Тұрғын үй кезегінен 1847 азамат шығарылды

Мәншүк БЕКБОСЫН

Шаһардағы  Өңірлік коммуни­кациялар қызметінде «Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының 2017 жылы атқарған жұмыс нәтижелері және 2018 жылға арналған жоспар­лары» атты тақырыпта баспасөз мәслихаты өтті. Брифингке Тұрғын үй және тұрғын үй инс­пек­циясы басқармасының бас­шысы Әнуар Өскенбаев қатысып, баяндама жасады.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы қалада 5 885 пәтер пайда­лануға беріліпті. Осылайша басқарма тізімінде кезекте тұрғандардың 30 пайы­зының тұрғын үй мәселесі шешілген. Ал үстіміздегі  жылдың 1 наурызына дейінгі мәлімет бойынша кезекте 20 827 адам (2017 жылдың 1 қаңтарында 18 255 болған) тұр.

Жалпы, тұрғын үйді бөлу кезінде ашықтықты, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында бірқатар іс-шара атқарылыпты. Мәселен, пәтер алу үшін кезекке тұру жүйесі толы­ғымен Электрондық үкімет (www.egov.kz) порталына ауыстырылды. Яғни кезекте тұрған кез-келген азамат өзінің реттік нөмірін осы портал арқылы онлайн-тәртібінде көруге мүмкіндігі бар.

–       Баспана кезегінде тұрған азаматтар өзінің жеңілдік санатын растау үшін жыл сайын қайта тіркеуден өтуі қажет. Ол үшін әр адам басқармаға келіп, осы мәселені реттеп отыруға мәжбүр болатын.  Кезекті растау мәселесін біздің қызметкерлер жүзеге асырады. Байқасаңыз, бұл жерде адами фактор орын алады. Осыны болдыр­мас үшін  республика бойынша элек­тронды қайта тіркеу жүйесі іске қосылды. Бұл дегеніміз, үйінен шықпай-ақ өз беттерінше www.egov.kz  порталы арқылы барлық жұмысты тындыра алады, – дейді басқарма басшысы Әнуар Әуезұлы.

Оған қоса тұрғын үйді бөлу туралы шешімдер қабылдаған кезде тәуекелдерді болдырмас үшін толығымен электронды форматта, адами факторлардың қатысуын­сыз болатын тұрғын үйді бөлуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірленді. Бұл жүйе қазір тестілік режимде жұмыс істейді. Осылайша аталған басқарма азаматты кезекке қоюдан бастап пәтер беруге дейінгі барлық жұмысты электронды форматқа ауыстырды. Сонымен қатар, «Коммунал­дық тұрғын үй қорынан тұрақты пайдала­нуында тұрғын үйдің болуы (болмауы) туралы анықтама беру» және «Коммунал­дық тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жеке­шелендіру» сияқты мемлекеттік қызмет түрлері де автоматтандырылды. Бұдан былай бұл қызметтер тек электронды жүйеде жүргізілетін болады.

ПИК қызметі бойынша

Тұрғын үйді бөлуден бөлек басқарма жұмысына ПИК қызметін бақылау кіреді. Алматы қаласының тұрғын үй қоры 824 ПИК қызмет көрсететін 8 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйді қамтиды. Өкініш­тісі, ПИК-тің жұмысына шағым түсіру толас­тар емес. Тек ағымдағы жылы олардың саны 3 мыңды құрапты. Бұл ретте өткен жылы Тұрғын үй басқармасы 264 ПИК-ті тексеріп, соның 221-ден астамын жауапкершілікке тартыпты.

Бұдан өзге, мегаполистегі үйлердің жар­тысына жуығы (3,5 мың) 70-80 жылдары бой көтерген. Көпқабатты үйлердің дені ескі болғандықтан олар тиісті күтіп-ұстауды және дер кезінде жөндеу жүргізуді талап етеді. Бұл ретте қалалық Мәслихат сессиясында алғаш рет тұрғын үйді күтіп-ұстау Ережесі қабылданды. Бұдан бөлек, «ПИК порталы» сайты іске қосылды. Мұнда атқарылған жұмыстар, тұрғын үй саласын­дағы соңғы нормативті актілер туралы ақпа­раттар орналастырылған. Сонымен қатар, барлық көппәтерлі үйлерді паспорт­тау жүргізілген. Барлық ақпарат электрон­дық жүйеге жинақталған.

Өткен жылы Алматыда коммуналдық төлем түбіртегінен қала тұрғындарының келісімінсіз енгізілген бірқатар қосымша төлем қызметтері алынып тасталған болатын. Жалпы, бұл төлемдер ерікті түрде жүргізілген еді. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Алматы қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелес­тікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті жүргізген тексерістің нәтижесі бұл.

Бұдан былай үйді күтіп ұстауға немқұ­райлы қарап, қажетті қаражатты төлемей, борышкер атанған тұрғындар банктен несие ала алмайды. Жауапты орын өкілдері қарызгерлер туралы мәліметті бірінші кредиттік бюроға тапсырады. Осылайша мәліметтің барлығы қарызгердің несие тари­хына тайға таңба басқандай етіп жазылмақ.

–          Бұл ретте біздің басқарма «Бірінші несиелік бюро» ЖШС және екінші деңгейлі банктермен өзара меморандумға қол қойды. Бүгінде тұрғындардың көбі пәтерді күтіп ұстау шығынын төлемейді. Енді бұл төлемді жүргізбеген азаматтар екінші дең­гейлі банктерден несие ала алмайды. Бүгін­де басқарманың сайтында 100 борыш­кердің аты-жөні орналастырылды. Бұл тізім ай сайын жаңартылып отырады, – дейді Әнуар Өскенбаев.

 

2017 жылы  тұрғын үй алуға ке­зекте тұрған 1847 азамат тізім­нен шығарылды. Оның ішінде:

– 1041 адам тұрғын үй сатып алды;

– 372 адам басқа елді-мекенге көшіп кетті;

– 403 азамат бюджеттік ұйым­нан коммерциялық құры­лымға ауысуына байланысты жеңілдік­терін жоғалтты;

– 31 адам қайтыс болуына бай­ланысты тізімнен алынып тастал­ды.

Осылайша баспаналы болуға кезекте тұрғандар шамамен 2000 орынға алдыға жылжуға мүмкіндік алды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *