Алматыда  жұмыссыз  ретінде  тіркеліп, кәсіби біліктілігімді арттыра аламын ба?

Құрметті  «Алматы ақшамы» газетінің ре­дакциясы  мен бұл газетті   көптен жаздырып алып оқимын. Газетте  Алматы қаласы­ның жаңалық­тарымен қатар,  оқыр­манға қажетті барлық ақпа­раттар қамтылып оты­рады. Соның ішінде әлеуметтік мәселелерге айрықша мән берілетіндігі ұнайды.   Енді сіз­дерден   мынандай жағдайларды сұрап, білсем деп едім.  Қазір жұ­мыссыздарды әр түрлі мамандықтар бойын­ша оқытып, кәсіптік білік­тіліктерін арттыру ісі қолға алынып, қысқа мерзімді оқу курстары  ашылып, жұмыссыздардың маман­дық игеруіне жағдайлар жасалып жатқан­дығынан хабардармыз.   Осы курстарға қалай жазылуға болады және қандай мамандық  түрлері бойынша  оқытылады? Оқу мерзімі қанша, қашан басталады? Жұмыспен қамту орталықтары қайда орналасқан? Осындай курстарға жазылу үшін қандай құжаттар керек?  Басқа  жерлерден де келіп оқуға бола ма?  Жоқ әлде, ондай курстарда оқу үшін Алматыда тіркеуде болу міндетті ме?  Сіздерден   бір жауап аламын деген үмітпен хат жолдап отырған,                                                                                      

Ілияс САДЫҚОВ,

Алматы облысы, Көксу ауданы,

Балпық би кенті, Нұрпейісов көшесі,

2-үй.

 

Оқырманымыздың бұл сауалына Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталы­ғының  маманы  Мадияр Нұртөлеуов жауап береді.

2017–2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру барысында қолға алынып отырған   жұмыссыздарды жұмыспен қамту, кәсіптік білім беру, кәсіптік біліктілікті арттыру, кәсіптік бағдар беретін қысқа мерзімді курстарда оқыту  іс-шаралары еліміздің барлық аймақтарында қолға алынып, республикалық бюджеттен  тиісті қаражат көздері қарастырыл­ған­дықтан, Алматы облысында да бұл бағдар­ламаның жүзеге асырылып  жатқандығына сенімдіміз. Ал енді Алматы қаласындағы кәсіптік оқулар мен  біліктілікті арттыру курстарына жазылу, сондай-ақ, жұмысыз ретінде тіркелу үшін   Алматы қаласының тіркемесі болуы міндетті болып саналады.   Оқу курстары  3, 6 айды құрайды. Арнайы шәкіртақы төленеді. Ал жұмыс істеу үшін ондай талаптар қойылмайды. Ол үшін сіз «enbek.kz» сайтына кіріп,  өзіңізге ыңғайлы жұмыс таңдауыңызға және  Алматы қаласы, Фурманов көшесі, 50-үйде орналасқан Алматы қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығына  341-04-60 телефоны арқылы хабарласып, ақыл-кеңес алуыңызға болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close