«Беу, туған жер, бас ием!»
Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі саналады.
Бұл толғаныс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрініс тапқан. Мақаланың өлкетану бағытының өзегінен құрылған «Туған жер» бағдарламасының тақырыбы мектеп қабырғасында да көтерілгені абзал. Бұл ретте Алматы қаласы, Әуезов ауданына қарасты «Жаңа Ғасыр» №175 гимназия кітапханасында осы жылы ақпан айының 21-жұлдызында гимназиядағы «Нұр Отан» БПҰ-ның, «Жас Отан» ұйымының және гимназияның 10 «А» сынып оқушыларының бірлескен түрде атсалысуымен «Беу, туған жер, бас ием!» атты әдеби кеш өтті. Аталмыш кештің алдына қойған мақсаты – оқушылардың бойына ерекше патриоттық сезімді сіңіріп, қандарына дарыту, «туған жер» деген сөздің кең мағынасына жету, осы арқылы жас буынды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу.
Әдеби кеште көтерілген басты мәселелердің бірі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткен үш мәселе болды. Бұл төңірегінде гимназияның «Нұр Отан» БПҰ-ның төрағасы Түсіпхан Кимұлы сөз алды. Оның пайымдауынша, туған жерін сүю – әр азаматтың Отан алдындағы бірінші парызы және бұл қалыпты әрі шынайы патриоттық сезіммен ұласуы тиіс. Сонда ғана бұл сезім әр азаматтың жүрегінде мәңгі ұялайды. Ал қазіргі білім алушы жас буын қазақстандық патриотизмде тәрбиеленіп, ел құндылықтары мен ұлттық нақыштарды жанына түйген ұлағатты ұрпақ болуы тиіс. Ал бұл қалай іске асады? Бұл тұрғыда «Туған жерге туыңды тік» деген халық сөзі еске түседі. Яғни әр ұрпақ өз Отанына еңбек етуі парыз саналып, туған жеріне өз артынан жақсылық пен пайда әкелуі тиіс. Сонда ғана әр Қазақстан азаматы туған елі мен жеріне туын тігіп, көк байрағын көтере алады.
«Беу, туған жер, бас ием!» атты әдеби кеште Отанымыз бен туған еліміз – бір екенін, оның есімі әлемнің төрт бұрышына танымал Қазақ жері екені барша қауымға паш етілді. Себебі, біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті. Бұл ортақ шаңырақ саналатын Қазақстан мемлекетінің бүгінгі тәуелсіз өмірі, ең біріншіден, Алла Тағаланың рақымымен, екіншіден, ата-баба рухымен келді деп айтқан артық болмас.
Жалпы, «Туған жер!» деп шырқаған кезде әрбір азаматтың жүрегінде тулаған шабыт пен сезім ұялайтыны анық. Адам өзінің туған жерінің төлі. Сол даланың, сол жердің, сол мекеннің меншігі. Туған жерге деген сезім мен махаббаттың өлшемі шектеулі болмайды. Ол шексіз.
Қожабек Таугүл,
№175 «Жаңа Ғасыр» гимназиясы
қазақ тілі мен әдебиеті маманы.