Сандық технология – табыс кілті

Ерлан ТҮЛЕКБАЕВ,

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті Ғарыштық құралдарды қолдану кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымының кандидаты

 

ЦИФРЛАНДЫРУ ӨМІРІМІЗДІҢ БАРЛЫҚ САЛАСЫН ҚАМТИТЫН БОЛАДЫ

 

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы тәуелсіз еліміздің төл тарихындағы өте маңызды оқиға болып табылады. Жаңа ғасырда әлемдік кеңістікке шыққан қазақ елін бұдан да биіктерге ұмтылдыратын, халықаралық аренадағы жаңа жетіктіктерге жол бастайтын бұл мемлекеттік бағдарламаның тәуелсіздік тарихнамасындағы орны бөлек. Аталған бағдарламалық мақала бүгінгі таңда әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі ретінде танылған Қазақстан халқының жан-дүниесін жаңғыртып, қоғамның санасында зор рухани серпіліс туғызды.

Мемлекет басшысы бағдарламалық мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлы­ғымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқын­далады. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деп білім арқылы адам өмірде биік шыңдарды бағындыра алатынын, жалпы, тұтас ұлт ұлы мұраттарға қол жеткізе алатындығын атап айтқан.

84 жылдық тағылымды тарихы бар Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті де Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға аянбай атсалысып келеді. Университет ұжымы келешектің кірпішін қалайтын, еліміздің ертеңін жалғай­тын, қоғамның қозғаушы күшіне айналатын жастарға жоғары сапалы білім беру ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Әлемге әйгілі қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов «Заман өзгереді, адам өзгереді» деген екен. Расында да, заман өзгермей тұрмайды. Әр заманның өзінің бір белестері болады. Күн сайын қарыштап дамып, адымдап алға жылжып, төрімізге шыққан қазіргі жаңа технология заманының адамзатқа қоятын талабы да өте жоғары болып отырғаны ақиқат. Негізі, адами капиталдың дамуы инновациялық күштердің дамуының негізгі көзі болып табылады. Адами капитал жаңа дәуір талабына сай дамымай қалған жағдайда мемлекеттің тұтас экономикасының артта қалуына тікелей әсер етуі мүмкін.

Бұл – заман талабы. Елбасы бағдарламасын басты бағдар еткен біздің көздеген мақсатымыз – заман  талабына сай білімді де білікті мамандар дайындау. 1934 жылы қабырғасы қаланған университет түлектері қазір егемен еліміздің дамуына үлкен үлес қосып келе жатыр.

 

ҒАЛАМШАР КЕҢІСТІГІНДЕ 4 ҰЛТТЫҚ ҒАРЫШ АППАРАТЫ,  ЯҒНИ ЖЕР СЕРІГІ ҰШЫП ЖҮР

 

Елбасы өзінің мақаласында жаңа дәуірдегі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын атап өтті. Айта кетерлігі, әлемдік ғарыш саласы Елбасы мақаласындағы жаңа дәуірдегі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасымен өте тығыз байланысты. Бүгінгі таңда адамзат атаулыны жұмыр жердің асты мен ғаламат ғарыш кеңістігі жайлы жан-жақты ақпараттармен қамтамасыз етіп отырған цифрландыру жүйесінің маңызы ерекше. Қазіргі жоғары технология заманын цифрландыру жүйесінсіз көз алды­мызға елестету мүлде мүмкін емес. Бүгінгі жылдардың биігі­нен қарағанда, жаңа дәуірде әлемдік кеңістікке шыққан қазақ елі бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп, халықаралық аренада абыройы асқақтады. Осы орайда егемен еліміздің ғарыш саласындағы да жетістіктерін айта кеткеніміз абзал.

Дүние жүзіндегі дербес мемлекет ретінде Қазақстанның әлемдік ғарыш көшіне енгеніне міне, биыл 25 жыл болды. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толды. Осы бір жылда не өзгерді?  Бүгінгі таңда ғаламшар кеңістігінде 4 ұлттық ғарыш аппараты, яғни жер серігі ұшып жүр. Көк жүзіндегі осы 4 жер серігі еліміздің экономикалық қажет­тілігін өтеуге атсалысып келеді. Қазіргі уақытта 4 ұлттық ғарыш аппараттары 500 млн. шаршы шақырым жерімізді түсірген суретін бізге жіберіп қойды. Бұл өте үлкен әрі өте маңызды мағлұмат. Оның  геологияда, геодезияда, өнеркәсіпте, мұнайда, газда, қала инфрақұрылысын жөндеуде, шөл-шөлейтті азайтуда, су тасқынын азайтуда, жалпы, барлық салада көмегі өте зор.

Біздің университеттің басты мақсаты – ғарыштан жіберілген барлық суреттерді тезірек талдап, зерттеп, әр салаға беру, үлкен мағлұматты тиімді етіп игеру. Ғарыштан жіберілген суреттер еліміздің ауыл шаруашылық саласын дамытуға көп көмегін тигізетіні күмәнсіз. Мысалы, ол суреттерден жердің ылғалдылығы, жердің қаншалықты тозғандығы, жерді қашан, қай уақытта, қай мезгілде суғару қажеттігі жайлы жан-жақты мәлімет алуға болады. Жоғары технологиялық сандық жүйедегі мұндай деректер ауыл шаруашылық саласында жұмыс істеп жүрген әрбір фермерге, кәсіпкерге ауадай қажет. Фермерлердің егістік басындағы ерен еңбегіне қарамастан әр түрлі себептерге, табиғи жағдайларға байланысты жылдағы өнім көлемі кейде әдеттегіден кем шығып жатады. Мысалы, 1 гектардан 18–20 центнер өнім алудың орнына, 5–6 центнер ғана өнім алады. Міне, осындай жағдайлардың алдын алу бағытында ғарыштық технологиялардың көмегі зор.

Қазір Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігі ғарыштан алынған ақпараттарды қолдану технология­ларын ертерек елімізге енгізуіміз керек деген үлкен мақсат­ты алдымызға қойып отыр. Бұл цифрландыру жүйесін дамыту бағытындағы негізгі баспалдақ болып табылады. Айта кетерлігі, қаланың транспорттық жүйесін дұрыс ұйымдастыру үшін де ғарыштық ақпараттың маңызы өте үлкен. Мысалы, ғарыштан түсірілген суреттер инфрақұ­рылымды қалай құру қажеттігін, қай бағытқа дамыту керектігін, транспорт тасқындарын қалай қарай бағыт­таудың жолдарын көрсетіп бере алады. Қазір дүние жүзіндегі озық өркениетті мемлекеттерде, міне, соның барлығын реттеп отыратын онлайн ғарыштық мониторинг кең қолданылады. Өкінішке орай, Қазақстанда ол әлі енгізілген жоқ, бірақ енгізуіміз керек, бұл – уақыт талабы.

Тағы бір мәселе. Қазір қолымыздағы ұялы телефоны­мызға онлайн бақылау мониторингі қосымшасы енгізілсе, көлік кептелісінде тұрған қала тұрғындары көшенің қай жерінде қандай қуыс барын, қай көшемен кетіп қалу керек екенін біліп отыратын болады. Сондай-ақ, қаладағы ауа бассейнінің ластануының алдын алуға да ғарыштық технологияның пайдасы өте үлкен. Заманауи ғарыштық технологиялар арқылы қалаға жан-жақтан ағылған автокөліктерден, зауыттардан шыққан зиянды заттарды онлайн тексеріп отыруға болады.

Мен жақында іссапармен Оңтүстік Кореяда болдым. Заманауи өркениет көшіне ілескен мемлекетте ғарыштық технологияның мүмкіндіктері мен жетістіктері кеңінен қолда­нылатын көрінеді. Кең бөлмеде орналасқан мониторда онлайн түрінде дәл сол сәтте қаланың қай жерінде адамның денсаулығына зиянды, ауаны ластайтын қандай газдар шығып жатқандығы туралы маңызды мәліметтерді көрсетіп тұрады. Ал Сеул үлкен қала. Монитор­дағы онлайн бақылау жүйесіндегі әр түрлі түсті белгілер зиянды заттардың мөлшері тиісті деңгейден асып кеткендігі жайлы хабардар етіп тұрады. Мұндай жағдайда қаладағы сол өнеркәсіп басшыларына дәл сол сәтте онлайн түрінде ескерту немесе әкімшілік айыппұл туралы хат жіберіледі. Қазір мұнай қалдықтарын төге салу, шаша салу немесе көме салу секілді елімізде кездесетін кейбір келеңсіз жағдайларда өзгелердің осындай өнегесін, тәжірибесіндегі тиімді тәсілдерін қолдануға әбден болатын еді. Міне, қарап отырсақ, мұның барлығы жаһандану дәуіріндегі қолжетімді технологиялар арқылы енгізілген жаңалық. Бүгінгі таңда Қазақстан да осындай қолжетімді технологияларды екпінмен енгізуді көздеп отыр. Ал мұны елімізге екпінмен енгізу үшін, ең бастысы, адами капитал керек.

 

ҒАРЫШТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР   АРҚЫЛЫ АРАЛ ТҰЗЫНЫҢ КӨШУ ЖЫЛДАМДЫҒЫН БІЛУІМІЗГЕ БОЛАДЫ

 

Ғарыштық технологияға байланысты тағы бір маңызды мәселеге тоқталған жөн. Ол Арал теңізіне байланысты адамзат жүрегін ауыртатын жағымсыз жағдай. Арал тұзының көшуі өте қауіпті құбылыс. Қазір ғарыштық технологиялардың көмегі арқылы Арал тұзының көшу жылдамдығын білуімізге болады. Негізі, тұздың мөлшері өте аз болса да, оның ұшу жылдамдығы өте жоғары болады. Ұшу жылдамдығы жоғары болғандықтан, тұз кристалдары желмен ары қарай тасымалданады. Сондықтан Арал теңізі тұзының Түркістан қаласына немесе Сауран бекетіне жақындауы өте қауіпті табиғи құбылыс тудырады, қойнауы қазынаға толы қазақтың дархан даласының небір шұрайлы жерлері жоғалуы мүмкін. Ғарыштық технология­ның бұл орайдағы тиімділігі – адам бара алмайтын жерлердің барлығында тұздың қалай жатқаны, қалай көшіп жатқаны, қай жерге сексеуіл егу керек екендігі, қай жерге не істеуге болады деген өзекті мәселелер туралы қажетті мағлұмат беретіндігінде.

Жаңа ғасырдың жоғары технологияларын біз батыл қолдануымыз қажет. Ал ол үшін елімізге білімді де білікті мамандар керек. Кәсіби маман ғарыштан алынған технологиялық суреттердің барлығына зерттеу жасап, талдау жүргізіп, оны оқи білу керек. Біз шәкірттерімізге сызуды үйреттік, машина жасауды үйреттік, ендігі мақсат – ақпарат пен цифр мәселесін меңгеру. Қазіргі заманауи жаһандану дәуірінде цифрландырудың маңызы өте зор. Болашақта біздің әрбір қадамымыз цифрландырылатын болады. Өйткені, қазір қолымыздағы кішкентай ғана ұялы телефонымыз арқылы жүректің қалай соққанын білуге болады. Адамзат қол жеткізген қазіргі жаңа жетістіктердің барлығы цифрлы технологиялардың жемісі. Мысалы, телефон 75 жылда, интернет 7 жылда, Facebook 4 жылда, Іnstagram 2 жылда, Pokemon Go 1 айда 100 млн. тұтынушыларға қолданысқа енгізілді. Неткен жылдамдық!  Қазіргі цифрлы технологиялардың қарқынды даму жылдамдығы экономиканың даму деңгейіне үлкен әсер етеді. Цифрландыру мәселесі өміріміздің барлық саласына өзі келіп кіреді, барлық саланы қамтымаса да, тіпті қазірдің өзінде цифрландыру қоғамымызға кіріп келді де. Біз ұялы телефонды өндіріп жатқан жоқпыз, бірақ дамыған елдер оны әр баланың қолына жеткізіп берді. Сол сияқты, жаңа технологиялар күн сайын көбейе береді, көбейе береді, төрімізге ене береді. Болашақта соған құл болмас үшін біз барынша сол технологиялардың «үстіне отыруымыз керек», яғни тек қана қолданып қана қоймай, оны шығару мәселесін де қолға алуымыз қажет. Бұл өте маңызды мәселе. Сонда ғана ел экономикасы өзгелерге тәуелділіктен ақырындап арыла бастайтын болады.

2013 жылдан бастап университетімізде Ғарыштық құралдарды қолдану  кафедрасы жұмыс істейді. Қазіргі таңда Қазақстандағы 4 жоғары оқу орнында ғарыш техни­калары мен технологиялары мамандығы бойынша жастар білім алып жатыр. Президенттің халыққа Жолдау­ларын, Үндеулерін, Жарлықтарын студенттермен жан-жақты талқылау университетімізде әдемі дәстүрге айналған.

Елбасы тапсырмасына орай, биыл университетіміздегі алға қойылған маңызды мақсаттардың бірі – студенттерді магистратура мен докторантура бөліміне қабылдау. Білім ордамыздағы ғарыштық технологиялар саласында қазақ топтарын енгізіп жатырмыз. Техникалық терминдерді инженерге түсіндіру өте қиын. Соған байланысты, Ресей­ден арнайы 40 жыл бойы «Роскосмоста» жұмыс істеген кәсіби мамандарды кафедрамызға шақырып, қазақ тілінде ғарыштық технологияларды қолдану туралы кітап шығарып жатырмыз. Бұл үлкен мәселе. Қазір оқу технологиялары да өзгеріп жатыр ғой. Заман талабынан туындаған қашық­тықтан білім алу да қазіргі таңда дүние жүзінде үлкен сұранысқа ие болып келе жатыр. Қазіргі кезде өнеркәсіп, ғылым саласымен оқу орындарының арасындағы қарым-қатынас жиілей түсті. Бұл қарым-қатынас бұрын да орнатылған болатын, бірақ қазіргі таңда бұл байланыс беки түскені анық. Себебі, тәрбиелеген шәкірттеріміз ертең далада жұмыссыз қалмау үшін тікелей жұмыс істеуге тура келеді. Ертең оқу бітірген түлектеріміз жұмыс табу керек. Келешекте жас түлек не ғылымда, не өнеркәсіпте, не биз­несте өзінің таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеп, қоғамға өзінің пайдасын тигізе білгені абзал. Бұл бағытта біз жұдырықтай жұмыла жұмыс істейміз. Университеттегі бұл іргелі іс-шаралардың барлығы Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сай жасалып жатыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close