Теңге – тиыннан, тұлпар – құлыннан

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-мен бірлесіп, еліміздегі ең ірі қаржы институттарының бірі – Халық Банкінің (Halyk Bank) 95 жылдығы және Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы – теңгенің 25 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өткізді.

Аталмыш іс-шара аясында «Теңге – тиыннан, тұлпар – құлыннан (Тәуелсіз­дік­тің бірегей тұғыры) Қазақстан Рес­публикасы Мемлекеттік Орталық музейі қорынан» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Тақырыптық-хронологиялық прин­цип бойынша құрылып отырған бұл көрмеде ерте кезеңдерден бастап қазіргі Қазақстан аумағында және онымен көршілес аймақтарда пайда болған мемлекеттердің (Кушан-Сасан, Түрік-Түргеш, Қарахан, Шағатай, Жошы, Темір әулеттері және т.б.) сауда-экономи­калық айналымында, тауар-ақша қарым-қаты­нас­тарында болған күмістен, мыстан жасалған көне монеталар қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми сипаттамала­рымен үлкейтілген түрінде жұртшылық назарына ұсынылды. Сондай-ақ, Ресей патшалығы, Кеңес Одағы кезеңінде қолданыста болған қағаз ақшалардың (бонистика) алуан түрлері мен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің алғашқы және кейінгі үлгілері, тәуелсіздік жылдарындағы түрлі нумизма­тикалық топтамалар, яғни мерейтой­лық монеталарды да осы көрме төрінен табуға болады. Сонымен қатар, көрмеге келу­шілер назарына ҚР МОМ қорынан алынған мұрағаттық құжаттар, облига­ция­лар, лотерея билеттерімен қатар түрлі иллюстра­циялар, кестелер және осы тақырыпты аша түсетін қосымша экспо­наттар қойылды. Көрме аясында оқушы­лар мен студенттер назарына «Нумизма­тика әлемінде» атты музейлік-педагоги­калық бағдарлама ұсынылды. Көрме жұмысы 20 наурызға дейін жалғасады.

Кез-келген мемлекет тарихында тек бір рет енгізіліп, Тәуелсіз Егеменді мемле­кеттің міндетті рәміздерінің бірі болып табылатын төл валютасы ерекше орын алады. Теңге тарихы ел Президен­тінің 1993 жылдың күз мезгілінде «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шыққан кезден бастау алады. Өзіндік ақша бірлігін айналымға енгізу Ұлттық Банк пен Қазақстан Республикасы Үкіметіне өз бетінше елдің ішкі және сыртқы саяса­тында табыстарға жетуге бағытталған экономика­лық және ақша-несиелік саясат жүргізуге мүмкіндік берді. Теңге­нің ширек ғасыр өмір сүруі – оның Қазақстан тарихында алатын орнының маңыздылығын көрсетеді. Елімізде екі деңгейлі банк жүйесі жұмыс істейді. Бірінші деңгейде мемлекеттік ақша-несиелік саясатын қамтамасыз етіп, қаржы нарығын реттеу мен бақылау қызметін атқаратын Ұлттық Банк тұр. Екінші деңгей мемлекеттік және/немесе шетелдік капиталға қатыса алатын және тікелей клиенттерге қызмет көрсететін коммерциялық банктерден тұрады.

Еліміздегі көне де ең ірі банктердің бірі – Қазақстан Халық Банкі. Оның тарихы 1923 жылдың тамыз айында Халық комис­сариаты кеңесінің бұйрығына сай, Ақтөбе қаласында ашылған Қазақстан­дағы тұңғыш жинақ кассасынан бастау алады.

Тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен­дігіміз еншіленгеннен кейін Қазақстан Республика­сының Жинақ Банкі дербес заңдық құрылым – «Қазақстан Халық Банкі» болып қайта ұйымдастырылды. Бүгінде 95 жылдық тарихы бар әмбебап коммерциялық банк өзінің еншілес компанияларымен бірігіп, еліміздегі ең ірі – Halyk Group қаржы тобын құрды. Қаржылық топ халыққа, оның ішінде жалпы тұрғындарға, шағын және орта бизнес өкілдеріне, корпоративтік клиент­терге алуан түрлі қаржылық қызмет: банктік, зейнетақы­лық жинақ, сақтан­дыру, лизинг (жалға беру), брокерлік-дилерлік, активтерді басқару қызметтерін ұсынады. Сондай-ақ, Халық Банкі өзінің алыс-жақын шет елдердегі (Ресей, Грузия, Қырғызстан) еншілес құры­лымдары арқылы да банктік операцияларды жүзеге асырады.

 

Салтанат ҚАЖЫКЕН.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close