Ақыртас құпиясы ашылды ма?

Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез-келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.

 

Н.НАЗАРБАЕВ.

 

 

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

 

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағда­йындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» атты Қазақстан халқына Жол­дауын жүзеге асыру аясында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейіне қарай­тын «Ақыртас» сарай кешенінде туризм­ді дамыту мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. 

Мәдениет және спорт министрі Арыс­тан­бек Мұхамедиұлы, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов және «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы «Жүк тасы­малдары-ҚТЖ» АҚ президенті, атқа­рушы директор Оралхан Құлақов мемлекет қамқорлы­ғына алынған тарихи-мәдени мұрала­ры­мыз бойынша қазіргі атқарылып жат­қан, алдағы уақыттарда қолға алына­тын жұмыстар жайына кеңінен тоқталды.  

Мәдениет және спорт министрлі­гінің ұйымдастырумен қолға алынып отырған ауқымды мәселелер үш жақты Меморандум бойынша бірлесе жүргізіл­генде сапалы жүзеге асатыны белгілі болды. Баспасөз мәслихатында БАҚ басшылары мен журналистер қауымы өздерін қызықтырған сауалдарға жан-жақты жауап алды.

Игі шараға қатысушылар осы сапардың аясында Тараз қаласындағы белгілі тарихи-мәдени ескерткіштерді аралап, «Ақыртас» сарай кешенін тамаша­лап, бұрынғы бабала­рымыз қалдырған мұралардың қыр-сырымен танысты. 

«Ақыртас» сарай кешені кейінгі жыл­дарға дейін өз еліміздің жұртшы­лығына аса белгілі бола қоймағанмен, сырттан келетін туристерді ерекше қызықтыратын орынға айналып келген болатын. Еліміз тәуел­сіздігін алғаннан кейін бұл қасиетті орынға барынша көңіл бөліне бастады. 2014 жылы Ақыртас ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы тапсыр­маларға орай «Ақыртас» сарай кешені еліміздегі жалпыұлттық қасиетті орындар қатарына кірді. Сарай кеше­ніне үлкен ұқыптылықпен қамқорлық жасалып, арнайы сақтау шатыры мен типтік үлгідегі конференц-зал салынды. «Ақыртас» бойын­ша ғылыми-зерттеу жұмыстары да жаңа қырынан қолға алынып, өз нәтиже­лерін бере бастады. Ғасырлар көшінің куәсіне айналған Ақыртас әлі де құпиясын қой­нына жасырған күйі ашық аспанға мұң шағып жатқандай көрінеді.

 

 

«Ақшамның» анықтамасы

 

Ақыртас — Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан сарай кешені. VІІІ—ІX ғасырларда салынған Ақыртас 130 жыл бері зерттеліп келеді. Тараз қаласының шығысында 40 шақырым жерде, Ақшолақ теміржол стансасынан 6 шақырым оңтүстікте орналасқан.

Кешеннің құрылыс материалдары тас және пішімі малға шөп салатын ақырға ұқсас болуына байланысты Ақыртас деп аталған. Ол алыстан көрініп тұруы үшін таудың үстіне төрт­бұрышты жобамен салынған. Қазіргі кезде қабырғаларының сақталған сілемдері 160, 146 және 140 метр шамасындай жерді алып жатыр. Қабырғалары қалыңдығы 40х70х70 (80) сантиметр болатын ірі тас блоктардан қаланған. Қорғанның 4 қақпасы бар, біреуі солтүстікке, үшеуі оңтүстікке қарайды. Тұрғын үйлер ішкі ауланың төңірегіне топтасты­рыла салынған қызмет көрсететін және шаруаға қажетті бөлмелер кешенінен тұрады. Ауланың түпкі жағында Ақыр­тас иесінің жатын және қонақ үйі орналасқан. Солтүстік есік жақтағы үйлер қызмет ететін адамдар мен күзетші­лерге, бір бөлегі ат қораға арналған. Су қоймасы бар орталық аула, қорған әскерлерінің алаңы, жарлықтар жарияланатын арнаулы орын немесе діни рәсімдер атқарылатын орын болған. П.И.Лерх Ақыртас салынып бітпеген будда ғиба­датханасы десе, академик В.В.Бартольд несториан ғибадат­ханасы деген болжам айтады. Археолог Т.К.Басеновтің жазуына қарағанда, Ақыртас салынып бітпей қалған ірі бек сарайының іргетасы.

1996 жылғы зерттеулер барысында Қазақстан және Франция ғалымдары Ақыртас VІІІ—ХІ ғасырларға жататын Керуен сарайдың орны болуы мүмкін деген тұжырымға келді. Өйткені, құрылыс жобасы Ирак пен Сириядағы орта ғасыр­лық құрылыстарға ұқсас. Ақыртас 8 ғасырдың 2-жарты­сында, яғни 751 жылы қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында Қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орнаған кезде салына бастауы мүмкін. Бірақ құрылыс белгісіз себептермен тоқтап қалған. Араб дерек­теріндегі (Ибн Хордадбех, Ибн Кудам) Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Касрибас осы Ақыртас болуы мүмкін.

 

Тақырыпқа орай

 

Талас ОМАРБЕКОВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, ҰҒА құрметті академигі:

1) Ақыртас ХІ ғасыр ескерткіші, нақты­лай түссек, 1031—1055 жылдар аралығында тұрғызылды, ол Тараз мұсылмандарына жаулық әрекеттерін және әскери жорық­тарын тоқтатпай қойған, Мойынқұм айма­ғын мекендеген, көшпелі шаман қарлұқ­тардан қорғану үшін Қарахан әулетінің соңғы «Ұлы ханы» Сүлеймен ибн Жүсіп Арслан ханның (Әулие Қараханның) заманында (1031—1055 жылдар) салынған тас қамал болып табылады;

2) Онда біз кездестіріп отырған дулат­тардың рулық таңбасына сәйкес келетін тасқа салынған таңбаның кезде­суі бұл ұлы құрылысты салуды соғды­лар, саманидтер немесе арабтар тәрізді келімсектер емес, қарахандық билеуші­лердің бастамасымен жергілікті халық­тың өзінің қолға алғанын айғақтайды.

3) Алайда, ХІ ғасырдың 40-жылда­рының ортасына қарай қарлұқ­тардың жаппай мұсылмандықты қабылдап, қарахандық билеушілерді рухани тұрғыдан мойындаулары және осыдан соң бұрын мұсылмандыққа қарсы күресте топтасқан олардың енді бұл аймақтан ыдырай көшу­лері қорға­ныс мақ­сатымен тұрғызылған Ақыртас қамалын әскери тұрғыдан қажет­сіз етіп, құрылыс аяқталмай, тоқтап қалған;

4) Құрылыстың салынуына мұрын­дық болған Әулие Қарахан атанған Сүлеймен ибн Жүсіп Арслан хан және оның бауы­ры, Тараз билеушісі Боғра хан ибн Қадыр­ханның биліктен кетіп, о дүниелік болулары да Ақыртастың аяқталмаған құрылысын мүлде иесіз қалдырды.

 

(«Егемен Қазақстан». 28 наурыз, 2018 жыл).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close