Қазақстандық білім елеулі жетістікке қол жеткізді

Дамыған және мықты қоғам­ның тірегі – білім. Сапалы қоғам саналы адамымен, терең білімді, тәрбиелі жастарымен ғана мықты. Қазір техника, ғылым мен иннова­цияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым ізд­еген, жалықпай техника меңгерген озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Білекке емес, білімге сенетін заманда жастары­мыз бәсекеге қабілетті болуы керек. Сонда ғана болашағымыз айқын, алар асуымыз көп болмақ. Бүгінгі жастардың талабы бөлек, талпынысы жақсы. Олар білімсіз болашақтың бұлдыр болатынын жақсы түсінеді, білмекке талпы­нады. Бұл ретте бүгінгі қазақ­стандық университеттердің білім беру сапасы жаһандық білім деңгейінен, оның өзектілігінен кем түспеуі тиіс.

Елбасы Н.Назарбаев «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тілін­дегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылған 18 кітаптың салта­натты тұсау­кесер шарасында: «Бізде 130 университет бар, оларды қыс­қарту керек. Бізге олардың саны емес, сапасы керек. Қазір рейтинг жүр­гі­зіледі. Рейтинг жүргізіле бас­тағанда, ІТ-технологиядан, жаңашылдықтан, техникадан, инженерліктен қалай деген кезде, қазір барлық үлкен универ­ситеттеріміз артта қалды. Жеке­меншік университеттер алға шықты.  Сондықтан уни­вер­ситеттер сақталып қала­мын десе, заманға сай болуы керек. Біз жастарға диплом алу үшін ғана оқымау керектігін айтуы­мыз керек. Өйткені, қазір қал­тасында бірнеше дипломы бар азамат жұмыс таба алмай жүр. Біз білімді ел болуға тырыс­уы­мыз керек, жастары­мызды соған баулуымыз қажет. Біз қияда­ғыны қағып түсіретін қырағы саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, онда көздеген мақсаты­мызға жетеміз, артта қалмаймыз, өтіп бара жатқан елдің шаңын жұтпаймыз»  деп еді.

Бұл жерде Елбасы елдің әр азаматына бірінші кезекте білім қажет және оның  жарқын бола­шағы үшін білім мен ғылымның мәні ерекше екендігін баса ай­тып отыр. Ақпараттық-тех­нология­лық ғасырда білім мен ғылымның жаңалықтары тез дамып, білім беру модельдері ауысып жатқан­да, студенттер мен оқушылар, жалпы еліміздің жастары одан шет қалмау керек.

Менің ойымша, қазақ­стан­дық білім – елеулі жетістікке қол жет­кізді. Жақсы мысал – Nazarbayev Unіversіty-нің бой көтеруі, «Назарбаев зияткерлік мектеп­тері» жүйесінің дамуы. Оған қоса, ағылшын тілінде білім беретін бірнеше жоғары оқу орындары бар. Олар әлемдік стандарттарға сүйене отырып, өз студенттерін тиісті біліммен қамтамасыз етіп отыр. Жалпы, біз дұрыс бағытты ұстанып келеміз. Білімнің бірінші ке­зекте, өзекті болғаны жөн. Жаһандану зама­нында дүние­жүзілік аренада орын алу үшін елдің бәсекелесуге қабілетті адами капиталы, дәлірек айтсақ, білімді де білікті маман­дары болуы керек.

 

Айсұлу ЕРНИЯЗОВА,

G-38 жастар ұйымының көшбасшысы.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *