Сағынып күтіп жүрем Сәбеңімді

Сәбитпен достығымды кім білмейді,

Кейбіреу ашық айтпай күбірлейді.

Алты жыл ауырғанда атсалысқан,

Жүректің ыстық қаны үзілмейді,

деп әкем Кенен Әзірбаевтың өзі жыр­лағандай-ақ, мен Сәбит Мұ­қанов  ағаны жасымнан көріп өстім. Бәрі бүгінгідей есімде. Әкем 1952–1957 жылдар ара­лығында қатты ауырып жатып қалды. Ол кезде біз  Отар стан­циясында тұратын едік. Тұр­мысымыз да нашар. Соқ­падан салынған қоржын бас тамда тұрамыз. Тамағымыздың негізі ет пен сүт. Әкемнің бұл нау­қасы анам Нәсиха мен әжеме және бала­лардың үлкені маған қатты батты. Әсіресе, 9 сы­ныпты бітіргеннен кейін жазғы демалыс мен үшін өте ауыр мезгіл болды. Осы жазда әкемнің науқастығы аз болғандай бірі екіде, екіншісі бес жастағы сіңлілерім Ақтамақ пен Ақбілектің көздерін ақ басып ауырып, анамның олармен бірге ауруханаға жатуына тура келді. Әжем оларға тамақ апара жатып, тоқтап тұрған пойыздың астынан өте бергенде басына вагонның үшкір темірі кіріп кетіп, ол кісі де ауруханаға түсті. Інім Көркемжан ойнап жүріп құлап, қолын сын­дырды, жалғыз қалдым. Ағайын-туғандардың көмегімен тірлік етіп, жаз да өтті. Алматыда №12 мектепте оқушы едім, бара алмай, үйді тастап кете алмай қиналдым.

Бір күні, күндіз әкемнің басын уқалап отыр едім, есіктің алдына жеңіл машина тоқтады. Ішінен орта бойлы, толықтау, басына тақия киген Сәбит аға түсті. Тани кеттім. Ол кезде С.Мұқа­новтың «Жұмбақ жалау», «Адасқандар» деген шығар­маларымен таныспын, «Ақ аю» поэмасын жатқа да білетін кезім. Әкеммен ұзақ әңгімелесті, үй-жайымызды барлап, қораға дейін аралап, жағдайымыздың  мәз емес екендігін түсінгендей болды.

– Кенеке, Жазушылар одағының да, Ком­позиторлар одағының да мүшесісіз. Сізге бар­лығы көмектеседі. Босқа өлетін болыпсыз, қалаға алып кетемін, ауруханаға жатып біраз емдел, демалыс орындарына бару керек, тынығу керек, – деді Сәбит аға.

Әкем:

– Шырағым, Сәбит, көп рахмет! Мені орным­нан қозғамай-ақ қойыңдар. Қалаға жететін түрім жоқ, жүрегім қысылып, басым айналып тұрады. Сенен көптен-көп сұрайтыным, мына менің Төрткенім оқуынан қалып барады. «Базарым-ай, Назарым-ай» деп жылап жүргенде көргенімді өзің жақсы білесің. Күніміз осыған қараған соң не дерсің енді. Мектептен шығарып жіберетін болды деп жылап бітті, – деді.

Сәбит аға маған қарап:

– Қайда оқитын едің Төрткен, – деп сұрады.

– Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінің 10-сыныбында,  – дедім де жылап, қашып кеттім.

Аға:  «Жарайды бастықтарыңа айтармын», – деп жеңіл ғана шай-пай ішіп, қоштасып жүріп кетті. Бірнеше күннен кейін  анам қыздарымен ауруханадан шығып келіп, мәре-сәре болып жатқанымызда бір топ дәрігерлерімен Сәбит аға тағы келді. Дәрігерлер әкемді әбден қарап, жүйкесі шаршаған, бір нәрседен қатты қорыққан деп тапты. Неше түрлі дәрі беріп, тыныштық сақ­тауымызды талап етті. Тұрған жеріміздің ауа-райының бұл кісіге жақпайтынын, тау сағасына барып демалуын, мүмкіндігінше қоныс аудару қажеттігін ескертті. Осы жолы Сәбит аға мені өзімен бірге алып кетті, мектебіме ертіп барып, интернатыма  орналастырды. Кетерінде Сәбит аға: – Төрткен, сабағыңды жақсы оқы, еш нәрсе ойлама, бәрі жақсы болады. Мынау біздің үйдің телефоны, мынау жұмысымдікі, ұялмай хабарласып тұр, – деді.

– Көп кешікпей Жазушылар одағынан 50 мың сом ақша бөліп, әкеме Қордайдың қоңыр салқын жерінен үй салдырып, өзін ауруханаға жатқызып емдетіп, демалыс орындарына жібертіп, тікелей қамқорлығына алды. 1954 жылы әкемнің шағын өлеңдер жинағы, 1956 жылы «Әли батыр» дастаны баспадан шықты. Көңілі көтерілген әкем 1957 жылы құлан-таза жазылып, қайта сапқа тұрды. Міне, осындай қамқорлықтан басталған Кенен мен Сәбиттің достық қарым-қатынастары көпке үлгі боларлықтай, өмірлерінің соңына дейін жалғасты. Бұл екі адамның шығармашылық достық қаты­настары жайында көптеп айтуға болады.

Сәбит аға атқа құмар жан еді. Біздің үйге кел­ген сайын әкем екеуі атпен серуендеп қайтатын. Бірде көкпар тартуға да қатысты. Әкемнің: «Өзің етжеңдісің, жығылып мерт болып жүрерсің, қой­шы, бармашы», – дегеніне де қарамай, атқа қарғып мініп, көкпаршылардың артынан шаба жөнелді.

Бәріміз үйдің төбесіне шығып қарап тұрдық. Бір уақытта ақ тер, көк тер болып келді. Өте көңілді, жаны жай:

– Ой, бір армансыз-ақ сілкілестім-ау, Кенеке, ұмытпаппын көкпар тартқанды, – деп күле келіп, аттан түсті. Біз ол кісінің аман келгеніне қуандық. Біздің ауылдың жігіттері осы жолы көкпарға бүйірден келіп кіріскен адам атақты жазушы Сәбит Мұқанов екендігін кейіннен естіп, қонақ сыйлап көкпарды осы кісіге бермегендіктерін өкінішпен еске алып жүрді.

1958 жылдың көктемінде әкемнің жаңа қонысына құтты болсын айта Сәбит аға келді. Қасында мойнына сурет басқыш аппарат (фотоаппарат) ілген бір адам бар. Ағаның келген құрметіне қой сойылып, нан пісіріліп, кешкі отырысқа даярланып жатырмыз. Ондайда анамның көрші-қолаңдары, абысын-ажындары көмекке келетін әдеті. Біреуі ішек-қарын тазалап жатыр, біреуі бас-сирақтарын үйітіп, бірі қуырдаққа ет турап, бірі бауырсық пісіріп дегендей шаруа басында жүр. Сәбит аға әлгі отбасындағы жүрген әйелдерге сәлем беріп, оларды шақырып алып, қатар-қатар тұрғызып, өзі ортасына тұрып әлгі жігіттің суретке түсіруін сұрады. «Қазан-ошақ басындағы әйелдермен суретке түскені несі ағаның»  деп іштей жақ­тырмай тұрдым. Ол ойымды артынан ағаның өзіне де айтып тындым. Сәбит аға менің сөзіме күліп алды да: – Кенеке, мына қызыңыздың бай­қамайтыны жоқ па деп қалдым, өзі ойын­дағысын жеткізе де алады екен. Төрткен шырақ, бұл сурет әрі ескерткіш болсын, әрі шығар­маларымдағы кейіпкерлерімнің сырт бейнесін сипаттауыма мұндай суреттер көп көмек береді, – деді. Мен ойланып қалдым. Әуесқой суретшінің сондағы түсірген суретінің бірі менде көпке дейін сақтаулы еді, 2016 жылы Сәбит ағаның мұражайына тапсырдым.

Сәбит аға мешкейлер жайлы әңгімені майын тамыза айтатын еді. Айта отырып, өзі де сау емес сияқты болып кететін. Айнала бірге отырған адамдарға, есіктен сығалап, тәртіп сақтап кіре алмай жүргендердін бәрін шақырып алып, өз қолымен ет асататын. Ет асатқанда бас бармағы тағдайыңа тиетін. Сәбит ағама ет асатамыз деп, ол кісі жоқта, бір-бірімізге ет асатып талай-талай құлағын шуылдатушы едік.

1958 жылы Сәбит аға қасына Кененді алып бүкіл Сарыарқаны аралатқаны, Қарағанды, Қарсақбай, Ақмола, Петропавл, өзінің туған елін, жерін көрсеткені, сондағы көргендері Кененнің «Сарыарқаға саяхат» деген атпен жыр болып, төгіліп, ән болып өрілгенінің өзі бір бөлек әңгіме. 1967 жылдың жазында біздің үйге Сәбит аға келді. Әкемнен халық ақыны Есдәулет Қандеков деген кісінің ауыр науқас екендігін естіген жазушы «Ақтерек» совхозына (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) бірден тартты.

– Біз де бірге барып қайталық, көңілін сұрап бармағалы біраз болды, – деп әкем мен анам да жиналды, мен де ілестім. Есдәулет ақын сөйлей алмайтын ауруға шалдығыпты. Тілі ісіп кеткен сияқты, күрмеуге келмейді екен. Әкем мен Сәбит аға алма-кезек бар жаңалықтарды айтып, күлдіріп, ақынның көңілін көтеруге тырысып жатыр. Сонда Есдәулет атамның қуанғаны, риза болғаны, оны сөзбен айта алмай қиналғаны, қайта-қайта көздері жасаурап беттеріне мейірлене қарай бергені бәрімізге де әсер етті. Аяулы атамыздың аянышты хәлі жүрегімізді ауыртты. Екі шай, бір ет жеп дегендей, біраз отырып Ақтеректен Алматыға қарай Сәбит аға, Ақтеректе Киров колхозына (қазір Кенен ауылы) қарай біз кеттік.

 

 

Жолда бәріміз де үнсіз, өз ойымызбен отыр едік, әкем көтеріңкі дауыспен: «Шіркін, осы Сәбиттің адамгершілігіне дән ризамын, Есекеңнін науқастығын ести сала сәлем беріп, көңілін аулағанын, ілтипатын қалай ұмытады адам. Бұған да амандық болса, көмек беруі сөзсіз. Сәбит халық ақындарының шынайы жақ­таушысы, адал қамқоршысы, нағыз азамат. Егер Сәбит болмаса, бізді – халық ақындарын, әсіресе Жетісу ақындарын көп ешкім білмей-ақ кете барар ма еді», – дегені есімде қалыпты.

 

 

Ақын Кенен 80-ді алқымдағанда үлкен ұлы Көркемжанды әскерге алып, жастары келіп қалған ата-анамыз біраз қиналып қалды. Сәбит аға мен Мәрия жеңгеміз де көптен келмей кетті. Сонда әкемнің:

…Арнайы шақырғаным, келіп кетіңдер,

Сыбаға бұйырғанын жеп кетіңдер.

Көркемжан армияға кетіп қалды,

Бір ақыл Насиқаға деп кетіңдер.

Көжедей күбідегі ашып қалдық,

Насиқа екеуіміз де қашықтадық.

Көңілдің нұры өрге айдағанмен,

Кездіктей жанымаған жасып қалдық, – деген хатын алғанда, екеуі дереу жетіп келіп, бірер күн бірге болып, қарттарға ақыл-кеңес бергендері, көңілдерін көтеріп кеткендіктері де бүгінгідей көз алдымда. Әсіресе, әкемнің Сәбиттей аяулысымен мәңгілік қоштасқаны еске алудың өзі ауыр.

Шығарған жанның бірі қазақ атын,

Жазушы, сөз зергері ғажап ақын.

Орының толмай тұр ғой бір өкініш,

Қош Сәбит, қош аяулы, азаматым! – деп қимастықпен жылаған кезінде де бірге қасында жүрген едім.

Әкем Кененнің арқасында мен халқымыздың біртуар перзенті Сәбит ағамен дәмдес болып, әңгімелерін, ақыл-кеңестерін тыңдап, назарына ілініп, қамқорлығын көргенім үшін өзімді бақытты санаймын, мақтанышпен еске аламын.

 

Төрткен Кененқызы,

ҚР-ның мәдениет қайраткері,

ұстаз, зейнеткер.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *