Марапатқа толы үш күн

Айкерім Райысқызы

 

Ақпанның алғашқы апталары қазақ мәдениетіне, өнеріне қошемет көрсетуге арналғандай. Ұлттық қорымыз бірнеше құнды еңбектермен толығып, арыстары­мыздың аттары ардақталды.

 

 

Асқаровтың алты туындысы оқырманға жол тартты

 

Алдымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика  факуль­тетінде М.Сералин атындағы жас­тар шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласын дәріптеу, онда айтылған ойларды жүзеге асыру мақса­тында көрнекті жазушы Әлібек Асқаровтың жаңа кітаптарының тұсаукесер кеші өтті.

«Көккөл», «Аспантау», «Шанағаты», «Шабанбай», «Қазығұрт», «Мұзтау» деген бірнеше кітаптан тұратын жинақты «Фолиант» баспасы басып шығарған.

Кездесу басталмас бұрын ҚазҰУ рек­торы Ғалымқайыр Мұтанов жазушыға әл-Фараби атындағы медальды тағып, шығар­машылық шабыт, толағай табыс тіледі. Ал жиынды Журналистика факу­льтетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы сөз сөйлеп ашты. Ол Әлібек Асқаровты жазу­шы ретінде ерекше бағалайтынын айтып, оның адами қасиеттеріне тоқталды. Кешке қатысқан «Алматы ақшамы» газе­тінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Түр­кістан» газетінің тілшісі Көлбай Адыр­бек­ұлы, суретші Еркін Нұразхан да өз кезе­гінде сөз алып, жазушының еңбегін жоғары бағалады.

Көрнекті қаламгердің қай еңбегін алып қарамаңыз, Қазақстанның табиғатынан аттап кетпеген. Еліміздің көрікті әрі табиғаты ерекше жерлерін әңгіме еткен жазушының бұл еңбектері «Қазақ жерінің құпия сырлары» сериясымен жарық көріпті. Оқырманын жалықтырмайтын бұл туындылар жинақылығымен ерекшеленеді. Танымдық дүниеге бай еңбектерді шараға қатысушылар жазушының үлкен жетістігі деп бағалады.

 

 

Алғаш рет әдеби «Оскар» сыйлығы берілді

 

Жуырда шаһардағы «Мело­мен» кітап дүкенінде дәстүрлі «Алтын қалам» әдеби жүлдесі аясында әдеби кеш өтті. Бұл жолы ұйымдастыру комитетінің шешімімен әдеби «Оскар» сыйлығы дайындалды.

Аталған сыйлық әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша анықталған, қазіргі дәуір әдебиетін дамытуға ерек­ше үлес қосып жүрген қаламгерлерге берілді. Жеңімпаздарды байқау ұйым­дастырушылары мен Әлемдік Эко­номика және саясат институтының әлеуметтанушылары сауалнама жүр­гізу арқылы анықтаған. Тағы әдебиет, ғылым және бизнес саласындағы елу шақты сарапшы әдебиеттің қазіргі жағдайы, бүгінде сұранысқа ие ав­торлар мен еңбектер, әдебиет жанр­ларын сарапқа салған. Нәтижесінде  «Жылдың үздік баспасы» аталымы бойынша «Мереке» баспасы мара­патталды. «Оқырман бар, бірақ шын оқырман аз. Әдебиетті түсінетін, жазушымен деңгейлес оқырман болу керек. Кімнің кім, қай жазушының қандай деңгейде екенін білетін талғамы мықты оқырманның бар екеніне сенімдімін», – деді «Мереке» баспасы­ның редакторы, жазушы Мереке Құлкенов. Ал «Жылдың әдеби дебюті» аталымы бойынша – Олег Червинский, «Оқырмандар таңдауы» аталымымен Зира Наурызбаева марапатталды. «Әлеуметтік мәнге ие тақырыпқа арналған үздік кітап» аталымы бойын­ша саясаттанушы Ерлан Қарин, «Жылдың үздік меценаты» аталымы бойынша кәсіпкер Бауыржан Оспанов таңдалып алынды. Ұйымдастыру комитетінің мүшелері қатарында Айдос Сарым, Досым Сәтпаев, Нұржан Жалауқызы, Расул Жұмалы және Қуат Домбай сияқты сарапшылар мен білікті мамандар болды.

Жеңімпаздарға «Эльдани» қайы­рымдылық қорының Сәндік-қол­данбалы өнер шеберханасында  мүм­кіндігі шектеулі 15 шебердің дайын­даған мүсіншелері тапсырылды.

 

Шөмішбай Сариевке «Халықтың сүйіктісі» атағы берілді

 

«Халықтың сүйіктісі» ұлттық  сыйлығын табыстау рәсімінде ақын Шөмішбай Сариевке «Алтын ғасыр» аталымы бойынша «Халықтың сүйіктісі» атағы берілді.

Аталған шара Астанада осымен жетінші мәрте өткізіліп отыр. Бұған дейін сыйлық көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлеріне, депутаттарға, бизнесмендерге, дәрігерлерге, спортшыларға, ұстаздарға беріліп келген болатын. Осы жылдан бастап Әдебиет аталымы енгізіліп, ақын Шөмішбай Сариев «Халықтың сүйіктісі» сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ, талантты әнші Данэлия Төлешова мен Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы халықаралық қордың төрағасы Махмұт Нәлібаев та марапатталды. «Халықтың сүйіктісі» ұлттық жүлдесіне бас-аяғы 150 тұлға ұсынылып, оның 15-сі ғана лауреат атанған.

 

 

91 тұлғаның табиғи мінезін сақтаған

 

Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі, Халық­аралық «Алаш» әдеби сый­лығының лауреаты Ғаббас Қабыш­ұлының түрік тіліне аударылған «Көңіл көгінде» атты эсселер жина­ғының тұ­сауы кесілді. Шараны Қазақ­станның Түр­киядағы ел­шілігі Ұлттық кітапханада өт­кіз­ді. Туынды Қазақстанның Түр­киядағы елшісі Абзал Сапар­бекұлының қолдауымен «Бенгу» баспасынан шыққан. Еуразия Жазушылар қауым­дастығына қарасты баспаны бүгінде жазу­шы Якуб Омароғлы басқарады.

Тоқсаннан астам зиялы қауым өкілі туралы жазу­шының әр жылдары жазған естеліктері енген еңбектің алғы сөзі ретінде жазушы Әзілхан Нұр­шайықовтың көзі тірі­сінде жазып берген ыстық лебізі беріліпті. Ал кіріспе сөзді елші Абзал Сапарбекұлы мен жазушы Якуб Омароғлы жаз­са, туындыны түрік тіліне Эльмира Қал­жанова ау­дарған. Кітаптың редакторы – Азизе Кая.

Жазушы өз еңбегінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мү­сірепов, Бауыржан Момышұлы, Асқар Тоқма­ғамбетов, Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұр­шайықов, Мұқағали Мақатаев, Тахауи Ахтанов, Ғафу Қайырбеков, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Балғабек Қыдырбекұлы, Әнуарбек Дүйсен­биев, Мариям Хакімжанова, Сәкен Жүнісов туралы естеліктер жазған.

Жиынға Қазақстанның Түркиядағы елші­лігінің дипломаты, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев арнайы келді. Салтанатты кешті кіріспе сөз сөйлеп ашқан «Ан Арыс» баспасының директоры Кәдірбек Құныпияұлы осы оқырманға жол тартқалы тұрған еңбек туралы 2015 жылы Мәлік Отарбаевқа айтып, алғаш рет қазақ тілінде Түркия елінде жарық көруіне мұрындық болғанын тілге тиек етті.

Аталған еңбек Елбасы Н.Назар­баевтың Қазақстан халқына Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласының аясында жарық көргенін айта кетейік.

«Көңіл көгінде» кітабымның түрік тілінде жарық көргені маған ерекше қуаныш сыйлады. Қолыма қалам ұстаған 60 жылдың ішінде аралас-құралас, дәмдес, са­пар­лас болған 91 адам туралы эссе жаздым. Оның 75-і – жазушылар. Өкінішке қарай, ол адамдар қазір ара­мызда жоқ, тым ерте кетіп қалды. Нені көрдім, не айтқым келді, барлығын бұрмаламай, тек шындықты жазуға тырыстым. Алыптардың сөзіне, мінезіне артық ештеңе алып-қоспадым. Кезінде көп ағаларымның жақсылығын көрдім. Менің кітабым мемлекеттік тапсырыспен жарық көрмегелі 30 жылдан асты. Жинағым­ды Анкарадан шығарып жатқаны үшін елшілікке айрықша алғыс айтамын», – деп Ғаббас Қабышұлы ағынан жарылды.

Шара барысында Мәлік Отарбаев жазушыға Қазақ­станның Түркиядағы елшісі Абзал Сапар­бекұлы мен Еуразия Жазушылар қауымдас­тығының төрағасы Якуб Омароғлының алғыс плакеткасын және жазушы-публи­цист Қайсар Әлімге «Әлем жазушылар» қауымдастығы мен «Әлем сөз» академиясының Алаш арыстарын түркі әлеміне танытқаны үшін арнайы сыйлығын табыстады. Өз кезегінде зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, еңбекке баға беріп жатты. Құттықтау хаттар оқылып, алыс-жақыннан жолданған сәлемдемелер жеткізілді.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close