Саңқылдап сарайынан өлең шашқан

XVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр әдебиетіндегі ең көрнекті тұлға – Майкөт САНДЫБАЙҰЛЫ. Ақын-жыраудың шығармаларын жинақтап құрастырған  Аян Нысаналин, Серікбек Еркінбекұлы және ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің зерттеу жинақтарында оның шамамен 1837 жылы Қаратаудың теріскейі – Шабақты өзенінің бойында дүниеге келгені жазылған.

Туғанына 180 жыл толған Майкөт ақын Ыстының бір баласы – Тіліктен шыққан. Оның өмірі мен шығармашылығы жайында біздің білеріміз өте жұтаң. Жыраудың туған, өлген жылдары туралы нақты деректер жоқ, бүгінгі таңда (1837–1902) деп көрсетіліп жүр.

АҚЫННЫҢ баласы – Майкөтов Арқабай 1807 жылы туып, 1934 жылы дүние­ден озған. Ол Қаратау, Жетісу, қырғыз елін аралап, Ұлбике, Қылышбай, Сауытбек тәрізді ақындармен айтысқан. Қырғыз манабы – Шәбденнің асында Жамбыл, Кененмен, қырғыз ақындары Қалмырза, Жәлилмен кездесіп, олардың бірқатарымен сөз сайысына түскен. «Қобыланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Нәрік батыр» сияқты халық дастандарын жырлаған. Қобыз, сырнай, домбыра аспаптарына қосылып айтатын әнші-ақын болған. Би-болыстарды сынаған өткір өлеңдері ауыл арасына кең тараған.

Майкөт пен баласы Арқабайдың шығар­машылық мұрасы толыққанды зерттелмегендіктен, ел арасында там-тұмдап сақталған азды-көпті еңбектері олардың ақындық-жыраулық, азаматтық тұлғаларын ашып бере алмайды.

Майкөт Саудакенттегі ел жақсыла­рының ақылымен Шаяндағы Әппақ ишан медресесінде он жыл оқып, білімдар молда ретінде шәкірттерге сабақ бере жүріп, жас ақын атанған. «Алпамыс», «Қобыланды», «Едіге», «Шора», «Ер Тарғын», «Көрұғылы» сияқты батырлар, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» ғашықтық жырларын жатқа айтқан. Жастайынан жырға құмар болып, жадынан өлең де шығарып айтатын болған.

ЛИРИКАЛЫҚ ӨЛЕҢДЕРІ. Майкөт бозбала шағында ел арасында ақынды­ғымен таныла бастайды. Оның бізге «Құда­шаларға», «Саржан болысқа», «Жетісу игі жақсылармен кездесу», «Дидарласу», «Жетісу саңлақтарымен сәлемдесу», «Жиырма жастан жүзге дейін», т.б. лирикалық туындылары жеткен.

Майкөттің тырнақалды туынды­ларының бірі «Құдашаларға» өлеңінде:

Өсіпсің құдашалар бірдей болып,

Аршылған сабағынан гүлдей болып.

Болды ма сағынғаннан, сарғайғаннан,

Көзіме көрінесің үрдей болып,

дейді.

Ақын ауылдағы қазақ қыздарының бет-бейнесін осылай құлпыртып суреттейді. Сондай-ақ:

Көйлегің үстіңдегі жанар гүл-гүл.

Шыбықтай тоғайдағы шашың сүмбіл.

Біз келдік қонақтауға бұтағыңа,

Жайқалған биіктегі сен бір бұлбұл,

деп, қыздың сұлу көркін «гүл-гүл», «шашың сүмбіл», «жүзің бұлбұл» деп лирикалық шабытпен жырлайды.

ҚАРА ӨЛЕҢДЕРІ. Майкөт ақын «Жетісу игі жақсыларымен кездесу» немесе «Жетісу саңлақтарымен сәлемдесу» атты қара өлеңдерінде Жетісудың танымал қарияларын, батырларын, ақындарын, болыс датқаларын көркем тілімен жеткізіп, мадақтап, марапаттап жырға қосады. Қара өлеңдеріндегі философиялық ойлардың тәлім-тәрбиелік бағдары адамдардың өзара сыйласқан қарым-қатынастарына арна­лады:

Кебегім, амандастым Қарабайға,

Қариялар тілектес бол Бүркітбайға.

Мойны озған Дулаттағы жігіт дейді.

Әуелі амандастым Ноғайбайға.

Жомарт пен Әуел болыс аман  ба еді?

Ер Райыс, амандастым саған да енді.

Саудабай, Оразәлі Солтанаймен

Бәріңе Майкөт ақын сәлем берді.

Шынайы достық ұғымның аясында жақсы мен жамандықтың үйлесімі болмай­тыны ашық айтылады. Майкөт ақын бар­лық Жетісудың жақсысы мен жайсаң­дарына өзінің жүрегінен жарып шыққан шынайы достық, бауырластық, тату­лық сәлемдерін жолдайды:

Бұл Майкөт Жетісуға

қадам басты,

Сарыбай жиынына араласты.

Болғанда Үштамғалы

тамғам бірге,

Аяңдап саған жеттім

Шапырашты.

Өтептің амансыз ба Қаратайы?

Кісінің бірі болдың сегіз сайлы.

Иманы жолдас болсын

Сарыекемнің,

Сіз де аман ба, ұлы жүз

Сүйінбайы.

Көшкенің амандастым ісін әлі,

Бұл жақ та Шапыраштының

бір асылы.

Саулығын Жетісудың көрейін деп,

Алыстан жайып ұштым

құлашымды.

Майкөт ақынның 43 шумақтан тұратын бұл қара өлеңін ақын Кенен Әзірбаев 1940 жылы мұрағатқа өткізген.

Майкөт ақын Бүркітбай датқамен бірге Екей Сарыбайдың асына бара жатқанда жолда Қарабалта, Соғылық деген жерге жеткенде Бүркітбай датқа ауырып, Жетісудағы асқа басқартып ақын Майкөтті жібереді. Жетісудағы ағайынға дұғай сәлем айтуды тапсырады. Майкөт ақын сәлемді өзінің өлеңдері арқылы жеткізіп, Жетісу халқының алғыс ықыласына бөленеді. Майкөттің ақындығына, шеберлігіне, төкпе жырларына риза болып, Ақбас атан торы, құлынды бие, торы ат, бір мауыты шекпен сыйлаған. Әулиеата қоржыны ақшаға толып, үйірлеп жылқы, қоралы қой айдап­ты. Соның арқасында отыз үйлі ағайын-туыстары тегіс байыпты. Майкөт ақынның қара өлеңінің құдіреті, септігі өзіне ғана емес, отыз үйлі ағайын-туыстарын жоқшы­лықтың шеңгелінен құтқарып қалған екен.

Майкөт Сандыбайұлының Жамбылмен кездесуі туралы Жамбыл Жабаевтың таңда­малылар жинағында (1971 ж.) «Майкөтпен дидарласу» атымен жинаққа енген:

Сапар тартып келіп ем,

Сарыбайдың асына.

Отыз кісі елімнен,

Еріп еді қасыма.

Шырқайын деп шығып ем,

Майтөбенің басына.

Жаңғырықсың дауысым,

 Алатаудың тасына.

Естуші едім дабысын.

Жамбыл бар деп осында.

Ақын болса келмейді,

Неге менің қасыма.

Неге сәлем бермейді.

Мендей кәрі досыңа, –

дейді.

Жас Жамбыл ақын өзінің ақын ағасы­ның алдынан шығып, сәлемдеспегеніне кешірім сұрап, әдеппен сөз сөйлейді:

Сүйреңдеп алдыңда сөз сөйлемей.

Етейін деп ойладым әдеп-ізет.

«Сөйлеген аға тұрып, ініден без»,

Ежелден елде сондай бар еді сөз…

Аға мен іні арасындағы сыпайы сыйлас­тық,  ізгілік жыр жолдарын қос қазақтың дүлдүл ақындардың дидарласуы­нан достық, бауырластықтың ізгілігін аңғарамыз.

АЙТЫС – қазақ сөз өнерінің әлемдік әдебиеттегі өзіндік ұлттық сипатын айрық­ша даралап көрсететін ерекше үлгісі. Майкөт Сандыбайұлының қазақ арасына тараған айтыстары: «Майкөт пен Ошақты Ақханыммен айтысы», «Майкөт пен Бөлтірік айтысы», «Құлманбет пен Майкөт айтысы», сондай-ақ, қырғыздың ақында­рымен болған «Майкөт пен Есенаманның айтысы», «Майкөт пен Арыстанбектің айтысы». Қазақ әдебиеті тарихында ақын­дар айтысы ішінде ең таңдаулы, ел ішіне көп тарағандарының бірі – «Құлманбет  пен Майкөттің айтысы».

Құлманбет пен Майкөт ақын қырғыз­дың «қарадан хан» болған Бәйтік датқаның тойында кездесіп айтысқа түседі. Құлман­бет ақын Майкөтпен айтысқанда өзін ұлы тұтып, «Албаннан алты арыс ақын келді» деп сөзін төпелеп бастайды:

Әй, Майкөт, үйге кірші, тыста тұрма,

Жан-жаққа жалтаңдамай, келші мұнда.

Құлманбет-Құланаяқ ағаң келді,

Ағаңнан өлең үйрен, кеңес тыңда,  –

дейді.

Майкөт ақын Құлманбетпен айтыс­қанда қазақ тарихындағы ататектік әулет­терден шыққан көрнекті тұлғаларды орынды мақтан етеді:

Көріп пе ең Имамбек пен Қамысбекті,

Көріп пе ең Зауырбек пен Қабылбекті.

Естісе Райымқұл бұл сөзіңді,

Басыңа салдырады қасіретті.

Көріп пе ең Едігені өрде жатқан,

Көріп пе ең Сыпатайды көрде жатқан.

Құлманбет Майкөттің мақтанышын місе тұтпай аз ғана Ысты түгіл Қаратаудағы Дулат атаулының бәрін кедей, тек егін салумен ғана жанын сақтап отыр  деп егін кәсібін мінейді:

Көргенмін, Майкөт аулыңды.

Мақтамағын жеріңді.

Суалып  қалған көліңді.

Ала жаздай бейнетпен,

Алмайсың бір деміңді…

Түн қатып егін суарып,

Көрден шыққан кісідей,

Түсің қашып қуарып…

Біздің елге барсаңшы

Сары қазы жесеңші,

Сары қымыз ішсеңші,

дейді.

Ерте кездегі ақындар өз елдерін мақтау, байлығын, мықтылығын айтысу дәстүрі бойынша, әуелі Майкөт өз елінің байлығын, игі жақсы ақсақалдарын мақтан тұтады:

Аяттан тіккен көк күмбез,

Әзірет Сұлтан қазаны.

Ұлы жүздің тұтқаны

Шашқа тәукір Тәшкенде.

Қарлығаш би атанған,

Әзіз Төле жасады…

Әулие өткен Бәйдібек?

Бәйдібек пен Жарықшақ.

Домалақ анаң мазары, – дейді.

Құлманбет барлық Қаратау, Түркістан­ды ондағы елді түгел жамандауға ауысқан соң, Майкөт ақын тіршілігіне бесік болған өлкесін, Сырдария мен Қаратаудың жеміс-жидегін миуасын мақтан етеді.

Құлманбет ақын айтыстың қызды-қыз­дысымен отырып, ауызды Қаратау, Түркіс­танды жайлаған елдің бәріне түгелімен  ауыз салады:

Көргенмін Майкөт, еліңді,

Ала тұр бір сәт деміңді,

Әулиеата, Әзірет,

Түркістан, Шымкент, Сайрамнан,

Әрі жағы Шыршық, Тәшкеннен.

Халқыңның жәйін айтайын.

Боза ішкенді тәуір көреді,

Қымызбенен айраннан,

дейді.

Ал Майкөт ақын «Астығыма малың түгіл жаныңды да бересің», – деп дихандар­дың еңбегін жырға қосып, мақтан тұтады. Майкөт сөздері Құлманбетке қарағанда халыққа жақын, көпшіліктің көңілінен шығып, көпшілік ұғымына жақын қабы­сады. «Құлманбет пен Майкөт айтысы» сол дәуірдегі рулар арасындағы тартыс. Құлманбет Майкөттің кедейлігін бетіне басып мінейді. Майкөт ақын оған арлан­бай, еңбекшіл елін «патшаға» теңейді. Екі ақын да айтыс мәресіне тең жетеді.

ЖЫРАУЛЫҚ, ЖЫРШЫЛЫҚ. «Алпа­мыс» жырын ХІХ ғасырдың ірі айтыс ақыны, әрі асқан жырауы – Майкөттен асы­рып жырлаған қазақта ақын болған емес. «Алпамыс» туралы көрнекті ғалым Ә.Қоңыратбаев: «Қазақ тілінде жырдың 10-11 нұсқасы бар… Соңғы жылдары  мектеп оқулықтарына Майкөт Сандыбаев жыры еніп жүр. Ол 1953 жылы Оңтүстік Қазақ­стан облысы, Ащысай руднигінде тұратын Желеу Жақыпов деген кісіден жазылып алынған. Желеу жырау бұл жырды Сұлтан­құл Аққожаевтан (1948), ал ол ХІХ ғасыр­да ғұмыр кешкен Майкөт Сандыбаевтан жазып алған екен. Сол себепті, бұл жырды Майкөт – Аққожаев нұсқасы дейміз. Жырдың бұл варианты 1956 жылы жеке басылым ретінде баспа көрді. Кейін «Алпамыс батыр» жинағына енді. Майкөт нұсқасының үш бөлімі бар. Бастапқы бөлімінде қоңырат ортасында қалмақ еліне бөліне көшкен Сарыбайдың ауылын тауып, өзінің қалыңдығы Гүлбаршынды қалмақ ханы Қараманнан құтқаруы баяндалады. Бұл сюжеттің ең көне арқауларының бірі болуға тиіс. Өйткені, мұнда Алпамыстың ерлігі баяғы ертегі батырларының әрекетіне ұқсап тұрады. Алпамыстың жастық шағы сондай… Ел, ру бүтіндігін қорғау жырдың Тайшақ хан тұсындағы бөлімінен басым көрінеді. Бұл бәрі де туған тарихи оқиға­лардың көрінісі. Жырдың үшінші бөлімінде Алпамыстың қоңырат елін, өзінің ата-анасы, әйелі мен баласын озбырлықтан құт­қаруы суреттеледі. Сөйтіп, Алпамыс сыртқы, ішкі жауларымен бірдей күреседі… Аққожаев Алпамыс бір ғана қоңырат емес, қазақ халқының батыры ретінде суреттейді. Онда Қаражан аты жоқ. «Қазақ», «қалмақ» дейтін этностық атауларды қосу Майкөт жырының бергі жерде туғанын көрсетеді», – дейді. (Ә.Қоңыратбаев  Қазақ фольклоры­ның тарихы. Алматы. 1961, 160-161-беттер.).

Майкөт ақын – тынысы кең жырау. Ол өз жырларында ел үшін маңызды мәселе­лерді көтеріп, батырлардың, елдегі би-датқалардың халқына істеп отырған қайырлы істерін мадақтап отырғандығы көрінеді. Ол қазақ пен қырғыз халқының зор құрметіне ие болған ақын-жырау.

Қырғыз халқы мен қазақ жұртына танымал қырғыздың үлкен ақыны Тоғалақ Молданың «Қазақ ақындарына» атты толғауында Мәулікей, Жүсіпбек, Сүйінбай, Қуандық, Майкөт ақындарға ерекше баға береді. Фрунзеде (Бішкек) 1970 жылы «Қырғызстан» баспасынан шыққан шығар­маларының екінші томында жарық көрген. Қырғыз әдебиетінің классигі Тоға­лақ молда жас кезінде Майкөтті шалқар шабыт үстінде көріп, арқалы ақындығына қатты қызығады. Майкөт ақынның сал-серілік, ақындық-жыраулық өнеріне зор құрметпен қараған Тоғалақ:

Тоқпақта, үлкен жиында

Майкөтті көрдім көзіммен,

Байқалтып өткен сезіммен.

Қаршығадай шүйілген,

Өзі салдай  киінген,

Көрініп тұрар көзіме,

Айтып өткен бірнеше,

Нұсқасы қалып есімде,

дейді.

Міне, Майкөт Сандыбайұлы туралы жоғарыда айтылғандардың бәрі ақын-жыраудың, жыршының ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі деп есептеуге негіз болады.

 

Құдайберген МӘМБЕТОВ,

филология ғылымының кандидаты,

Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *