Атадан – қасиет, бабадан – өсиет

(Жазылған жайға орай: «Алматы ақшамы», 17 ақпан, 2018 жыл)

«АПОРТТЫ АЛҒАШ ӨСІРГЕН МЕДЕУ ПҰСЫРМАНҰЛЫ – ТУҒАН ЕЛІНЕ, ТУҒАН ЖЕРІНЕ КӨП ТЕР ТӨГІП, АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ТАРИХИ ТҰЛҒА»

 

Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өтіп жатқан  шарапаты мол ізгі шара ретінде халқының қамқоршысы әрі жанашыры  болып,  зор құрметке бөленген асыл текті бабамыз Медеу Пұсырманұлына арналып өтіп жатқан   «Мекені тұғырлы, есімі ғұмыр­лы» атты айлық шаралар, түрлі жиын-көрмелер көңіл қуантады.

Медеу Пұсырманұлы (1850—1908 ж.ж.) бүгінгі Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ол жайлы,  оның  игі  істері туралы ел аузында  аңыз көп. Алматы қаласының және төңіректегі ауыл-аймақтың тұрғындары өз естеліктерінде өздері куә болған, ел басына күн туған ауыр қыстау кезеңдегі Медеу бабамыздың адамгершілікке толы адами  қасиеттерін жыр ғып айтады.

Бір айта кетерлік жағдай, бүгінде көп басылымдарда Медеу Пұсырманұлының фотобейнесі дұрыс беріліп жүрген жоқ. Көбінесе жарияланып жүрген фотолар  бабамыздың баласы – Шаяхметтің суреті. Біз жариялап отырған сурет Медеу бабаның  нақ өз суреті.

1887 жылы Алматы қаласында өте күшті апат — қатты жер сілкінісі болғаны белгілі. Сол кезде Алматы шаһарында 27 мыңдай адам тұрады екен, зілзала салдарынан соның 483-і  көз жұмған. Екі жылдан кейін зілзала қайталанып, сілкініс төрт күнге созылды. Көп ұзамай 1902 жылы Алматы мен төңіректегі ауылдар үлкен аштыққа ұшырады.

Медеу атамыз жер сілкінісіне ұшыраған үйсіз-күйсіз қалған адамдарға, бар дүниесін,  малын, жанын аямай үлкен көмек көрсетеді. Аштық кезінде аш-жалаңаш жүрген адамдарға тегін тамақ ұйымдастырады. Төңіректегі ауылдарға, ел аштан қырылып қалмасын деп, арнайы мал жібертеді. Біздерге жеткен деректер бойынша, тек қана қаланың халқына емес, қаланы қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып  жүрген гарнизон солдаттарына де тегін тамақ ұйымдастырған.

Осындай мейірімді игі істері үшін халық Медеу бабамыздың есімін ардақтап, ұлықтаған.  Сол жылдары  Медеудің аты бүкіл төңірекке жайылып,  ол  бүкіл  қазақ даласына танымал болған.

Медеу Пұсырманұлын қарапайым  халық қана емес, Верный қаласының басшы­лары да қатты сыйлап, құрметтеген. Генерал-губернатор Колпаковскийдің өзі біреулер қонаққа шақырған кезде: «меймандар арасында Медеу болады ма?» деп сұрайды екен. «Болмайды» десе, «Міндетті түрде шақырыңдар» деп бұйыра­тын көрінеді.

Аты аңызға айналған тарихи тұлғаның өмірінен алынған бір жағдайды айта кеткім келеді.

Бір күні Медеу атамыз  үзеңгілес серіктерімен атпен  өзен жағасын  бойлап  келе жатса, мына бір оқиғаға  тап болады. Бір топ адамдар, таудың басынан қара­ғайдың бөренелерін, атпен сүйреп өзеннің жағасына түсіріп жатыр екен. Бір кезде бірінің жетелеген аты сүрініп, биік қапталдан өзенге құлап түседі. Аттың мойны қайтарылып, құлаған  жерде  мерт болады. Сол кезде адамдарды жалдап, жұмыс істетіп жатқан  аттың иесі жүгіріп келіп, әлгі бейшараны қыспаққа алып, «атымның құнын төлеп бер» деп айғайды салады. Ақшам жоқ деген пақырды  қамшының астына алғалы жатқанда, әңгімеге  Медеу араласады: «Атыңның құны қанша» деп сұрайды. Сөйтіп, ат егесінің  айтқан сомасын сөзге келмей төлеп береді де, жалданған орыс жұмыс­шыны арашалап алады. Кейін  сол  орыс Медеудің баласы Шаяхметке жолығып, осы болған істі  баяндап береді. «Менің таңқалғаным бес сом тұратын атқа сенің әкең әлгі байдың айтқан жиырма сомын мені құтқару үшін, бір ауыз сөзге келмей төлеп берді. Сол үшін сенің әкеңнің алдында мәңгі қарыздармын», — деп алғы­сын білдіріп, рахметін айтыпты ол. Бұл оқиғадан біз Медеу бабамыздың  жомарт­тығы өз алдына, атамыздың адамгершілігін, адам баласына деген сүйіспеншілігін, ешкімді ұлтына қарап алаламайтын ақ ниеттілігін және кең жүректілігін байқаймыз.

Тарихтан жаһанға әйгілі «Тереза Ананы» бүкіл әлем сыйлап құрметтейтіні белгілі. Барлығы оны пір тұтады. Ал Медеу бабамыздың қайырымды  істері  оның істегенінен артық болмаса, кем емес деп білемін.

Сондықтан біз Медеу Пұсырман­ұлының  істеген ізгі керемет істерін, Алматының бүкіл халқына жеткізіп, Медеу есімін Алматының символы ретінде кеңінен танытуымыз керек. «Қарға-құзғын тапқа­нын басып жейді, сұңқар болса шашып жейді» дегендей, Медеу атамыз қолындағы бар дүниесін елге беріп, халықпен бөліскен, сөйтіп, өз заманының ардақтысына, өз қоғамының абзал қайраткеріне айналған.

Қазақта «Атадан қасиет, бабадан өсиет» деген тәмсіл бар. Сол  айтпақшыдай, бабамыздың қасиетті істері барлығымызға, әсіресе, келер ұрпаққа, балаларымыз бен жастарға өсиет өнеге болуы керек. Баба қасиеті мен өсиетін ұрпақтан-ұрпаққа жалғау — біздің алдымыздағы үлкен міндет.

 

Есіл ЖАЗЫЛБЕКОВ,

Медеу баба  ұрпағы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *