Мәулен – маңызды жобаның иесі

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

«Жасымда ғылым бар деп ескермеудің» заманы әлдеқашан өткен. ХХІ ғасырдың жотасына шыққалы адамзаттың ақылы жетпеген меже һәм айласы өтпеген өмір құбылыстары саусақпен санарлықтай ғана. Алыстан арбалап қайтеміз, ауыз толтырып айтуға тұрарлық аңызға бергісіз дүниені дөңгелетіп әкеткен азаматтар ауыл арасында да бар екен. Солардың бірі – «Nurіntech» республикалық инновациялық жобалар байқауының жеңімпазы Мәулен Бектұрғанов.

Жас өнертапқыштың «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасы аясындағы «100 жаңа есім» жобасының алғашқы кезеңінде дауыс жинау көрсеткіші жағынан 16 орынға табан тірегенін біреу білсе, біреу білмес. Дегенмен, ол – қазақстандық ғылымның дамуына үндемей-ақ үлес қосып жүрген жандардың бірі. Жастайынан математи­каға әуес болған Мәулен қазіргі уақытта бионикалық протез қол жасап, көмекке зәру жандардың алғысын арқалап жүр.

Өзінің айтуынша, Алматыдағы О.Жәу­ті­ков атындағы республикалық физика-математика мектебінде оқып жүргенде жазғы демалыс күндері еліміздің әр қаласындағы «Дарын» орталықтарында өзі секілді білімге құштар балалармен пікір таластырып, түрлі ғылыми идеялар жөнінде армандап өскен көрінеді. Сонымен қатар, математикадан бөлек, бағдарламалау сайыс­тарына қатысып жүріп, қазіргі жетістіктеріне төте жол салған.

Мектеп бітірген Мәулен қаламыздағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне оқуға қабылданғаннан кейін сол жерде ғылыммен түбегейлі айналысатын мүмкіндік тапты. Өйткені, өзі армандап келген соңғы үлгідегі техноло­гиямен жабдықталған лабораторияға қалағанынша кіріп-шығатын еді.

Жас ғалым жасанды қолдың нұсқасын 2015 жылы алғаш рет көргеннен-ақ оны жасауға деген ынтасы бірден оянады. Сөйтіп, ол өзінің арманын орындауға бел шеше кіріседі.

Алғашқыда өзі жасап жатқан биони­калық қолдың сырт елдерде озық үлгісі бар екенін айтып, жолынан кері қайтарғысы келетіндер болыпты. Бірақ алған бетінен таймаған Мәулен Бектұрғанов қазақстан­дықтардың жасанды қолды басқа мемле­кеттерден қымбат бағаға сатып алуын құп көрмейді. Сондықтан ол азаматтық идея­сын еліміздегі көмекке мұқтаж әрі қалтасы жұқа ағайынның арманымен ұштастырып, екінші жағынан отандық өнімнің дамуына өз үлесін қосуды ойланбастан бастаған.

Мәуленнің айтуынша, ол жасанды қолдың алғашқы нұсқасын тәжірибе есебінде кішкентай балаға тегін жасап берген. Баланың ата-анасы жас ғалымның қолға алған жаңа жобасы туралы естіп, өздері хабарласқан екен.

Негізі, бионикалық қол әр адамға жеке­лей түрде арнайы дайындалады. Өйткені, тұтынушының қолы қалай зақымданды және оның сезімталдығы қандай болатыны алдын-ала нақтыланады. Осылар анықтал­ған соң ғана протез жасау жұмыстары басталады. Бағасы да атқарылатын жұмыс­тарға байланысты әр түрлі болып келеді.

Жасанды қол жасаудан тәжірибе жинап, ойын одан әрі өрістеткен жас ғалым күн өткен сайын өзінің алдына нақты мақсаттар қоя бастады. Соның арқасында 2017 жылы «Mbіonіcs» компа­ниясы құрылып, қазақстандықтарға тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді.

Мәуленнің сөзіне сенсек, әлемде осындай жолмен жасанды қол жасайтын ғылыми орталықтар саусақпен санарлық. Германия, Ұлыбритания секілді батыс­еуропалық елдерде бар болғаны оншақты  компания бар екен. Ал АҚШ сынды экономикасы қарыштап дамыған алпауыт мемлекеттің өзінде бионикалық қол мүлде шығарылмайтын көрінеді. Осы уақытқа дейін әр түрлі елдердің ғылыми жобаларын зерттеп, зерделеп келген Мәулен интернет арқылы тәжірибе жинақтап, «Mbіonіcs» компаниясының өмірге келуіне тер төккен. Шет елге шығып, сырттағы ғалымдардан білім алу мүмкіндігі болмаса да, қазіргі уақытта отандық нарыққа өз өнімін ұсынып, компания­сының атын қалыптастырып үлгерген. Сұраныстың да күн санап артып жатқаны осының айғағы. Қазір еліміздегі ІІІ топтағы мүгедектер шекара аспай-ақ, бионикалық қолдың иесі атана алады. «Mbіonіcs» өз өніміне кепілдік береді. Өйткені, жерлесіміз бірінші кезекке ақшаны емес, ғылым мен тәжірибені қойып отыр.

Орталықта Мәуленнен бөлек элек­троншы, бағдарлама енгізуші 3D дизайнер-конструктор және хирург бар. Керек кезде алматылық протез орталығынан өздеріне қажетті кеңестерді, көмектерді алып тұрады екен. Сонымен қатар, «Mbіonіcs» 3D моделін басып шығаратын арнайы компа­ниямен де серіктес ретінде жұмыс жасап келеді.

Мәулен мұнымен тоқтап қалған жоқ. Бүгінгі күні ол автоматты түрде басқары­латын қолдың жобасын жасап жатыр. Себебі, осыған дейінгі протездерге енгізілген 20 шақты функцияда ауыстыру және басқару қимылдары көп уақыт алады. Жаңа жоба бойынша бионикалық қол Германиядан алдырған сенсор арқылы басқарылып, алақанды ашып-жұмуға, білекті қозғалтуға, компьютер тышқанын басқаруға, т.б. әр түрлі тұрмыстық құрал­дарды ұстауға болады. Бір сөзбен айтқанда, табиғи қолдың атқаратын ең маңызды қызметтерін жасау қиындық тудырмайды.

Бір шыңды бағындырған соң, келесі шыңға шығуды мақсат етіп қоятын асыл қасиет альпинистерде ғана болмайды. Мәулен де қолға алған жұмыстарын толық меңгергеннен кейін қолдың иыққа дейінгі бөлігін және жасанды аяқ жасауға кіріс­пек­ші. Жасанды аяқ – жасанды қолдың жалғасы десек те, оны жасаудың қиын­дығын жас ғалымнан артық ешқайсымыз түсіне қоймаспыз.

Мәулен мұнымен де тоқтамайды. Алла қалап, жасанды аяқтың жұмысы сәтті болып жатса, көздің жасанды қарашығын жасап шығаруға талпынып, талаптанып отыр. Өйткені, соңғы кездері ересектер ғана емес, жастардың да арасында көп кездесе бастаған көру қабілетінің төмендігі жерлес ғалымды толғандырмай қоймайды.

– Әр саланың, әр адамның формуласы әр түрлі болады. Маған қол жеткізген жетістігім емес, соған жету жолында атқарылған жұмыстарым қызықты. Адам алдына үлкен мақсат қояды. Соған қол жеткізген соң әрі қарай қайда барарын білмей қалады. Миллионерлердің көпшілі­гінің өмір тарихын қарасаңыз, осыны байқайсыз. Сондықтан мақсат неғұрлым биік болған сайын, құлшыныс та, күнде­лікті процесс те соғұрлым қызықты болады. Оңай келген нәрсенің қадірі болмайды. Жұмыс процесінен ләззат алуға тырысу керек. Адам өзінің сүйікті ісімен айналыс­қанда ғана жетістікке жете алады, – дейді Мәулен Бектұрғанов.

Сондай-ақ, ол қазақ жастарының еркін ойлап, еркін армандауға келгенде қысы­лып-қымтырылатынын ұнатпайды. Жас ғалым Батысқа еліктеу дегенде көз алдымызға жабайы мәдениетті елестетіп, өзіміздің көлеңкемізден өзіміз қорқатыны­мызды да сынға алады. Расында, тиынның екі жағы болатыны сияқты, Еуропадағы адамдардың еркін ойлылығын, еңбексүй­гіш­тігін өзімізге үлгі есебінде пайдалануы­мыз керек екен. Жас ғалым солай дейді.

Былай қарасаң, Еуропаға тән еркін ойлы қоғам еңбексүйгіш болып келетінге ұқсайды. Оған экономикалық-әлеуметтік әлеуетінің жоғары көрсеткіштері дәлел болады. Әрине, қазақы тәлім-тәрбиенің мән-маңызын жоққа шығаруға болмас. Дегенмен, отандық ғылым-білімнің одан әрі дамуы үшін Мәулен сынды еркін ойлай алатын, ерік-жігері бар жастарды өсіріп, оларға қолдау көрсету – әрқайсымыздың міндетіміз.

– Бізде «Мектепте үлгілі оқушы болу керек, университетке грантқа түсу керек, кейін тұрақты жұмысқа орналасып, зейнет­ке шығу керек» деген циклді әрекеттер әдетке айналған. Меніңше, жастарды бұл менталитеттен арылту керек, – дейді Мәулен.

 

 

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close