Біз бүгін әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа, ауқымды қадам жасауға дайынбыз

Нұрсұлтан Назарбаевтың "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" атты халыққа Үндеуі

Құрметті қазақстан­дық­тар! 

 

Наурыз айының еліміздің Тәуел­сіздік күнтізбесінде ерек­ше орны бар.

Біз көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту күнін атап өтеміз.

Сонымен бірге, бұл – Қазақ­стан халқы Ассамблеясы құрыл­ған күн.

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мей­рамы шуақты көктем айының енші­сінде.  Қымбатты әйелде­рі­мізді де мере­кесімен наурыз айында құттық­таймыз.

Осы ізгі оқиғалардың бәрі Қа­зақ­­стан халқын біріктіре түседі.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы да осыған бағытталған.

Біз елдің бірлігі мен мемле­кеттің сындарлы саясатының арқасында барлық сынақтардан абыроймен өттік.

Ел иесі қазақ халқының маңына ұйысқан барша этностар оны жоғары бағалайды.

Бүгінде Алматы, Батыс Қа­зақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында «Қазақ еліне мың ал­ғыс» атты мону­менттер бой көтерген.

Бұл ескерткіштерді еліміздегі түрлі этностық топтар баста­рына күн туған кезде бауырына басқан қазақ­тың жері мен еліне алғыс ретінде өз бастамала­рымен тұрғызды.

Қазақ халқы да оларға ұлттық тарихымызға көрсеткен зор құрметі үшін алғысын білдіреді.

Осындай өзара құрмет пен сенім мызғымас ел бірлігіне негіз болса, ізгі шаралар халқы­мыз­дың кең пейілі мен дархан көңілінің айқын көрінісіне айна­луда.

Жақсылықты жадында сақтай білген  елдің рухы қашан да биік.

Заманауи Қазақстанның өсіп-өркендеуіне әрбір отандасымыз өз үлесін қосты.

Мен этно-мәдени бірлестік­терге де  айрықша ризашылық  білдіремін.

Біз, бәріміз бірге өте күр­делі, қилы замандардан өттік.

Тәуелсіздіктің ең тағдыр­шешті сәттерінде мені әрдайым қолдаған халқыма да алғыс айтамын.

Өткен сайлаулардың бәрінде халқымыз мені бірауыздан қол­дап, сайлады.

Мен үшін ең үлкен марапат – осы.

Елімнің қолдауы маған жұмыс барысында зор күш-жігер берді.

Мен халқымның өз келешегіне сеніммен қарауы үшін еңбек еттім, қазір де, болашақта да осы мақсат жолында жұмыс істей беремін.

Сол себепті, мен бүгін Қазақ­стан Республикасы Парламен­тінің қабыр­ғасынан жаңа әлеу­меттік бастамалар көтеріп, хал­қы­ма үндеу жариялағалы отыр­мын. Бұл қадам талайдан бері менің көкейімде жүр.

Бірақ Қазақстан алдымен бойы­на күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналуы керек еді.

Міне, сол күн де туды! Бұл – біздің қоғамның әлеуметтік бірлі­гін нығайту үшін жігерімізді жанып, нақты іске кірісетін сәт.

Біз оны ауқымды әлеуметтік жоба­лар арқылы жүзеге асыра­мыз.

Мемлекет осындай түбегейлі шараларды қолға алады.

«Қазақстан – біздің ортақ үйі­міз» деген идея жаңа мағы­намен толыға түсуге тиіс. Жаңа ұсыныстардың ма­ңыз­­дылығын ескеріп, мен әрбір қазақстан­дықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталған жаңа әлеуметтік бастамала­рым­ды өздеріңізбен талқылау үшін бүгінгі Парламент Палаталары мен Үкіметтің бірлескен отыры­сын шақырттым.

Бірден айтайын: бүгін айты­латын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдар­лама.

Бұл – елдің игілігіне арналған ұтым­ды, сонымен қатар, опти­мистік жоба.

Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қол­дайтынын, қамқор­лық жасайтынын сезінетін, тиі­сінше елін жан жүрегімен сүйе­тін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын.

Сол себепті, біз бүгін жаңа, ауқым­­ды әлеуметтік жобаларға жол ашамыз.

 

Қымбатты достар!

Біз бүгін әлеуметтік жаңғыру жо­лын­да жаңа, ауқымды қадам жасауға дайынбыз.

Мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасын ұсынамын.

 

Бірінші бастама:

«Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру».

 

Біз соңғы жылдары қазақстандық­тардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық.

2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілді.

Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр.

Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе.

Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасы­ның қалың көпшілікке жаппай қолжетім­ділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек.

Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет.

Сондықтан мен «7 – 20 – 25» бағдарла­масын ұсынамын.

Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады.

Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады.

Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс.

Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10—15 емес, 25 жылға дейін болады.

Ол үшін Ұлттық Банктің, екінші деңгей­лі банктер мен қор нарығының мүмкіндік­терін іске қосу керек.

Ұлттық Банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотека­лық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет.

Бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын-үй құрылысына зор серпін береді.

Нәтижесінде миллиондаған қазақ­стандық үшін баспана алудың қолжетім­ділігі  артады.

Сонымен қатар, бұл экономиканың, шағын және орта бизнестің өрістеуіне жұ­мыс істейді, жаңа жұмыс орындарын ашады.

Көптеген азаматтардың арманы ақиқатқа айналады!

 

Екінші бастама:

«Жалақысы төмен жұмысшы­лар­дың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту».

 

Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып,  1 про­цент қана салық салуды ұсынамын.

Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіш­тің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек.

Ал осылайша салықты азайтудан шыға­тын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет.

Нәтижесінде еліміздегі барша жалда­малы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады.

Әрі қарай Үкімет табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеуі керек.

 

Үшінші бастама:

«Жоғары білім алудың қолжетім­ділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту».

 

Қазір еліміздің жоғары оқу орында­рында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олардың 30 процентке жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда.

Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынамын.

Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек.

Оның 11 мыңы техникалық мамандық­тар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады.

Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді.

Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпарат­тық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр.

Бұл да жастарға мемлекет қамқорлы­ғының айқын көрінісі.

Сонымен бірге, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттары­ның құнын ұлттық жоғары оқу орындары­ның гранттары деңгейіне дейін көтеру керек.

Аталған шаралар орта мектеп түлек­терін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл – жалпы әлемдік тренд.

Сонымен бірге, адам ресурстарына салынатын үлкен салым.

Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет.

Қазір жоғары оқу орындары мен колледж­дердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті.

Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек.

Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді.

2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын.

Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді.

 

ТӨртінші бастама:

«Шағын несие беруді көбейту».

 

Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыс­сыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілде­тілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік саналады.

2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді.

Алайда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады.

Сондықтан 2018 жылы қосымша 20 мил­лиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткі­зуді тапсырамын.

Нәтижесінде шағын несие алатын­дардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады.

Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек.

Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды.

Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауыл­дағы кәсіпкерлікті дамыту үшін ай­рықша маңызды екенін атап өткім келеді.

 

Бесінші бастама:

«Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру».

 

Елімізде газ өндіру Тәуелсіздік кезе­ңінде жылына 8-ден 52 миллиард текше­метрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі.

Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 про­центке жуығы газбен қамтамасыз етілген.   9 облысқа газ тартылған.

Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр.

Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана бағытында магистральды газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек.

Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да.

Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамта­ма­сыз етумен қатар, шағын және орта биз­нестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, экология жақсарады.

Газға көшу тек Астананың өзінде зиян­ды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады.

Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Президенттің бес бастамасы – осы.

Оларды іске асыру жаңа жұмыс орын­дарын құруға, сол арқылы ел экономика­сының әрі қарай дами түсуіне жол ашады.

Үкімет пен Ұлттық Банкке бастама­ларды іске асырудың егжей-тегжейлі тетіктерін жасауды тапсырамын.

Парламент депутаттарынан заңнамаға қажет өзгерістерді уақтылы енгізуді өтінемін.

Бастамалардың айрықша маңызды екенін ескерсек, оларды тиімді жүзеге асыру­дың жолдары кеңінен талқылауды қажет етеді.

Халық пен бизнес өкілдерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де маңызды.

«Нұр Отан» партиясы халқымыз үшін айрықша маңызы бар осы шаралардың тиянақты орындалуын бақылауға алады.

 

Құрметті отандастар!

Мемлекеттің жаңа қадамдары бүкіл қазақ­стандықтарға, еліміздің барша азаматтарына игі әсер етеді.

Қоғам өз тағдырын Қазақстанмен тығыз байланыстырып, болашағын жоспарлаудың тың мүмкіндігіне ие  болады.

Бағдарламаны заңдық тұрғыдан бекіту қажет деп санаймын.

Оны іске асыру «әлеуметтік мемлекет» туралы конституциялық норманы жаңа, нақты мазмұнмен байыта түспек.

Заманауи жаһандық ахуалда ұлттық бірлік – әлеуметтік бірлік, ал қалыптасқан мемлекет –  әлеуметтік мемлекет.

Біз өткенге салауат айтып, келешекке көз тіккен елміз.

Біз әлеуметтік мемлекет пен ұлттық өркендеудің шынайы, әрі сындарлы қазақстандық моделін міндетті түрде бірге  жасайтынымызға сенімдімін.

 

Ардақты ағайын! 

Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоға­мы­мыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асады.

Ал ел бірлігі – ең бірінші, қазақтың бірлігі.

Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен өзімізге,  қазаққа керек.

Тарихтың өзі дәлелдеген бір ақиқат бар  – халқымыз бірлікте болса күшейген, бірлігі қашса әлсіреген.

Қасқа жолды Қасым хан жұртын жұ­дырықтай жұмылдыра білгенінің арқа­сында қазіргі қазақ жерінің негізгі аумағын біріктірді.

«Ел бірлігі – ел теңдігі» деген – осы!

«Қазақ ордасының Ликургы» – Әз Тәуке елін татулыққа ұйыта білгендіктен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатты.

«Байлық – байлық емес, бірлік – бай­лық» деген сөз сол заманнан қалған қағида.

Ел басына күн туған кезде барша қазақ Абылай ханның ақ туының астына жинал­ған соң ғана жерін жаудан тазарта алды.

«Біріккен жүз бытыраңқы мыңды алады» деп бабаларымыз осыны айтқан.

Қазақтың осынау 3 ханы – ел тари­хын­дағы 3 асқар тау, оларды асқақтатқан – ел бірлігі.

Сонымен бірге, алтыбақан алауыз­дық­тың кесірінен еліміз аңырап, жеріміз қаңы­рап қалған кездер де аз емес.

Бұл да – тарихтың ащы сабағы.

«Өткенге қарап, ертеңіңді түзе» деген өсиет бар, себебі, өткеннің өнегесі – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы.

Осыны жадында тұтып, тарихтан тағылым ала білген халқымыз Тәуелсіздік дәуірінде татулық пен бірліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында талай табыстарға кенелуде.

Табысымызды еселеп, Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін бізге балталаса да  бұзылмайтын берік  ауызбіршілік керек.

Берекелі бірлігімізді көздің қарашы­ғындай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ.

Ел мен жердің иесі ретінде Қазақ­стан­дағы жақсы мен жаманның бәріне қазақ жауапты.

Осы ұлы жауапкершілікті сезініп, барша ұлыстардың ұйытқысы болып, өзгеге өнеге көрсете білейік.

Сонда ғана, халқымыздың атын иелен­ген қасиетті Қазақстанымыз көркейіп, дами береді.

Еліміздің көңілі жайлы, тұрмысы майлы болады.

Осыны үнемі есте тұтып, тың міндет­терді тындырымды жұмысқа ұластырайық!

Іске сәт!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *