі теннис столын сыйға тартып, оқушыларға сәттілік тіледі. Фесенков атындағы Астро­физикалық институт директоры, РһD док­торы  Бибосынов Асылған мырза оқушы­ларға «Қазақстандағы ғарыштық ғылыми зерттеулер мен технологиялардың дамуы» атты  дәрісін оқыды.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *