Кенен мен Мұхтар

1960 жылдың маусым айының әдемі бір күнінде есік алдына жеңіл машина тоқтай қалды. Ол кезде мен тұрмыс құрғанмын, мұғалімнің жазғы 48 күнгі демалысында балаларыммен бірге, әкемнің қасында болушы едім. Әкем мен анам Насиха, бәріміз далада әр түрлі шаруашылықтармен айналысып жүр едік. Машинадан маңдайы жарқырап, шашын сәл сипап Мұхтар аға түсіп келе жатыр. Қасында Валентина жеңгеміз бар. Сәл жымиып әкеме қарай бұрылды.

 

Мұхтар аға келді  деп айғай салдым. Әкем балаша қуанып құшақтай алды.

– Япырмай, жыл құсындай қайдан келдің, шырағым, – деді.

– Кенеке, әр нәрсенің сәті бар ғой, талай-талай шақырсаңыз да  келе алмай жүруші едім, бүгін шақырмай-ақ келіп тұрмын, айып етпеңіз, – деді Мұхтар аға.

– Шырағым-ай, о не дегенің, сенің келгенің бір мен емес, елге той емес пе, сенің жүрген жеріңнің бәрі құт емес пе, – деп, әкем жан-жағына қарап, қалбалақтап қалды.

– Кенеке, сіз көп әуре болмаңыз, асы­ғыспын. Ауылыңыздың тұсынан өтіп бара жатып, сәлем беріп кетейін деп бұрылдым. Қырғыздың Шолпанатасында менің саяжайым бар, соған барып  біраз тынығып қайтсақ деп едік, – деді.

– Сені жолыңнан кім бөгесін, шырағым, бірақ жаманды-жақсылы мен де бір ағаңмын ғой, бір марқаның басын жеп кетерсің, – деді.

Мұхтар аға жайғасып әкемнің арқасын ала құшақтап қасына отырды. Сол кезде колхоздың әр түрлі шаруашылығында қызмет ететін інілерім Көркемжан мен Бақытжан да келіп, ауыл басшылары, ел-жұрт жиналып, Мұхтар ағаға сәлем беріп, үйіміз у-шу болды да кетті. Қуанышымызда шек жоқ, аяқты қойып, «төбемізбен» қызмет еткеніміз әлі есімде. Әне-міне, дегенше, марқа да сойылды, дастархан да даяр болды. Сөзден сөз шықты.  Мұхтар ағаның сұрауымен әкем әңгіме, ән өлеңді бірінен соң бірін ағытты-ау  дерсің. Мұхтар ағаның өзі уақыттың қалай өтіп кеткенін де білмей қалды. Сол  күні қонды. Екі өнер адамы бірін-бірі қалтқысыз түсінісіп, еркін әңгімелесті. Таң атпай ел-жұрт қайта жиналды. Ауыл басшылары, азаматтары тік тұрып қызмет көрсетті. Қуырдақпен шай ішілді. Аттанып тұрып Мұхтар аға: «Кенеке, сый-құрметіңізге көп рахмет. Мен сізді енді түсіне бастағандаймын. Бұдан былай жиі-жиі байланыста болуға тырыса­йық. Тым болмаса қалаға келген кезіңізде хабарласып тұрыңыз», – деп жиналған жұртпен қоштасып жүріп кетті. Ауыл адамдары Мұхтарды көргендеріне дән риза болып: «Кенеке, сізді берген құдайдан айна­лайық, сіз болмасаңыз бұл ауылға Мұхтар  қайдан келсін», – десіп жатты. Мұхтар ағаны шығарып салған соң, жігіттер жиылмай қалған дастарханға қайта оралып, бәрі Мұхтар ағаның қымыз, шай ішкен кеселеріне таласып, бірі отырған орнына таласып, ұлы адамнан қалған дәм ғой деп бауырсақ, тәттілерден ырым қылып балаларына алып жатты.

Сол жылдың (1960 жыл) тамыз айының бас кезінде Мұхтар әкемді Алматыға шақыртты. Мұхтар аға, Ісмет Кеңесбаев, Мүсілім Базарбаев, тағы басқа бір топ ғалымдар  ортаға алып, Мәскеуде шығыс­та­нушылардың бүкіл дүниежүзілік ХХV конгресі болатынын, соған Қазақстан делегациясы құрамында Кененнің де баратынын айтты. Ондағы басты жұмысы бүкіл дүние жүзі ғалымдарының алдында қазақтың ән-өлендерін айту ғана емес, халықтың эпостық жырларымен таныстыру қажет екендігін түсіндірді.

– Көп тыңдап, аз сөйлейтін Мұхтарым бір кезде: «Кенеке, осы «Қобыланды батыр» жырындағы Тайбурылдың шабысын сипаттаған жері бар ғой, соны білесіз бе? – деді. Үнемі орындап жүрмесем де, бұл жырды білемін, – дедім. Қуанып кетті. Ақылдаса келе Тайбурылдың шабысын айтатын болып, даярлық жұмысына кірісіп те кеттік. Сәнді ұлттық киім тіктіріп, дом­бы­ра жасатып,  менің алаңсыз тынығуыма, даярлануыма жағдай жасады. Күніне неше келіп, киімдерді кигізіп, орындайтын ән-жырымды тыңдап, бәйгеге қосатын жүй­ріктей баптағандарын қалай ұмытарсың.

Мәскеуге де келдік. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» деген­дей-ақ, сахнаға шығатын күн де келіп жетті. Менің алдымда өнер көрсеткен қырғыздың манас­шысы Саяқбайдың, өзбек шайыры «Алпамыш­ты», түркпен бақшысы «Көрұғлыны», тағы да басқа ел­дердің өнерпаздарының көпшілік алдын­дағы жүріс-тұрыстары, өздерін көрсете білулері маған қатты әсер етті, арқам қозып қызыға түстім. Мен бұлардан да асып түсуім керек деген үлкен талпыныс, намы­сым жан таптырмады. Сахнаға шығып, басымды иіп, үн шығарған кезде-ақ екі жауырынымның ортасы мен маңдайымнан тер бұрқ ете қалды. Денем ысып кетті. «Е… е… е… аруақ! Қолдай гөр мені, қалың елімнің, Мұхтардың сенімінен шығара көр…» деймін ішімнен. Тайбурылдың шабысын айтып біткенімде өн бойымды сел-сел тер басып кеткен, көзім түк көрмейді, шапалақтан құлақ тынады.Тек екі көзі айнадай жарқы­рап, керемет бір ризашылықпен маған қарап қол соғып тұрған Мұхтар көзге түскенде ғана ес жиғандай болдым деп еске алатын еді әкем.

«Конгресс соңынан Мұхтар маған арнап той жасады. Той дастарханының үстінде Мұхтар мені құшақтап тұрып «Кенеке, мен Сізді осыған дейін анық танымаған екенмін, тек әнші ғана ма деуші едім. Сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне әрі ғұлама жырау, әбжіл шешен, байтақ шежіре екенсіз. Халқымыздың аяулы өнерін шетжұртқа жеткізе білген  таланты­ңызға дән ризамын…» дегені бүгінгі­дей есімде. Төбем көкке жетіп, бойымды бір сезім билегендей болды. Домбырамды қолыма алып:

Жігітісің Арқаның,

Абай ақын дарқаның.

Сырласып қалқам өзіңмен

Көп құмардан тарқадым.

Алыс шабар тұлпарым.

Қырымнан келер сұңқарым.

Бірге болып Мәскеуде

Осы сапар байқадым.

Абайды жазып шығардың,

Қарамай пәлен дегенге.

Қырандай қағып қанатты,

Ой жібердің тереңге.

Қазағымды таныттың,

Біле бермес әр елге

Азығы болып халықтың,

Абайың жүр жер-жерде.

Әлем саған бас иеді

Әуезұлы дегенде… – деп мен де риза көңі­лімді білдіре, 1960 жылы «Абай жолы» эпопея­сы үшін Мемлекеттік сыйлық алғанда  Мұхтарды құттықтап шығарған «Мұхтар­ға» деген өлеңімді орындап бердім.

Алайда, біздің таныстығымыз, шығар­ма­шылық байланысымыз бір-ақ жылдай болғаны қандай өкінішті. Кімнің кім екендігін терең түсіне де, тани да білетін арысымнан тез айырылдым ғой деп асқан қимастықпен есіне алып: Қайран Мұхтар! – деп күрсініп, көзіне жас алып, өзін-өзі тоқтата алмай қалатын кездері жиі болып тұрушы еді.

2009 жылы әкем Кененнің 125 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталынып өтті. Осыған орай әкемнің жастау кезіндегі үні бар ма екен деген оймен біраз архив­терді араладым. Сол жолы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты­ның архивінен (ол кездегі институт дирек­торы С.Қасқабасов бауырымның көмегі­мен) М.Әуезов дүниеден өткен кездегі әкемнің  тебірене отырып орындаған «Қай­ран Мұхтар!» деген жоқтау өлеңін, Сүйін­бай мен Тезек төренің айтысын, тағы да басқа туындыларын тауып көшіріп алдым. Бұларды «Қосылған қоңыр қазға ән мен үнім» атты альбом-диск шығарып, соған қостым. Мұхтар ағаның туысы болып келетін Алқан деген кісіге көңіл айта оты­рып, ұзақ жырлапты. Қысқартып жариялап отырмын.

 

Қайран Мұхтар!

Мезгілсіз кетті-ау

ерте  Мұхтар бауырым,

Атағы дүниеге шыққан бауырым.

Біреуі төрт тіреудің сынғандай боп,

(Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден)

Көз жасын халық шулап,

сыққан бауырым.

Шіркін-ай Мұхтар деген артық еді,

Жүрісі  тұрысы да тәртіп еді.

Абайды жазып, міне, жастайынан,

Көңілі қорғасындай балқып еді.

Ленин,Сталиннің бәйгесін алып,

Жер жүзіне жайылған алтын еді.

Сол алтыннан айырылып қазақ халқы,

Әнеки, жер астында жатыр енді.

Шіркін-ай кеттің ерте Мұхтарым-ай,

Шың басына шынардай шыққаның-ай. 

Шығыстың барлық тілін, тарихымен,

Халыққа талай айтып ұққанын-ай.

Былтыр Мәскеу барғанда, конкурста,

Мені де, құрметтеп, тұтқанын-ай.

Ал енді сол Мұхтардың орнын басқын,

Жас бала, талапкерлер бұтағым-ай.

Бір күн жолдас болғанға 40 күн сәлем,

Жатқан жерің, шіркін-ай, торқа болсын,

Асылдың Мұхтар сынды мұқамын-ай

Дейді, дейді, дейді-ау,

Бір күні ажал жейді-ау, – деп жоқтап­ты.

Сөз соңында айтарым, әлем сүйген, елінің, халқының мақтанышы болған Мұхтар Омарханұлы Әуезов Кенен өмірі мен шығармашылығынан да қомақты орын алғандығын айту еді.

 

 

Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ,

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері,

ардагер, ұстаз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *