Тың бастама, соны ізденіске бет бұрмақшы

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

 

Кеше Абай атындағы мемле­кеттік академиялық Опера және балет театрында Қазақ­стан жазу­шыларының кезекті ХV құрыл­тайы болып өтті. Астана мен еліміздің әр шал­ғайынан келген ақын-жазушы­лар ұлттық руха­нияттың бесігі – Алматыда бас қосып, бір-бірімен қуана қауы­шып жатты. Екі құрылтай аралы­ғында 131 ақын-жазушының о дүниелік болып кеткені қалам­герлер тағдырының жеңіл емес екенін байқатса керек. Құрыл­тайда қаламгерлер қайтыс болған әріптестерін бір сәтке үнсіз тұрып еске алды. Қазақстан жазушыла­рының кезекті ХV құрылтайына қатысушыларға Елбасы Н.Назар­баевтың жол­даған құттықтауын Мәдениет және спорт министрі А.Мұха­медиұлы оқып берді.

Құрылтайда Жазушылар ода­ғы­ның басқармасы төрағасы Нұр­лан Оразалиннің есебі тыңдалды.

Ұзақ жылдық тарихы бар, ұлттың ұйытқысы, рухтың бесігі болып табылатын Қазақ­стан Жазушылар одағы бүгінгі күнге тұтас ұйым қалпында келіп отыр. Тәуелсіздік дәуі­рін­де әдебиеттің ұлттық кодын қалыптастыруға ерекше мән беріліп, еліміздегі білім, ғылым мекемелері қата­рында Қазақ­стан Жазушылар одағы да сындарлы жылдарды артқа тастады. Қазақ қаламгерле­рінің қатысуымен көптеген кез­десулер өтті. Көркем әде­биетті насихаттау, кітап бастыру, шет тілдеріне аудару, әдеби байланыс­тарды реттеу, форумдар өткізу тәрізді шара­лар жүзеге асты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарла­малық мақаласында көркем өнердің санатындағы әдебиеттің ұлт өміріндегі орны айрықша бағаланды. Бұл айтулы оқиға шын мәнінде ұлттың рухын сілкін­дірген тарихи кезең болғаны анық. Жазушылар одағы да Елба­сының осы бастамасына дер кезінде үн қосып, «Рухани жаң­ғыру – ұлт рухының арқауы» атты арнайы пленум өткізді. Жазу­шылар одағы басқармасының есеп-санақ комиссиясының баян­дамасын комиссия төрағасы Ы.Кененбаев жасап, екі құрыл­тай аралығындағы қаржының жара­тылуы туралы кеңінен тоқталды.

Құрылтайда қазақ әдебие­тінің жанрлары бойынша, проза – Н.Ақыш, поэзия – Ә.Қайыр­беков, драматургия – С.Балға­баев, ұйғыр әдебиеті – А.Ашири, орыс әдебиеті – Л.Шашкова хабарлама жасады. Қалған жанрлар бойынша хабарламалар баспасөзде жарияланады.

Қазақстан жазушыла­ры­ның кезекті құрылтайында жарыссөзге шыққан қалам­герлер С.Досанов, М.Әуезов, Қ.Жұмаділов, М.Ша­ха­нов, Б.Иманғазы, С.Елубай өздері­нің ой-пікірлерін ортаға салды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасын 22 жыл бас­қарған Нұрлан Оразалинге әріп­тестері атынан рахмет айтылып, иығына шапан жабылды.

Қазақстан Жазушылар ода­ғы­­ның (жарғыға сәйкес) жаңа басқару органдары сайланды. Жазушылар одағы басқарма мүшелерінің дауыс беруімен Одақ басқармасының төрағасы болып ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет, оның орынбасар­лары болып Мереке Құлкенов, Бауыржан Жақып, Бақыт Бедел­хан және Ақберен Елге­зек сайланды.

Одақтың жаңа құрамы жаңа басшы айтқандай, тың бастама, соны ізденіске бет бұрмақшы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *