Қазақтың тәуелсіздігіне мәңгілік тілеген Жағда Бабалықұлы

Нұрсұлтан Назарбаев:

Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.

Біріншісі — Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін  ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.

 

 

Үржардан шыққан ата-анасы ертеректе Қытайға өтіп, Кеңесөкіме­тімен құрдас  Жағда 1917 жылы 21 қара­шада Шығыс Түркістанның (Шың­жаң) Тарбағатай аймағы,  Құжыртай ауылын­да дүниеге келеді. Ол 1934 жылы сол Қытайда 4 сыныптық қазақ мектебінің бірден 2-сыныбына қабылданып, 1937–1940 жылдары Тарбағатай аймағының Шәуешек қаласындағы бастауыш мектепте білім алады. Сосын 1940–1943 жылдары осындағы гимназияда оқып, 1940 жылы қазақ жастарының басын қосып, астыртын ұйым құрады. Ал 1943–1947 жылдары Үрімшідегі жоғары оқу орнында оқып жүргенде осы әре­кеті үшін тұтқындалып, түрмеге қама­лады. Қытай коммунистік партиясы билікке келген соң, Жағда Бабалықұлы түрмеден шығып, Шыңжаң­дағы ұлт-азаттық армия сотының орынбасары болады. Сосын 1952–1955  жылдары Тарбағатай ауданының басшысы және Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы (ШҰАА) Саяси заң басқармасын басқарып, 1956–1958 жылдары Қазақ автономиясы облысының басшысы болып жүргенде, «сен ұлтшылсың» деп төртінші рет соттап, еңбекпен түзеу колониясына айдалады. Одан 1961 жылы шығады. Тәуелсіз Шығыс Түркістан елін құрамыз деп 23 рет ұрысқа түседі. Сөйтіп, подпол­ковник Жағда  1961 жылы  Қазақстанға өтеді.

Алматыда Жағда Бабалықұлын «автономиялық облысты басқарыпсың» деп ешкім құшақ жайып қарсы ала қоймайды. Одан қалды бұл жақта орыс тілінің заманы жүріп тұрған кез. Оны білмесең нан тауып жеуің де қиын еді. Қытайда төте жазумен білім алған бұған жұмыс табылмайды. Бала-шағаны бағу үшін қара жұмыс істеуге тура келеді. Тек бірер жылдан соң орыс тілінде жазуды үйренген соң «Мәде­ниет және тұрмыс» журналына қызметке орнала­сып, осында зейнетке шыққанша жұмыс істейді.

Дегенмен, Жағда Бабалықұлына екі ел де сенімсіздікпен қарады. Қытайда «сен Кеңес өкіметімен байланыстасың» десе, бұл жақта «Қытай тыңшысы» деп сезіктенді. Осылай тұрмыс тауқыметін тартып жүрсе де мойымаған ақсақал Қазақстандағы қоғамдық-саяси оқиға­лар­ға белсене қатысып, жүрген жерінде ұлттық құнды­лық­тарды жинауын тоқ­татпайды. Әрі ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрыптарды жарыққа шығаруға тырысады. Әсіресе, 1988 жылы Нау­рызды қалпына келтіру кезінде Жағда қария белсенділік танытады. Кейбі­реулер «Наурыз — діни мейрам, тойлау­дың керегі жоқ» десе, енді біреулер «Ол Ираннан шыққан» деп  қазаққа жолат­пауға тырысты. Содан Жағда Баба­лық­ұлы 1988 жылы алғаш рет Наурызды тойлау ту­ралы Ал­ма­ты қа­ла­лық пар­тия коми­тетінің үгіт-на­сихат бө­лі­міне ұсы­ны­сын береді. Онда  «Наурыз – дін емес. Наурыз – саяси мазмұнға жат­пайды. Нау – жаңа, рыз – күн. Жаңа күн, Жаңа жыл, Жыл басы деген сөз. Бұл мейрамды көптеген елдер, ұлттар өткізеді. Ал бізде соңғы 70 жылда негіз­сіз тоқтатылды. Сондықтан Наурызды қайта қал­пына келтіру үшін тойлауды заңдас­тыру қажет. Егер ондай болмаса, бұл тағы да аяқсыз қала­ды» дей келіп, өз ойын ашық білдіреді. Кейіннен осы құжат негізінде «1988 жылы март. «Жерұйық» бір­лес­тігі Наурыз өткі­зуге белсене қатына­сып, теле­ди­дардан беруге ұйға­рыстық. Мен сол күні Нау­рыз туралы сөз сөйледім» деп жазады.

Жағда ақсақал Тәуелсіздікті қатты қуана қарсы алды. Себебі, бұл оның ежелгі арманы еді. Әуелі Қытайдағы «Үш отау» ұйымы – Қытай, Моңғолия және Қазақ­стандағы қазақтардың басын біріктіріп, егеменді ел болу идеясын ұстан­ды. Әрі 1986 жылғы Желтоқсан көте­рілісін қолдауында да осы ой жат­қан еді. Кейін 1991 жылы елімізде  «Рес­публикалық партия» құрылып, Жағда аға Сәбетқазы Ақатаев, Мақаш Тәті­мовпен бірге тең төрағаларының бірі болады. Кейін бұл кісі жиған-терген ұлт­­­­тық құнды­лықтардың біразының басын біріктіріп, «Қырандар» (1980), «Саят» (1981), «Мал ауру­ларының қазақ­­ша атауы» (1986), «Қам­шы керлік» (2009) деген кітаптар шығарды. Деген­мен, талай дүниелері қолжазба ре­тінде қалған. Оларды халық игілігіне айналдыру келешектің жұмысы болып тұр.

 

Сондай-ақ, Жағда Бабалықұлы көзі тірісінде-ақ романдарға прототив болған. Мысалы, Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романының алғашқы нұсқасындағы Жапар дегенмен сомдалса, Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романында да Жәкеңнің бейнесі бар. Ал Қасымхан Бегманов Жағда қариямен сұхбаттасып, «Этнографпен әңгіме» (2010) деген роман-диалогын жарыққа шығарды. Бұл абыз ақсақалдың өз аузы­нан үлгеріп жазып алған өмір-тарих бүкіл қазақтың табысы бол­ды.

 

Бұған дейін мұндай роман-диалог тек Бауыржан Момышұлы туралы  жазған Әзілхан Нұршайықовта ғана болатын. Бұл тәсілдің бір артықшы­лығы – кейіп­кермен тірі кезінде сұхбат­тасып жазы­луы. Сондық­тан бұл қоспасыз тарихи шындық.

Қазақтың тәуелсіздігін жастайынан армандаған Жағда Бабалықұлы Тәуел­сіздік алғанда «Тәуелсіздік көрдім. Мәң­гілік тілеймін!» деп толғанып  еді. Әрі осы сөзді «бейітімнің басына жазып қойыңдар» деп балаларына өсиеттейтін.   Қазақ  халқының Тәуелсіздігіне Мәңгі­лік тілеген Жағда ақсақал 2010 жылы 93 жасында мәңгілік сапарға аттанды. Демек, былтыр қарашада Жағда абыз 100 жасқа толды.

Назрахмет ҚАЛИ,

зейнеткер.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *