Рухани жаңғыруды әрбір қазақстандық өзінен бастауы керек

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат деп білемін. Мақа­лада сананы жаңғырту, ұлттық бол­мыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселелер көтеріліп, болашаққа бағдар берілген. Бағдарламада ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айрықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен эконо­микалық жаңғыруды қолға ала отырып, біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде елеулі бағыт берген.

Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім-ғылымға аса көңіл бөлуінің өзі – ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғау­шы күш іспеттес.

Президент Н.Назарбаев бұл ретте тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың  бірнеше бағытына жеке-жеке тоқталады. «Сананы жаңғырту­дың» мазмұнын саралай отырып, Елбасы жаңғырудың алты бағытын белгілейді: бәсекеге қабілеттілік; прагматизм; ұлттық бірегейлікті сақтау; білімнің салтанат құруы; Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; сананың ашықтығы.

Компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар да аса қажетті алғышарттардың санатынан орын алған. «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфес­сияаралық келісім» сияқты бағдарламалар болашақтың қамы үшін жасалған дүние.

Ұлттық жаңғыру дегеніміз, ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты, меніңше, ұлттық бірегейлікті сақтап, ел ішінде бейбітшілік пен келісімді үйлестіре отырып, ұлттық береке, бірлік салтанат құрған бәсекеге қабілетті, табысты ел болу дегенді білдірсе керек. Олай болса, бұл бағдарламаның бізге берері мол. Бүгінгі күні аталған бағдарламаның жарияланға­нына бір жыл уақыт болды. «Осы уақыт аралығында не істедік? Онда көрсе­тілген нақты міндеттерді жүзеге асыруға атсалысып жатырмыз ба?» деген сауалға тек билікте, қызметте отырғандар ғана емес, кез-келген қазақстандық өзінен жауап іздеу керек секілді. Бір міндет жүктеліп, тап­сырма берілсе, бізде бір түсінік қалыптасқан «біздің неміз бар, биліктегілер істейді ғой» деп отыра береміз. Ол дұрыс емес. Себебі, елі үшін, жері үшін, әрбір қазақстандық жауапты екенін түсінуі қажет. Рухани жаңғыру бағдарламасын әркім өзінен бастауы керек. Өйткені, жаңғыру дегеніміздің өзі, жаңа әлеммен қабыспайтын, жанаспайтын дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдірсе керек. Ал оны алдымен, бәріміз өзімізден бастаға­нымыз жөн болады. Өйткені, көне заман­нан қалып қойған дағдылардан арылмай, ешкім жаңа заманға аяқ баса алмайды. Ескі түсінік, дағды адамды үнемі кері тар­тып отырады емес пе?! Сондықтан елімізге келіп жатқан жаңалықтарды, жаңғыруды қабылдап, дұрыс түсіну үшін әрбіріміз өз бойымызды, ойымызды жаңғыртуымыз шарт.

Мемлекет басшысы латын әліпбиіне көшуді жариялады. Біз оқытушы ретінде оны қолдаймыз. Ғылыми-педагогикалық қызметімізде аграрлық мамандар дайын­дауда заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойла­рына сіңіруді және озық технологияларды меңгеруді алға қоямыз.

Қазақ Ұлттық аграрлық университе­тінде 2010 жылдан бастап оқу орнын ұлттық зерттеу институтына айналдыру жолында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мем­лекет басшысы Н.Назарбаевтың аграрлық білім мен ғылымды реформалауға және  2017—2021 жылдарға бағытталған Қазақ­стан Республикасының ауыл-шаруашылық кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларына сәйкес міндеттер жүзеге асырылуда. Бұл ретте рухани-адамгершілік құндылықтар мен «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық идеясын насихаттайтын іс-шараларға қатысатын  білімгерлер үлесін арттыру көзделген. Туған өлке тарихы мен табиғатын танып-білу мақсатында «Агро­туризм» студенттер клубы құрылды. «100 жаңа есім» атты ұлттық жоба аясында тәуелсіздік жылдары жетістікке жеткен жер-жердегі әр түрлі жастағы, әр түрлі ұлт өкілдерінің үздік түлектер базасы жасалынды. «Қазақстан тарихы және Қазақстан халықтарының мәдениеті» атты жаңа  кафедра құрылып, онда мемлекеттік этно-саясат және жастарды бейбітшілік пен ұлтаралық келісім мәдениетіне тәрбие­леудің  өзекті мәселелеріне арналған ғылы­ми-зерттеу жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Университеттің профессор-оқыту­шылар құрамы және ғалымдары әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әр түрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім беруге өз үлестерін қосуда.

Қарап отырсақ, Елбасының «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қай салаға болмасын, үлкен өзгерістер енгізді, жаңашылдық әкелді. Жарияланға­нына бір жыл уақыт болса да, атқарылған іс шаш-етектен. Әлі де білек сыбанып кірісетін шаруа жетерлік. Біле білсек, бұның бәрі елдің болашағы үшін жасалып жатқан дүниелер. Әрі бұл «Қазақстан-2050» Стра­те­­гиясының басты мақсаттарына қол жет­кізудің және әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кірудің бірден-бір мүмкін­дігі.

 

Нәзия СҮЛЕЙМЕНОВА,

ҚазҰАУ профессоры, академик.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *