Қайран, Қожықов! 

Ол соғысқа 18 жасында аттанды. Бұл бәрімізге сол кездегі ортақ Отан үшін күрес еді. Оны бірнеше жылдар өткен соң бұдан да зор ұлт үшін күрес күтіп тұрған еді. Бұл жөнінде сәл кейінірек.

Ол даңқты 8-ші гвардияның Панфилов дивизиясының құрамында Мәскеуден Балтық теңізіне дейінгі аралықта майдан жолынан өтті. Қатардағы сарбаздан гвардия капитанына дейін өсті. Ол Латиф Қожықовтар  әулетінің ең кенжесі еді. Жеңіс туы желбірегенде жүрегі атқақтаған оның «Аяулы апа! Біз жеңдік. Сене алар емеспіз. Соғысқа нүкте қойылды. Ең бастысы, біздің сеніміміз бізді жеңіске жеткізді. Бұйыртса, таяуда елде боламын. Қатты қысып сүйдім» деп елге сәлем хат жолдағаны бар.

 

Жібектің далаға лақтырғаны таза күмістер еді

 

Алайда, ол ешқашан «Мен соғыстым. Осынша марапат, атақ алдым» деп кеуде қағып мақтанбайтын.

Тіпті, соғыстың болғанын да ұмытып кететін. Оның мінезі тік, бірбеткей еді. Әділетсіздік атау­лыға жаны шыдамайтын.

Оның осы мінезін «Қыз Жібек» фильмінде режиссердің ассистенті болған Болат Шәріп былай тап басып танып айтып еді. «Никита Михалков айтқан­дай, «режиссура ең алдымен мінез, шығармашылық жөнінде сосын айтуға болады».

Қазақ руханияты тарихында «Қыз Жібек» көркем фильмінің алатын орны жөнінде айтсаңыз, әңгіменің ұшы-қиырына жетпес едіңіз. Мұндай ғажайып ғасырда бір туар, не тумас. «Қыз Жібек» фильмі түсіріледі дегеннен ел елеңдескен. Алайда, халықтың соншалықты биік құрметіне бөленген осынау ұлттық клас­сиканы түсірудің қанша­лықты бейнетке түскенін де біреу білсе, біреу білмес, әрине.

«Қыз Жібектің» дүние есігі тарихын ашуы қысқаша айт­қанда былай.

Сол кездегі «Қазақфильм­нің» директоры, қазақ мәдение­тінің, оның ішінде киноның дамуына зор өлшеусіз үлес қос­қан Камал Смайылов Мәскеуге үш сценарий апарған. Оның біреуін жаратпаған. Бұл жарат­паудың соңы «Қазақфильмнің» бір жылдық бюджетін жұтатып кетіп еді. Бұл ретте Ғабит Мүсі­реповтің кино сценарийі «Гәк­ку» жөнінде әңгімелеген дұрыс.

Жібек пен Төлеген махаб­батының тарихын фильмге түсіру ә дегеннен халық қол­дауына ие болды. Оны мынадай бір ғана мысалмен дәлелдеуге болады. Фильм түсірілетін жерде ауыл адамдары үйлерін­дегі ертеден қалған бар жәдігер, асыл заттарын толассыз алып келіп жатты. Естеріңізде болса, фильмде ат үстінде қуаныштан жүзі қанкөбелек ойнап келе жататын Жібек қолындағы, мойнындағы, білегіндегі сәнді бұйымдарын лақтыратыны бар еді ғой. Бұл заттар жай жыл­тырақ (бута­фория) емес, шын мәніндегі күмістен жасалған әшекейлер еді. Сондай-ақ, әркім де білетін мына бір оқиға да керемет емес пе? Зообақтан ақ­қу­ларды алып келгенде оларды суға жіберіп, билету қиынға түседі. Оның орнын қазбен ауыстыруды да ойлайды. Ақыр соңында Н.Тілендиевтің «Аққу» күйі орындалғанда аққулардың таранып, билей жөнелгені, біртіндеп жағаға жақындағаны бар.

Кино тобының жұмысы таңғы сағат алтыда басталып, түннің біруағына дейін созы­латын. Алқызыл гүлдер, ға­жайып табиғат аясында кино­экспедиция мүшелері күніне 30-40 шақырым жаяу жүріп отыр­ған. Лагерьге түнгі он екіде оралысымен, келесі күннің сюжеті, түсірілімі туралы әңгіме қайта басталады. Қожықовтың қаталдығы мен талапшылдығы туралы аңызға бергісіз әңгіме­нің де тарайтыны осы кез. Тіпті, кейбіреулер ең жүйрік, асау атқа Сұлтан деген атау беріпті. Қыс­қасы, фильм түсірілмей жатып, ол жөніндегі әңгіме аңыздай тарады. Бір серияға бөлінген 850 мың рубльдің орнына 650 мың рубль бөлініп қысым көрсетілді. Ғабит Мү­сіре­пов сценарийді қысқар­тудан бас тартты, ал Қожықов кадрларды ықшамдап, басқаша импровизацияға көшті.

 

20 рет сөгіс беріліпті

 

Бұл әңгіме Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комите­тінің бірінші хатшысы Қонаевқа жетісімен жедел тапсырма беріліп, киностудия директоры Камал Смайылов қуана-қуана тағы да қосымша 250 мың рубль бөлді. Дейтұрғанмен, үлкен форматты екі сериялы фильмді аяқтау үшін бұл қаражат та жеткіліксіз еді. Ақыр соңында пленканы үнемдеуге тура келді. Фильмді түсіру барысында Қожықовқа 20 рет сөгіс беріліп­ті. «Қазақфильмнің» әр­бір жиы­ны «Қыз Жібекпен» басталып, «Қыз Жібекпен» аяқталды. Уақыт өтіп барады, кешігу, плен­калар шығыны шаш-етектен кетіп жатыр, т.б. Бүгінгі күннің тілімен айтсақ, осының бәрін продюсердің ерлігіне балаушы едік. Ал ол тұста ұлт­тық дүние жасау ине­нің үстінде отырған­мен бірдей еді. Алайда, сол кездің өзінде Сұлтекең Төлеген­нің эпикалық кейіпкер екеніне қарамастан шашының қысқа емес, қайта ұзынырақ болуын қалаған. Өйт­кені, ре­жиссер сон­дай кескінде кейіп­кердің жастар аудитория­сына жақын­дай түсе­тінін ойла­ған және ол ойы дұ­рыс шықты. «Қыз Жібек» бюд­жетке екі есе пайда түсірді. Ха­лық оны тік тұрып қабылдады.

«Қыз Жібек» түсіріліп біт­кеннен кейін Қожықов күйзеліс күйін кешті. Небәрі 46 жастағы режиссердің шашы бурыл тар­тып, 10 жасқа қартайып кетті. Фильмді монтаждау кезінде инфаркт алды.

Фильмді көркемдік кеңес қабылдар кезінде зал кісіге лық толды. Алғашқы болып сцена­рий авторы Ғабит Мүсірепов сөз алды. Фильмді түсіруге дейін режиссер мен сценарийші ара­сында қатаң әңгіме болған еді. Осының бәрін еске ала келе классик қаламгер «естеріңізде болар, мен кезінде фильмді тәуір дегеннің өзінде қолдамаң­дар дегенмін. Ал енді бүгін Қожықовтың ғажайып фильм түсіргеніне көзім жетіп отыр» деді. Фильмде режис­сердің ассистенті болумен қатар, стенографист қызметін атқарған Болат Шәріпов жазушының осы сөзін қаттап жазып қойыпты.

«Қыз Жібектің» даңқы алыс­қа кетті. Оны көптеген елдер сатып алды.

Жібектің анасын сомдап, фильмнің суретшісі болған Гүлфайруз Ысмайылова сол күндерді былайша еске алады.

– Бельгия кино институ­тында «Қыз Жібектің» көр­сетілімі болды. Кинодан соң олардың түр-түсі біртүрлі қашып кеткендей көрінді. Асанәлі екеуміз қатты толқы­дық. Ол маған жалтақтап қарай берді. Мен «масқара болдық-ау» деп ойлағанымша болған жоқ, сәл паузадан соң барып зал толы көрерменнің қошеметі залды жарып жібере жаздады.

 

Ай сайынғы табысы 40 рубль ғана болды

 

Міне, елді осындай қоше­метке бөлеген фильм режиссер тағдырын басқа арнаға бұрып жібереді деп кім ойлаған. Ол бұдан кейін 15 жыл бойына мұн­дай форматтағы фильм түсірген жоқ. Бірде дыбыс режиссері Қадыржан Қосайға «менің ай сайынғы табысым 40 рубль ғана» деп мұңын шағып­ты.

«Оның үстінде бір дұрыс костю­мі де болған жоқ. Мемле­кеттік сыйлықты тапсыру ке­зінде ескілеу костюммен кел­ді», – дейді Қадыржан Қосаев.

Осынау мәртебелі сыйлықты ол да, отбасы да қажетіне жарата алмады. Керісінше, фильмге кеткен пленканың шығынын толтыруға жұмсалған. Жұмыс­сыз жүрген күндері жазған сценарийлер «Қазақфильмнің» тақырыптық жоспарларына енбеген. Бұл мәселеге біржақты жауап беруге де болмайды. Бәлкім, «ой, оны қайтесіңдер, ол эпикалық фильмнің режиссері ғой» деген жауаптар да берілген болуы мүмкін. Ал эпикалық фильмдерге қазіргідей ол кезде де аз ақша жұмсалмайтын. Сондай-ақ, оның тік мінезі де көп адамға, әсіресе басшыларға ұнай қоймайтын.

Сұлтан Қожықовтың соңғы жұмысы әйгілі палуандар Қ.Мұңайтпасов пен И.Поддуб­ный туралы еді. Әу баста сериал етіп жасалмақшы болған бұл туындының тағдыры да тығы­рыққа тіреліп, жолы қиын болды. Қажымұқан рөліне алынған Ә.Бекболатов пен Д.Золотухинді (И.Поддубный) олимпиада мектебіне француз күресін үйренуге жібереді. Алайда, оны ақшаны орынсыз пайдаланып жатыр деген желеу­мен тағы да «Қыз Жібектегідей» әңгіме өрбіткісі келгендер болды. Десек те, ол бұл фильмде өзінің ойға алған мақсатын жүзеге асыра алмады. Дұрысы, жүзеге асыртпады. Оның мақ­саты – Қажымұқанның әлем алдындағы ұмытылмас сом бей­несін жасау еді. «Қыз Жібектей» фильм түсірген даңқты режис­сердің атына бұл оңай соқпады. Ол сол биіктен түспеуді ойлады. Бірақ жүйе оның даңқын бүркей алмаса да, биігінен құлата ал­маса да өз деңгейін білетін оған бұл фильмде одан да жоғары биікке шығу керек еді. Бірақ оған жол берілмеді. Әрине, жүрек­ке салмақ түсті.

1988 жылдың 10 наурызында сұрапыл суреткер Сұлтан Қо­жы­қов 65 жасқа толды. Ертесіне өмірден озды.

Биыл 95 жасқа толатын бір­туар режиссердің әп-сәтте сылып тастайтын соқырішектен өмірден озғанын еске алсақ, өзегің өртенеді. Оның үстіне, жедел жәрдем қызмет көрсету­ден бас тартқан дейді. Кім білсін?! Ол да мүмкін ғой.

Р.S. Қазақтың бүткіл шығармашылық элитасын жұмылдырып, «Қыз Жібектей» фильм түсірген адамға да жер басып жүру оңайға соқпаған болар. Дейтұрғанмен де, қолда барда қадірін білмегеніміз де рас. Бірақ бұның бәрі адами өкініш болғанымен, ұлт үшін еш өкінбейсіз. Өйткені, «Қыз Жібек» қалды, Қожықов қалды ғой. Алтын­нан ескерткіш қоятын адамның бірі осы ғой. Ал қазіргі күні біз «Қыз Жібекті» түсіре алар ма едік. Міне, мәселе қайда жатыр? Атыс-шабыс, қан жоса триллер, экшн көріп отырмасымызға кім кепіл?!

 

Қ.ИМАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *