Триатлон – атланттар спорты

Алматыда триатлоннан қала чемпионаты өтті

Триатлонды «Атланттар спорты» деп атай­ды. Расында да триатлоншылар мифтік алыптардай бірнеше спорт түрінен сайысады. Олимпиада бағдарламасына енген бүгінгі триатлон үш­сайыс­тан (жүгіру, жүзу, вело­сипед) тұрады. Алматы қаласының триат­лоншылары  «Almaty Arena» спорт кешенінде қала чемпионатында сынға түсіп, мегаполистің мықтыларын анық­тады.

Жарысқа триатлонмен айналысатын барлық спорт­шылар қатысуға мүмкіндік алды. Тоғыз жастан жоғары жасөспірімдер екі дисциплина бойынша  (жүзуден 50 метр және жүгіруден 1 км.) сайысқа түсті. Ал 15 жастан 23 жас­қа дейінгі ересектер триатлон суперспринттен өзара мық­тыны анықтады. Бұл  санаттағы қатысушылар  спорттың үш түрінен додаға түсті,  300 метр­ге жүзіп, 8 шақырымды велосипедпен жарысып,  2 шақырымдағы қашық­тықты жүгіріп өтті.

Чемпионаттың бас төрешісі, триатлоннан аға жаттық­тырушы Павел Артюшенконың айтуынша, акватлонға 50 бала тіркелсе, триатлонға шамамен 40 спортшы қатысты.

– Бүгін біз чемпиондарды анықтадық, десе де әрбір қатысушыны мақтан тұтамын. Кішкентай бүлдіршіндер жүзіп, содан соң дереу 1 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Барлығы да жеңіске деген ынталары мен жігерлігін танытты. Бұл жарыстың жеңімпаздары болашақта Олимпиада қатысушылары және де ұлттық құрама командасының мүшелері болады деген сенім мол. Олардың бағындырар белестері әлі алда,  –   дейді  Павел Артю­шенко.

Марапаттау рәсімі спорттық нысандар дирек­ция­сының басшысы Сергей Апенко, Дмитрий Гааг триатлон мекте­бінің директоры Елена Кун және бас төреші Павел Артю­шенконың қатысуымен өтті. Олар спортшыларға чемпио­натқа қатысқаны үшін алғыстарын білдіріп, алдағы жарыстарда жарқын жеңіс тіледі.

Жарыс нәтижелері бойынша жеңімпаздар мен жүл­дегерлер негізінен  БЖСМ №14, Дмитрий Гааг триатлон мектебінің және басқа да мектеп тәрбиелену­шілері болды.

12–14 жастағы ұлдар арасында алтынды 04:47 минут көрсеткішімен Александр Тен жеңіп алды, ал қыздар ара­сында Алена Сергазина үздік атанды. Ол екі қашықтықты 07:42 минутта бағындырды.

21–23 жастағы ересектер арасында үздік нәтижеге Рауан Ниетбай қол жеткізді, 25:43 минут. Осы жастағы қыздар арасында 24:53 минутта бірінші болып мәре сызығын Жанель Надирова жүгіріп өтті.

– Чемпионат керемет өтті, ұйымдастырушыларға осындай спорттық шара үшін алғысымызды білдіреміз. Мен триатлонмен кәсіби түрде шұғылданамын, бұл жарыс жыл сайын өткізіліп, жақсы бір дәстүрге айналады деген үміттемін. Енді «Алматы Марафон» ауқымды жүгіру жарысына дайындаламыз, – дейді жарыс қатысушысы Анатолий Соколов.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер жас ерекшеліктері бойынша медаль және  дипломдармен марапатталды.

Жарысты  ұйымдастырушылар: Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Almaty Trіathlon Federatіon» «Алматы Марафон» және «Almaty Arena»-дағы Дмитрий Гааг  триатлон мектебі.

 

Нұр ҚАЙЫР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *