Музей төрінде – Амангелді Иманов

Биыл – Амангелді Имановтың туғанына 145 жыл толды. Кенесары Қасымовтың үзеңгілес серігі Иман батыр Дулатұлының немересі – Амангелді Үдер­байұлы (1873—1919) қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі.

 

Әкесінен жеті жасын­да жетім қалып, жоқшы­лық тауқыметін ерте тартқан. Ел ішіндегі дау-шарға ерте аралас­қан­дықтан, Ресей империя­сының жергілікті билеу­шілерінің қудалауына ұшы­рап, бірнеше рет түрмеге қамал­ған. Пат­шаның отарлық саясаты, Бірінші дүниежүзілік со­ғыстың қарсаңында елдегі алым-салық­тың көбеюі, Қазақстан, Орта Азия, Сібір бұратана халықта­рын тылдағы жұмысқа алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы Жарлығы Торғай қазақтарының ашуын туғызып, бас көтеруіне себепші болды. Амангелді Имановтың қолбасшылық, ұйымдас­тырушы­лық қабілеті осы көтеріліс бары­сында айқын көрінді.

Торғай қазақтарының көтері­лісіне қатысушы бас-аяғы 50 мыңға жуық көте­рілісші-сарбазды басқарып, оларды қару-жарақпен қамтамасыз ететін шеберханалар ұйымдастырды. Қостанай, Ырғыз, Торғай, Қызылорда, Ақтөбе, Ақмола, Семей сынды аймақтар­дан көтеріліске қатысуға  келген қазақтардың басын бірік­тіріп, оларға ұрыс жүргізу тәсіл­дерін, қару-жарақты қалай қолда­ну керектігін үйретті. Ол 1918 жылы наурызда Орынборда өткен Торғай Кеңестерінің тұңғыш съезіне қатысып, Торғай уезінің әскери комиссары болып тағайындалады. 1919 жылы сәуірде Торғайда Кеңес өкіметі құлап, Амангелді тұтқынға алы­нып, ату жазасына кесілді. Мәйіті бір жылдан кейін әуелі Алакөлге, кейін аудан орталығына әкелініп жерленеді. 1939 жылы «Ленфильм» киностудиясы «Амангелді» фильмін түсірді. Бұл көркем­өнер туындысы қазақтың тұңғыш дыбысты фильмі болды (мәлімет­тер http://el.kz сайтынан алынды).

«Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар музейі Орта­лық ғылыми кітапха­наның Сирек кездесетін кітаптар, қолжаз­балар және ұлттық әдебиеттер бөлімімен бірлесе отырып, халық батырының туға­нына 145 жыл толуына орай «Амангелді Иманов» атты уақыт­ша экспозиция ұйымдастырды. Оған ХХ ғасырда  басылып шыққан кітаптар қойылған. Басым көпші­лігі сол кездегі ұлт-азаттық көтері­лісті және Амангелді Имановтың бейнесін, қызметін сипат­тай­ды. Кітаптар қазақ тілінде, латын графи­касында және кириллицада басылып шыққан. Сондай-ақ, фотолардың көшір­мелері де сөрелерден орын алған. Аталмыш көрме осы жылғы сәуір айының 23-не дейін жалғасады. Көрмені тамашалаймын деушілерге есік ашық!

 

Әбдіғали БЕКІШЕВ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *