Бойына ойы сай азамат

Қазір Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының табиғаты ерекше сұлу өлкесі Шымған-Қазығұрт  таулары бөктеріндегі Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Тоғыз өзендері аясындағы әсем табиғат керемет нұр шашып тұр. Содан да бүгінде мұнда түрлі демалыс кешендері, шипажайлар, қонақ үйлер, балалар лагерьлері, су бассейндері көптеп ашылған.

Міне, осы керемет өлкедегі Төле би ауданы, Нысанбек ауылында 1946 жылы қазақтың біртуар азаматы Тоғысбек Нарта­нов дүниеге келді. Өткенге ой жіберсек, оның бес айында әкесі Нартан қайтыс болып, анасы Тойкүл әпкесі екеуін тәрбие­лейді. Бірақ бұлардың жағдайының төмен­дігінен  Тоғысбек 1 мамыр кеңшарындағы балалар үйінде өседі. Содан 1963 жылы осы балалар үйінде мектепті бітіреді. Дегенмен, сол жылы Қазақ химия-технология инсти­тутына жолы болмай, 1 мамыр кеңшары­ның К.Маркс бөлімшесінде еңбек жолын бастайды. Сонда да Тоғысбек оқуға түсіп, құрылыс инженері болуды армандайды. Ол үшін әуелі 1964 жылы Шымкент политех­никалық техникумына оқуға түсіп, оның соңғы курсында «Промстрой» құрылыс мекемесінде бір жыл тас қалаушы болып жұмыс істеуге тура келеді. Сөйтіп, осы техни­кумды бітірген соң, алға қойған мақсаты орындала бастайды. Сондықтан «Шымкентөнеркәсіпқұрылыс» тресінің Ленгір шахта құрылысы басқармасына шебер болып орналасады. Бірақ 1969 жылы бұл мекеме Шымкенттегі «Өнеркәсіп­құрылыс» тресімен бірігіп, бұл онда аға шебер, құрылыс учаскесінің бастығы қызметтерін ойдағыдай атқара бастайды.

Осы ретте алдына қойған басты мақса­тын орындау үшін 1971 жылы Қазақ  химия-технология институтына сырттай оқуға түседі. Оны 1977 жылы ойдағыдай бітіріп, «Құрылысшы-инженер» мамандығы бойынша диплом алады. Дегенмен, басшылық мұның ұйымдастыру қабілетін, іскерлігін, білім-біліктілігін, адами қасиетін, берілген тапсырманы адал және тиянақты орындайтынын ескеріп, Тоғысбек Нарта­новты «Шымкентөнеркәсіпқұрылыс» тресі­нің «Химқұрылыс» басқармасына бас инженер етіп тағайындайды. Осы ретте Тоғысбек өз өміріндегі еңбек жолын еске алып, былай сыр шашады: …Бас инженер қызметінде жүріп талай қиындықты бастан кешірсем де, оларды жеңе білдім. Алға­шында, жұмыста құрылыс материалдары, құрал-жабдықтар, құрылыс мамандары мен жұмыс күші, қаржы-қаражат жетіс­пей, құрылыс кешендерін тапсыру кейінге шегеріле берді. Оның үстіне «Шымкент­химқұрылыс» басқармасының өндірістік-құрылыс кешендеріндегі құрылыс жұмыс­тарының 80 пайызын №83 солдат құрылыс отряды атқаратын. Бірақ белгісіз себептен олар кенеттен Жамбыл қаласына ауысып кетеді. Ал мен білікті-білімсіз 5 маманмен «Химқұрылыс» басқармасында қала бер­дім. Жұмыс барысында  олардың екеуінің денсаулықтары сыр беріп, дүниеден өтті. Соған қарамай, 1980 жылы «Шымкент­өнеркәсіпқұрылыс» тресі менің қатысум­мен Шымкент фосфор зауыты құрылысы­ның екінші кезеңін мерзімінен бір ай бұрын аяқтап, іске қосты.

Әлі есімде, «Химқұрылыс» басқарма­сының бас инженері әрі уақытша бастық­тың міндетін атқарушы болып жүргенімде, біздің «Өндірісқұрылыс» басқармасында аға прораб болып жүрген И.Сейлемидиді басқарма бастығы етіп  тағайындады. Білім-біліктілігі өте төмен жаңа бастықпен жұмыс істеу маған ауыр тиеді. «Басқа  жұмысқа ауыссам» деген оймен, әрі 1984 жылы 1 шілдеден бастап кезекті еңбек демалыста жүргенімде, мені «Оңтүстік­Құрылыс» Бас басқармасының бастығы Н.Попов өзіне шақырады. Келсем, ол кісі маған бірден «Кентаудағы  «Мырғалымсай­қорғасынқұрылыс» тресіне бастық болып барасыз» деп ұсыныс білдірді. Сөйтіп, 1984 жылы жазда  Н.Попов менімен бірге Кентау қаласына келіп, мені трест ұжымымен, Кентау қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Қабіровпен, қалалық атқару комитетінің төрағасы А.Сембековпен таныстырды.

Осылай менің Кентау қаласындағы жаңа да күрделі өмірім басталды. Нәти­жесінде трест   1985 жылды 600 000, 1986  жылды 0,0 мың рубль шығынмен аяқтаса, 1989 жылды – 3,4 млн. рубль таза пайдамен аяқтады. Мен 1984 жылы трестке келгенде қызметкерлердің орташа жалақысы 150 рубль болса, 1989 жылы орта жалақы 300 рубльге жетті. Сөйтіп, мен басқарған трест 1987 жылы  ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алып, мені Кентау қалалық партия комите­тінің бюро мүшесі етіп сайлады. Сондай-ақ, маған Кентау қаласының Құрметті азаматы деген атағын берді.

Осыдан кейін мен Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» руднигі құрылысын бітіруге үлес қостым. Өйткені, біздің«Ашполиметалл» комбинаты мемлекеттен бөлінген көп қаржыны игере алмай келген «Шалқия» құрылыс кешенде­рін жандандыруды қолға алдық.  Нәтиже­сінде Шалқия құрылысы қарқынды жүріп, 1987 жылдың соңында Шалқия рудасының бірінші вагоны «Ашполиметалл» комбина­тына өңдеуге жіберілді. Сөйтіп, 1989 жыл­дың соңында Шалқияның 1 кезеңі аяқта­лып, іске қосылды.

Содан кейін мен 1989 жылы желтоқ­санда Алматы қаласына келіп, Қазақ КСР-і Мемқұрылыс төрағасының орынбасары болып тағайындалдым.

Қазақстан тәуелсіздігін алған жыл­дары Тоғысбек Нартанов зейнетке шық­қанша Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің жауапты қызметкері, Қазақ-Қытай магис­тральды мұнай құбыры біріккен кәсіп­орын­ның қүрделі құрылыс департаментінің дирек­торы қызметтерін атқарды.

Тоғысбек Нартанов Қапал батырдың ұрпа­ғы екен. Сондықтан да ел-жұрты – достары, бауырлары, туыстары, қызметтес болған азаматтар Тоғысбек жайлы әрқашан жылы лебіздерін білдіріп жүреді.

Жалпы, Тоғысбек 1969 жылы шаңырақ көтеріп, 3 бала тәрбиелеп өсірді. Отбасын­дағы үлкен қызы Клара, ұлы Темірхан, кіші қызы Алтынай да жоғарғы білім алып, қазір Алматы қаласында түрлі қызметтер ат­қарады. Атап өтетіні, «Жақсы әйел еркек­тің басын төрге қарай сүйрейді» демекші, Тоқаңның еңбекте жетістікке жетуі, халық ықыласына бөленуі негізінен 50 жыл отандасқан сүйікті жары Санакүл екендігі анық. Ал келіні Мәдина мектеп-лицейде мұғалім ретінде өмірін шәкірт тәрбиелеуге  арнап келеді. Осылай Тоғыс­бек пен Санагүл бүгінде 10 немере сүйіп отыр. Бұл ретте Тоғысбек Нартанов Нысан­бек ауылында, Ленгір, Шымкент, Кентау, Алматы қалаларында қызмет атқарып жүргенде, отбасы мүшелері әрқашан  оған қолдау қөрсетіп отырды. Қазір Тоғысбектің отбасының дастарханы әрқашан ашық. Онда балалары мен немерелері әрқашан келген қонақты төрге шығарып, құрметтеп күтіп отырады, алдарына ақ пейілмен шәй, адал көңілмен ас қояды. Қысқасы, Тоғыс­бектің халқына істеген еңбегі, сүрген өмірі қазіргі жастарға өнеге, үлкен тәрбие екенінде сөз жоқ. Ол өзіне лайықты мінезі, ақыл-ойы, тәкаппарлығы бар азамат. Осы ретте «Бір адамға ой беріп, бой бермепті. Бір адамға бой беріп, ой бермепті» деген ұлы философ сөзінде бір шындық жатыр-ау. Сол сияқты, біздің Тоғысбекке  жаратушы­мыз ойды да, бойды да қосып берген деп айта аламыз!

 

Махамбет АЙТБАЙ,

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Төле би ауданы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close