Алматыда егде адамдарға жүйелі қолдау көрсететін болады
«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында «Белсенді ұзақ өмір сүру жол картасы» талқыланды

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ
Алматы қалалық әкімшілігінде қалалық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында «Белсенді ұзақ өмір сүру жол картасы» талқыланды. Оған қала әкімі Бауыржан Байбек, қоғамдық кеңес мүшелері, қала аудандарындағы Ардагерлер кеңесінің төрағалары, қоғамдық ұйымдар, қала басқармаларының басшылары, кәсіпкерлер, Жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиынды қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов ашып жүргізді. Алматы қаласында бүгінде 222 мыңға жуық зейнеткерлер тұрады екен. Демек, бұл қала халқының 12,5 пайызын (жасында бейнет көріп, бүгінде зейнет жасындағы ата-апаларымыз) құрайды деген сөз. Зейнеткерлер мен ардагерлерімізге қала әкімдігі тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтар мен әлеуметтік көмектер аз емес.
Жылына 4 мыңға жуық ардагерлер қала маңындағы шипажайларда дем алып, денсаулықтарын жақсартса, 17 мыңға жуық әлеуметтік көмекке зәру тұрғындарға түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Жыл сайын 2 мыңдай адам тұрғын үй көмегін алса, зейнеткерлерге қоғамдық көлікпен қатынауда 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Ал жасы 75-тен асқан қарттар қаладағы қоғамдық көліктерде тегін жүре алады. Қалада ардагерлерге арналған түрлі мәдени іс-шаралар өткізіліп тұрады. Дейтұрғанмен, бұл зейнет жасындағы қарттарымыздың көңіл күйлерін толық қанағаттандырмайтыны анық. ЭЫДҰ мүше елдерде зейнеткерлер алпыстан асқан соң зейнетақымен шектелмей жаңаша өмір сүре бастайды. Ал біздің ата-әжелеріміз болса, үйден алысқа шықпайды. Біз қарттарды осы дағдыларынан арылтып, оларға қала өмірімен тығыз қарым-қатынаста болып, белсенді өмір сүрулеріне қажетті жағдай жасауымыз керек. Олардың бір-бірімен араласып, өздерінің қалаған ісімен шұғылдануларына, спортпен айналысып, денсаулықтарын жақсартуларына, қаламыздың көрікті жерлерін аралап, табиғат аясына саяхаттауларына мүмкіндік беруіміз керек. Биылғы жылды Алматы қаласында аға ұрпаққа қолдау көрсету мақсатында «Қарттарды қадірлеу жылы» деп жарияладық. Ондағы басты мақсатымыз да сол, қаламыздың жасы егде тартқан тұрғындарының белсенді өмір сүрулеріне қажетті жағдайлар жасау керектігін ескеріп, «Белсенді өмір сүру» жол картасын жасадық дей келіп, қала басшысы Жол картасымен таныстыру үшін сөз кезегін Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан Отыншиевке берді. Басқарма басшысы «Белсенді өмір сүру» жол картасы бойынша атқарылатын жұмыстармен, ұйымдастырылатын іс-шаралар тізбесімен таныстырды.
М.Отыншиевтің айтуынша, қалада жақын уақытта «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы құрылатын болады. Онда қарттардың демалысына, денсаулығына қажетті жағдайлардың барлығы жасалып, әр адамның өзінің қалаған ісімен айналысуларына қажетті жағдайлар жасалады. Сонымен қатар, 40-тан астам әлеуметтік клубтар құрылып, тіпті әлемде баламасы жоқ агрокраудсинг жобасы қолға алынып, қарттарға арнайы көкөніс, жеміс-жидек өсіретін жер бөлініп, олардың ауылшаруашылығымен айналысуларына да жағдай жасалмақ көрінеді. Тіпті, қарттарымыздың ағылшын тілін үйреніп, әлеуметтік желіде замандастарымен сырласулары үшін компьютерлік оқулар ұйымдастырылатын болады. Талқыға ұсынылған жол картасы жалпы көпшіліктің көңілінен шыққанмен, әлі де толықтырулар енгізу қажеттілігі ескертілді. Талқылау барысында арнайы «Ata – аpа» порталын құру ұсынылды. Мұнымен қоса, Бірыңғай САLL-center құру да қарастырылған. 100-ге тарта мәдени іс-шаралармен қатар, зейнеткерлерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу жоспарланыпты. Жол картасының ең басты да маңызды бөлігі – ұрпақтар үндестігі, жастар мен егде адамдардың үйлесім табуы. Ол үшін біріккен экскурсиялар, ойындар, түрлі шаралар қарастырылған деді өз сөзінде Алматы қалалық Жұмыспен қамту басқармасының басшысы Мейіржан Отыншиев.
Қалай дегенмен де, қаламызда тағы бір өркениетті, рухани жаңғыруға жол ашатын игілікті іс қолға алынды. Ең бастысы, күні бойы екі қолы алдына сыймай көппәтерлі тұрғын үйлердің алдын күзетіп отыратын ата-апаларымыздың бос уақытын тиімді өткізулеріне жағдай жасалатыны қуантты.