Даңқты балуанның дәстүрлі додасы

Алматыда Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесіне арналған республикалық турнир өз мәресіне жетті

Нұрлан СҮЙІН

 

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында грек-рим күресінен 2001–2003 жылы туылған жасөспірімдер арасында Дәулет Тұрлыхановтың жүлде­сіне арналған дәстүрлі XІX республикалық турнирдің жеңімпаздары анықталды.

Грек-рим күресінен Олим­пиаданың бірнеше дүркін жүлдегері, еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Д.Тұрлы­ханов турнирі бүгінде дәстүрлі спорт додасына айналып, грек-рим күресінен ел намысын қорғайтын жас буынның мек­тебі болып қалыптасты. Тұрлы­ханов турнирінен түлеп шық­қандардың алды халық­аралық додаларда ел намысын қорғап жүр. Жасөспірімдердің дәстүрлі додасының биылғы жарысы оңтүстік астананың «Достық» спорт кешенінде өтті.

Жарысқа қатысушы жас балуандар үш күн бойы өзара мықтыны анықтады. Соңғы ақтық кездесулер қызықты да тартысты өтті. Финалистер бар күшін салып белдесті. Олар керемет әдістер мен жігерлік көрсетіп, грек-рим күресінің жанкүйерлерінің айызын қан­дырды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 259 қатысу­шының ішінде үздік атану оңай іс емес әрине. 48 келі сал­мақ­тағы чемпион Дәулет Әшір­xанов өз қарсыласы Мақсат Ермановты тізе бүктіріп, бұл тапсырманы керемет орындап шықты. Осы салмақтың  қола жүлдесін Жасұлан Шармақов еншіледі.

– Жекпе-жек қиын болды, қарсыласым да өте мықты. Жалпы, бұл турнирде тек үздік балуандар жиналған. Ақтық бәсеке болғандықтан бар күшімізді салып күрестік. Біз екеуімізді де бір бапкер жаттық­тырады, бір-бірімізді өте жақсы білеміз, сондықтан оңай болған жоқ. Дайындық та жақсы өткен болатын. Бапкер­лерімнің кеңес­терімен жеңдім деп ойлаймын. Олардың үміттерін ақтағаным үшін шексіз қуаныштымын, – деп ой бөлісті турнир жеңімпазы Дәулет Әшірxанов.

Жарыстың басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, осы спорт түрін дамыту, грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасын іріктеу болатын.

Турнир аяқталысымен, Қазақстанға еңбегі сіңген бапкер, спорт қайраткері Дәулет Тұрлы­ханов, Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт бас­қармасы басшысының орын­басары Рүстем Байсейітов және грек-рим күресінен республи­калық бапкер Мейір­хан Рахме­товтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Спикерлер жарыс нәтижелеріне тоқталып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

– Біз түрлі аудандардан кел­ген спортшылар мен бапкерлерге осы турнирге қатысқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Осын­да балаларды алып келген, оларды жат­тықтыратын бапкер­лердің орны бөлек. Барлығымыз бір бағытта жұмыс жасап жатқа­ны­мыз қуантарлық жайт. Біздің басты мақсатымыз – бо­лашақ чем­пион­дарды тәрбиелеу. Ал бү­гінгі жеңімпаздар ел намысын халықаралық арена­ларда жоға­ры деңгейде қорғауы қажет, – деп атап өтті Дәулет Тұрлы­xанов.

Турнир қатысушылары  UWW ережесіне сәйкес 10 салмақ дәрежесі (45, 48, 51, 55, 60, 65, 71, 80, 92 және 110 кг.) бойынша кілемге шықты

Байрақты бәсекенің нәти­желері бойынша жалпы ко­мандалық есепте бірінші орын­ды Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық мектеп-интернат тәрбиелену­шілері иеленді. Олар екі алтын және бір күміс жүлде олжалады. Ал екінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының балуан­дары жеңсе, үздік үштікті Солтүстік Қазақстан облысы­ның спортшылары қорытын­дылады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *