Менің жанрым – күнделік

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ

 

 

Народный мешок

 

7.11.12.

Күн бұлыңғыр. Ертең спектаклім. 6 ай болды ойнамағаныма. Қобалжу бар. Жүріс-тұрыс та бұрынғыдай емес.

 

8.11.12.

«Ымырттағы махаббатты» ойнамағаныма 6 ай (8 мамыр – 8 қараша) болып еді. Сағынып қалыппын. Жақсы өтті. Әр тоқсан сайын болса да ойнап тұру керек. Қазір нағыз ерке болған кезіміз-ау.

 

9.11.12.

Бағдат менің сымбатты жүргенімді ұнатады. «Шаштаразға заказ бердім» деді. Бұрын мен шашымды өзім ала беретінмін. Қарсылық білдіріп едім, өкпелеп қалды, көндім. «Көзіңнің астындағы мешокты алу керек» дейді. Мен «енді мұныңа келісе қоймаспын, бұл еңбекпен, уақытпен келген мешок» деймін ғой баяғы. Тіпті, «народный мешок» деп күлдіремін. Шыны сол. Әрине, қанша сыланып, сипалансаң да уақыт дегенін істейді ғой. Бағдат та менің жас боп көрінгенімді қалайды ғой, ең бастысы маған деген ниеті, көзқарасы дұрыс, адал.

 

8.12.12.

Өскемен. Рүстем Есдәулетовті еске алу кеші. Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп ашты. Аса қарапайым басшы. Басшылар одан үлгі алса жаман болмас еді.

 

21.12.12.

«Ымырттағы махаббат». №12 аурухананың басшы­сы Марат Абдуллаев, профессор Болат Уахитұлы Шалекенов қатты риза болды. Болат «Мастердің аты – мастер ғой, мен Мәскеуде Царевтің ойнағанын да көріп едім, ал сіздікі мүлдем басқаша» деді. Мұны айтып отырғаным, көбіне басқа сала адамдарының пікірі маған нанымды, шынайы көрінеді де тұрады.

 

22.12.12.

Қазақстанда ең кедей тұратындар – қазақтар.

 

31.12.12.

Үйге менімен бірге ту сыртымнан бір ит кіріп келеді. Мен сол аяғыммен тұмсығынан теуіп қалдым. Соған әлі өкініп жүрмін. Ит те жеті қазынаның бірі ғой, мүмкін маған келген қызыр шығар. Жоқ боп кетті. Күнде күтемін, жоқ.

 

Өз еліңді менсінбеу деген бір бәле пайда болды

 

1.01.13.

Біссміллә!

Түске дейін ұйықтаппыз. Үйге студенттерім Қайрат пен Дархан келді. Сондай сүйкімді, жарасымды жұп. Екеуі үйленбекші. Сый-сияпат жасадық.

Енді қайтіп оралмайтын сонау бозбала күніміз еске түсіп, елжіреп те алдық.

…Қазір енді қыдырудан гөрі көбіне үйде болғанды тәуір көремін. Әр нәрсе уақытымен екен. Баяғы жаңа жылдар қызықты өтетін тәрізді еді. Қазір скучно! Жастарды аяймын. Байлар шет елде өткізеді. Өз еліңді менсінбеу деген бір бәле пайда болды.

 

3.01.13.

Күн бұлыңғыр. Сондай көңілсіз, бірсыдырғы күндер. Адамдардың бір-бірімен шаруасы жоқ. Әйтеуір жанталасып жүрген жұрт. Қар жауған жоқ. Скуката. Баяу басып, кеңсеге келдім.

 

4.01.13.

Сұлтанғали Шүкіровтің қырқы. Жақсы азамат еді. Ақтөбелік. Қуыршақ театрына көп еңбек сіңірді. Біреуге орын керек болып, ысырған. Қытай жақта бизнесте жүрген еді. Науқасы меңдеп Германияда қайтыс болды.

 

5.01.13.

Мәдиімнің қайтқан күні. 12 жыл болды.

Күн жарқырап тұр. Жұмыс істеуге қолайлы күн тәрізді, егер көңіл-күй орнында болса. «Сұлтан болсам егер мен» пьесасын Лермонтов театрына қойсам деген ойға келдім.

 

9.01.13.

Бағдат көптен бері көздің жан-жағына операция жасау керек деп көндіре алмай жүр еді. Соған келісімімді бердім.

Президенттің өзі стипендиясын тапсырды. Кино жөнінде бір-екі ауыз сөз айттым. Құптады.

 

«Қазақтың баласымын»

 

10.01.13.

Ертемен Бағдаттың инициативасымен медициналық орталыққа барып, көздің жан-жағына пластикалық операция жасаттық. Бір жарым сағат жасады. Роман Анатольевич деген еврей жігіті: «Ұлы адамға жасап жатырмыз» деп мәз болды. Қорытындысын көрерміз. «Раньше вроде добрый взгляд был, а сейчас взгляд у бандита» деп күлдіріп қойдым. «Все будет хорошо» деп қояды.

11.01.13.

Үйде болғаныма Бағдат мәз. Көзім кісі қорқа­тындай. Бағдат «Тәтем көрмесін, көрсе мені сояды» дейді. (Амантай қарындасымды айтқаны). Үш-төрт күннен кейін тікенін алады.

 

19.01.13.

Балам бес жаста. «Әкеңнің баласысың ба, анаңның баласысың ба?» деп сұрағандарға «қазақтың баласымын» депті.

 

21.01.13.

Русланды, Қуат Ахметті (режиссер) шақырып алып, келешек фильмнің сценарийін талқыладық. Бұлар «экшн» стиліне тарта береді. Бұл материал оған көнбейді ғой. Алға қойған мақсатым (менің халыққа жолдауым іспеттес) – Қасымхан Шанышевтің тағдырын аяқтау. Соңғы бесінші фильмнің жобасын жасау. Елге әкелдік, ендігі қызмет не? «Где вы, господин Ка?».

 

«Театр – шахмат, ал актер пешка емес»

 

23.01.13.

12-сі күні Сарысу, Созақ, Талас, Жуалы жағында қатты дауыл болған. Соған алаңдап отырмын. Қатты дауыл тұрып, үйлер құлаған. 3 млрд.-тай шығын болған. Әйтеуір адамдар аман. Алайда, өзі сорлап отырған ауылға қиын болды. Әруақ қолдаған болу керек, мешітіміз де дін аман.

Қонаев қорына фотоальбомымды сыйға тарттым. «Ел көсемі – Қонаев қорына» деп қолтаңба қойдым. «Енді шахмат сыйлаңыз» деді. Шахматқа: «Театр – шахмат, ал актер пешка емес» деп жаздым.

24.01.13.

Президент альбомымды алғаны, ұнағаны туралы өз қолымен  хат жазып жіберіпті. Соңында: «Бір жайба­рақат отыруды мен де армандаймын. Амандық болса, ол да болар. Жанұяңызға сәлем» деп қол қойыпты.

21.01.2013. Астана.

 

Тұман түссе, Тұманбай марқұм есіме түседі

 

26.01.13.

Кешкісін Омар Қиқымов атағын жуды. Аңқыл­даған, адал, дарынды жігіт.

 

28.01.13.

Жаңбыр. Қыста жауған жаңбыр жайсыз ғой. Жалпы ауа-райында жайсыздықтар көп. Түнде үш рет жер қозғалды.

Тұман. Тұман түссе Тұманбай марқұм есіме түседі. Одан Қадырды елестетемін. Қадыр маған тірі жүргендей сезіледі.

 

29.01.13.

Омар өлеңдерін оқыды. Серік (Жармұхамедов) екеуміз пікір білдірдік.

Үйдің қорасында бір жығылып тұрдым. Көктайғақ.

 

30.01.13.

Ақылыңды алғаны көп алғаны, атағыңды алғаны аз алғаны, абұйырыңды алғаны түгел алғаны. Абұйырлы болу әркімнің қолынан келе бермейтін шаруа.

 

31.01.13.

Тұман. Сүреңсіз қыс. Балам ұйқысынан тез тұрады, күліп оянады. Күлкісі жақсы. Юморист болады-ау.

 

2.02.13.

Бағдаттың қинап шаштаразға әкелетіні бар. Менікі айтқанды тыңдап отыру. Қалай алу керектігін айтып, команда береді. Мен «хозяйка мысығын алып келді» деп қалжыңдаймын, ал мастер болса «қалай аламын?» дегендей Бағдаттан бұйрық күтеді.

 

3.02.13.

Маралтай үйіне шақырған. Асаубай, Әбдірахмандар болды. Жақсы әңгіме айтылды. Асаубайға: «Сендер жағал­­байлылар жиналып бір жылқы сойып, мені шақы­рыңдар, сендерден Төлегенді өлтіргенім үшін кешірім сұрайын» дедім. «Ойланатын шаруа екен» деп қалды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *