Оқушылар есік қорғанына барып қайтты

Құттыбек АЙМАХАН

 

Өткен жылы 12 сәуірде, яғни осыдан тұп-тура бір жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халық күткен мақаласын жария еткен болатын. Онда «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің география­сы» жобалары керек» деп атап өткен еді.

Әрине, біздің елде киелі де қасиетті тарихи жерлер өте көп. Бұл ретте ұзаққа бармай-ақ, өзіміз тұратын Алматы қаласы маңының өзі талай тарихқа тұнып тұрғанын байқаймыз. Атап айтқанда, мына дәл іргемізде тұрған Боралдай сақ қорғандары археологиялық кешені аумағында бүгінде 47 сақ және үйсін қорғандары бар болса, «Алтын адам» жәдігері табылған Есік қорғандар кешенінде жалпы саны 83 сақ қорымдары осы күнге дейін сақталған екен. Атап өтетіні, оның 16-сы Алматыдан Есік қаласына кіріп келе жатқандағы «Есік» қорық-мұражайы айналасында менмұндалап көзге көрініп тұр.

Міне, өткен сенбіде Бостандық ауданы әкімдігінің және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйымдастырумен өскелең ұрпақты киелі және қасиетті жерлермен таныстыру арқылы патриоттық сезімге тәрбиелеу мақсатында аудандағы №81 мектеп пен №146 лицейдің жоғары сыныптары 50 оқушысы аталған «Есік» қорық мұражайына экскурсиямен барып қайтты.

Оқушылар әуелі мұражайға кірмес бұрын, оның іргесіндегі әр жерде қарауытқан сақ қорымдарының 16 оқшау төбе түріндегі қорымдарымен танысты. Айта кететіні, кезінде олардың бәрінің төбесі қазылып, тоналғаны байқалады. Экскурсияны жүргізуші Нағиманың айтуынша, атақты «Алтын адам» жатқан қорым да бір кездері дәл осылай тоналған екен. Бірақ «тонаушылар» қорымның дәл отасынан 3–5 метрдей тереңдікте қазып, ештеңе таппай кетіп қалыпты. Ал «Алтын адам» мәйіті төбенің іргесінде, қазылған жердің дәл жанында дін-аман жата берген. Осылай «Ана төбелер ішіне қаншама сыр бүгіп жатыр екен?» деген балалар сұрақтарына саяхатты жүргізуші апайлары «Әрине, қазір мына қорымдарға тиісуге қатаң тыйым салынған. Бірақ бір күндері олардың барлығы қазылып, терең зерттелетін шығар!» деп, екіұштылау әрі сенімсіздеу жауап берді.

Содан кейін, оқушылар тарихи-мұражай ғимаратына кіріп, топ-топқа бөліне бөлмелерді аралай бастады. Әрине, мұндай көне жәдігерлер мен мұралар самсап тұрған мұражайды аралауға екі-үш сағаттың өзі аздық ететінін сезіп тұрмыз. Сондықтан ондағы көне мұралардың ішіндегі ең негізгілерін ғана атап өтуді жөн санадық. Мысалы, көбіне қорымдарда патшалар әйелдерімен және жақын туыстарымен бірге  жерленіпті. Атап айтқанда, бір қорымнан 60-тан асқан әйел мен 30-дардағы жігіттің қатар жатқан мәйіті шыққан. Сосын, көп қорымдардан табылған қаңқа сүйектер арқылы ер адамның шалқалап, оның жанында әйелдердің бір қырымен жатқызылатыны анықталған. Бұлар сол кездің жерлеу салты болса керек. Сондай-ақ, атап өтетіні, сақ патшалары мен ханза­даларының бас киімдерінен бүркіттердің бейнелері де табылған. Соған қарап, ғалымдар қыран құстар осыдан 2,5 мың жыл бұрын қолға үйретілген деп тұжырым жасап отыр. Демек, қазақ жерінде 5 мың жыл және 2,5 мың жыл бұрын қолға үйретілген жылқы мен қыран құстың жеті қазынамыз қатарына жатқызылуы тегін емес-ау?! Оның үстіне күн астында еркін қалықтаған қыран құстың тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Туында бейнеленуінің де түпкі сыры да өте тереңде жатқанын ұққандаймыз.

Қысқасы, бұл саяхаттан оқушылар шынымен де үлкен рухани сабақ алып қайтқандай болды. Тіпті, олар осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кезінде «Алтын адам» табылған жердің жекеге сатылып кетіп, қазір ол жерде «Алтын адам» деген мейрамхананың салынып кеткенін білді. Сондықтан да олар болашақ бағ­дарымыз шынымен-ақ рухани жаңғыру болуы керектігін түсініп қайтқандай болды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *