Жер – мемлекетіміздің материалдық негізі, байлығымыздың қайнар көзі, бабалар аманаты

( «Киелі жерлер – ұлттық бірлік пен жаңғыру нышаны».  «Алматы ақшамы». №36 (5543)  29 наурыз, 2018 жыл).

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асып жатқан алты жобаның бірі – «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы». Мақаланың орысша нұсқасында бұл жоба «Сакральная география Казахстана» деп тұжырымдалған.

2017 жылдың аяғында жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Президен­тіміз Н.Назарбаев осынау жоба жайлы былайша толғаныпты: «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасы ұлттық бірегейліктің мызғымас негізін құрайтын киелі мекендерді халық жадына сенімді түрде орнықтыруды көздейді және жат идеологиялық ықпалдан қорғаудың қалқанын жасайды».

Иә, бұл жәй қалқан емес. Біз білетін бұ­рынғы қалқаннан өзгеше. Кеңестік заман­да жат идеологиядан марксизм-ленинизм ғана қорғай алады деп сенгенбіз. Сакралды географияның әлеуеті ауызға да алынбайтын.

Менің ойымша, «сакралды» («сакраль­ная») ұғым-түсінігі мақаланың орыс тілді нұсқасында әлем таныған мағынада қолданылса, қазақшада «қасиетті, киелі» ұғым-түсініктері арқылы ұлттық дүние­танымымызға сәйкес қолданылған. Әлем, бірінші кезекте еуропалықтар сакралды географияға діни, тіпті мистикалық, күнде көріп жүрген болмыстан өзгеше, иррацио­налды нысандарды жатқызады.

Демек, президенттік жобаны қазақ топырағында жүзеге асырғанда екі мәселені қаперден шығармауымыз керек. Бірі – өскелең ұлттық ерекшелігімізді толық ашу, екіншісі – халықаралық терминдік ұста­нымға басымдық беру. Сонда жаһандану­дың сын-қатеріне төтеп беру оңайға түс­кеніне қоса адамзаттық сакралды әлемнің бірлігіне көз жеткіземіз, ұлтымыздың бірегейлігіне басқаларды иландырамыз.

Біз бұл жерде термин жасау мәселесі­мен айналысып отырған жоқпыз. Айтпа­ғы­­мыздың мәнісі мынада: 2018 жылғы 29 наурызда «Алматы ақшамы»  газеті белгілі саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы­ның «Киелі жерлер – ұлттық бірлік пен жаңғыру нышаны» атты мақаласын жа­рия­лаған екен. Автор – Президенттік жо­баны жүзеге асы­рушы басшылар тобында жүрген аза­мат. Ендеше, оның сөзінің әр жағында жоба тағдыры ғана емес, мың­даған адам­дардың ізденісі, миллиондаған теңгенің игерілуі тұр.

Мен аталмыш мақалаға сын айту  үшін емес, осынау  қүрделі мәселені толық­тыру мақсатымен қолға қалам алдым. Өйт­кені, маған автордың еліміздегі жалпы­ұлттық деңгейлі барлық қасиетті нысандар мен кешендер саны 186 дегені тым аз көрінді әрі оларды бес топқа жікте­гені көңіліме қонбады.  Жазбаша тарихының өзі 3 мың жыл болатын Қазақстанда қа­сиетті жерлер саны тым кеміп кетіпті. Бұл – бір.

Екіншіден, қасиетті нысандар құраған бес топтың алғашқы екеуі шығу тегі мен болмыс-бітімі жағынан тап солар екені күмән-күдікті. Олар сакралды география­ға емес, тарихи-мәдени ескерткіштер қатары­на жатқызылуы керек. Мәселен, ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері ешқандай діннен, діни құбы­лыстан, саяси, тарихи оқиғадан хабар бер­мейді. Автордың өзі жазғандай, «табиғат құбылыстарының нәтижесінде пайда болған орындар» ғана. Осы өлшем қағи­даты сақталатын болса, яғни адамсыз, идеологиясыз, жалаң табиғат құдіретімен пайда болған мұраны ұлықтау қажет десек, тізімге Алатау мен Қаратауды, Балқаш пен Аралды, Қызылқұм мен Байырқұмды да кіргізуге тура келеді.

Екінші топқа археологиялық ескерт­кіш­тер және ортағасырлық қалалық орталықтар жатқызылыпты. «Бұл топқа қалашықтар, бекіністер, петроглифтер, қорымдар, халқымыздың қалыптасуында ерекше рөл атқарған Қазақ мемлекетінің, Ұлы Жібек жолының құрылуына ұйытқы болған ортағасырлық қалалар кіреді» дейді автор. Халқымыздың қалыптасуында этни­калық үдерістер, Қазақ мемлекетінің құры­луында саяси себептер, Ұлы Жібек жолы­ның пайда болуында Қытай факторы – бәрі ортағасырлық қалалар рөлінен биік тұра­тынын дәйектемей-ақ қоялық.  Қазақ­станда кем дегенде 30 мың археологиялық ескерт­кіш бар екенін неге ұмытамыз. Сонда баға­нағы 186 саны қайдан шыққан? Басқала­рының сакралды, киелі, қасиетті өлшемдері қайда қалды?

Өз басым соңғы үш топты – діни және ғибадат орындарды, тарихи тұлғаларға қа­тысты қасиетті орындарды, саяси, та­рихи оқиғаларға байланысты қасиетті орын­дарды жобаға кіргізгенді қолдаймын. Онда да ойланатын жәйттер бар. Айталық, А.Бай­тұрсынұлы тұрған үй тізімге кіргенде, қазақ­ты әлемге танытқан М.Әуезовтің музей-үйі одан сырт қалу себебін қалай түсіндіреміз.

Сөз реті келіп тұрғанда, сакралды нысандар корпусын жіктеуге байланысты бұдан бұрын айтқан пікірімізді тағы да еске сала кеткенді жөн санадық.

Менің ойымша, сакралды география корпусын тізімдегенде де, ғылыми талда­ғанда да оның дүниеге келуіне әу бастан түрткі болған дін мен діни ұғым-түсінікке басымдық берген жөн. Тарихи-мәдени ескертіштер санатындағы басты ерекшелік – осылар. Түптеп келгенде, екеуі де, бірінші­ден, бәрінен ұлық түпжаратушыға, екіншіден, тылсым сырлы ерекше құдіретке адамдардың көзқарасын, құрметін білдіреді. Дәстүрлі қазақ қоғамында түпжаратушы ретінде Құдай мен Тәңірі қабылдана берген. «Таңғы ас тәңіріден», «Тазының иесі болса, түлкінің тәңірісі бар» деген халықпыз. Құдай мен тәңіріні теңдей қабылдағанымыз жер-су атауларынан да байқалады. Әр өңірде «Әулиекөл», «Әулиебұлақ», «Әулие­бас­тау» деген жерлер бар. Классикалық исламға жүгінсек, «әулие» мәртебесі адамға ғана тиесілі ғой.

Қазақтың сакралды әлемге сәйкес тіл­дік қоры да қалыптасқан. Солардың ішінде үш сөздің этимологиясы мен танымдық әлеуеті айрықша көзге түседі. Ол сөздер – әулиелі, киелі, қасиетті.

«Әулие» — қазақ тіліне арабтан енген сөз. Түпжаратушының сүйген құлы, адамды дұрыс жолдан адастырмаушы дегенге саяды. Ұлы даламызда құдай жолы­нан қылаудай ауытқымаған, ақылы­мен де, қасиетімен де қалтқысыз қызмет еткені үшін әулие биігіне көтерілгендер бар ғой. Ендеше, сакралды география нысан­дары­ның ең маңызды, ең мәртебелі бөлігін «әу­лиелі» топ ретінде айшықтаған жөн. Мәсе­лен, ислам дінінің ғұламалары мен қайрат­керлері Қ.А. Яссауидің, С.Ғылма­нидің, А.Машанидің, Х.Алтайдың кесе­нелері, егер сакралды география нысан­дары тізіміне ене қалса,  «әулиелі» топ атауымен ұлықтауға лай­ық. Ислам діні  Ұлы далаға VІІІ ға­сыр ортасынан тарай бастады. Демек, діни сакралды география хроноло­гиялық тұрғы­дан соңғы XІІІ ғасырды қамтып жатыр.

Келесі топ желісін «киелі» деп айдар­лауды ұсынамын. «Киелі» сөзінің мән-ма­ғы­насы өте күрделі. Халқымыз осы ұғым­мен зорлық-зомбылыққа, әділетсіз­дікке қар­сылығын, адамның, табиғаттың, қоғам­ның арасындағы жарасымдылық пен үй­лесімді сақтауға құштарлығын білдірген. Жү­гірген аңның, ұшқан құстың, жер мен судың, ерекше қасиетке ие адамның киесі ұрады деуімен қоғамдық-саяси, рухани, экология­лық, әлеуметтік тұрақтылықты, ынтымақ пен ықпалдастықты бәрінен жоғары қоя алған. Батыс тарихнамасында әлі күнге дейін өмір сүріп келе жатқан қате тұжырымды – көшпелілер өркениеттен тыс қалған, олар соғысқұмар, отырықшыларға тыныштық бермеген тәрізді пайымдарды жоққа шығаруға қызмет ететінін де білуіміз керек.

Киелі сакралды географияның тұңғы­шы Қазығұрт тауы десек, еш қателес­пей­міз. Өйткені, таудың басында Нұқ пайғам­бардың кемесі қалғаны туралы аңызды білмейтін қазақ жоқ, оған тәу етушілер күні бүгінге дейін үзілген емес. Түркілердің Отаны — Алтайдағы Берелді, Египет пирами­даларымен қатар тұруға лайық Бесшатыр қорғанын қалайша киелі сакралды геогра­фияға жатқызбаймыз. Сакралды нысан­дар­дың осынау тобы негізінен Исламға дейінгі дүниетанымды айшықтайды. Жеке­леген нысандардың сакралды екендігін нақ­ты киемен қосарлана айтылуынан көруге болады. Айталық, Абылай ханның киесі қызыл түлкі, Райымбек батырдың киесі ақ түйе, Жамбылдың киесі қызыл шұбар жолбарыс, Кемпірбайдың киесі көкала үйрек екен. Наурыз мейрамымен бірге айтылатын Қыдыр ата да халқы­мыздың кие құдіретіне бас игені.

Қысқасы, киелі сакралды география хронологиясы бойынша да, мазмұны жағынан да ауқымды әрі бай.

Сакралды географияның үшінші құ­рамдас бөлігін халықтың, мемлекеттің  тағ­дыры мен тарихында бетбұрысты миссия атқарған оқиғалар орны және тұлғаларға байланысты жерлер құрауы керек. Тап осы мәселеде қоғамдық  санадағы қадір-қасие­тімен есептескен жөн. Алғашқы екі топта адам мен түп­жаратушының, адам мен тылсым күштің қарым-қатынасы анық­­тау­шы рөл атқарса, бұл жолы мем­лекеттің тәуелсіздігін, азаматтары­мыздың азатты­ғын, ұлттық кодымыздың тазалы­ғын сақ­таудағы орны мен маңызын ұлықтаған қоғамдық сана­ның талабына, тағдыра­нық­тағыш институционалдық байланыс пен сабақ­тастықтың болмысына жүгінуге тиіспіз.

Сана — бітер іске жетекші. Киелінің киелісі, қасиеттінің қасиеттісі – Қазақ­станның барша аумағы. Табиғи мұра ескерткіштерін емес, алдымен жері­мізді сакралды нысан ретінде тануымыз керек. Жер – мемлекетіміздің материалдық  негізі, байлығымыздың қайнар көзі, бабалар аманаты.

Түйіп айтсақ, сакралды Қазақстан жобасының теориялық, методологиялық негіздерін тиянақтамай жатып, кітап, оқулық шығару, фильмдер, роликтер, интерактивтік карта жасау — асыққанның ісі. Асықпаған арбамен қоян соғады. Бөгеліп те қалмайық. Елбасының сөзімен айтсақ, «мақсатқа жету үшін біздің сана­мыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс».

 

Ханкелді ӘБЖАНОВ,

ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық

зерттеулер орталығының жетекшісі,

ҰҒА академигі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close