Жазушылар одағының жаңа басшысы – Ұлықбек Есдәулет

Кеше Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының XV құрыл­тайы өтті. Абай атындағы мемле­кеттік академиялық Опера және балет театрында өткен форумға еліміздің түкпір-түкпірінен ақын-жазушылар көп жиналды. Құрыл­тайда ұйымдық мәселелер қаралды.

Қазақстан Жазушылар одағын 1996 жылдан бері басқарып келген ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалинді қалам­гер қауым шапан жауып, құрметтеп шығарып салды. Оның орнына Жазу­шылар одағының жаңа төрағасы болып бірауыздан ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет сайланды.

1954 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған Ұлықбек Ораз­бай­ұлы Есдәулет – кезінде Қадыр Мырза-Әлі, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекіл­байұлы секілді сөз зергерле­рі­нің ақ батасын алған қазақтың көр­некті ақыны, бүгінгі әдебиет көгінде жарқыраған жарық жұлдыз. Өткен ғасырдың сонау 70-жылдарының ортасында «Көздеріңе ғашықпын» атты тұңғыш жыр жинағымен әдебиет әлеміне нық қадам басқан талантты ақын содан бері ұзын-ырғасы 15 жыр кітабын, таңдамалы туындыларының екі томдығын, шығармалар жинағы­ның алты томдығын жарыққа шығар­ды. Көптеген өлеңдеріне танымал композиторлар ән жазды. Оның «За­ман-ай» өлеңі халықаралық антияд­ролық қозғалыстың әнұра­нына ай­нал­ды. «Қара пима» поэмасы бойын­ша фильм түсірілді. Өлеңдері әлемнің көптеген тілдеріне ауда­рылған Ұ.Есдәулеттің өзі де тәржіме сала­сында өнімді еңбек етіп келеді. Ол үнді, түрік, араб, әзербайжан, украин, қырғыз, моңғол, фин, орыс ақындарының жырларын қазақ тілінде сөйлетті.

Құрылтай соңында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының жаңа басшысы Ұлықбек Есдәулет өзінің жұмыс бағытынан, алдына қойған мақсат-мұратынан сыр аңда­тып, әдебиеттегі жас таланттарға көбірек көңіл бөлінетінін байқатты. Жаңа төрағаның тың бастама, соны ізденістеріне сәттілік тілейміз!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *