Адасқандар оралды
Әсел ДАҒЖАН
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қалалық Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков брифинг өткізді.
Өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, 2018 жылғы жоспарларымен бөліскен басқарма басшысы тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді.
Өткен жылдың статистикалық деректеріне сүйенсек, қала бойынша деструктивті діни ағымдардың 244 мүшесі оңалту орталығынан өткен.
Сонымен қатар, 36 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 3 784 050 теңгенің айыппұлы салынған. Атап айтсақ, діни мазмұндағы діни әдебиеттер мен материалдар тарату бойынша – 14, діни рәсімдерді белгіленген орындардан тыс өткізу – 6, жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз миссионерлік қызметті жүзеге асыру – 12, діни рәсімдерге кәмелет жасқа толмағандардың қатысуына діни бірлестік тарапынан шара қабылдамауы бойынша 4 әкімшілік хаттама толтырылған.
– Бізге «қандай да бір діни ұйымға кіргелі оның іс-әрекеті, мінезі күмән тудыра бастады» деген сипатта хабарласатын тұрғындар бар. Нақты бір дерек айтсам, 16 жасында бір діни ұйымға кіріп, 16 жыл сол ұйымның мүшесі болған азамат кейін қатесін түсініп, одан шығып кеткен. Енді ол мемлекеттік ұйымдарға сол ұйымды тексеру жайлы өтініштер түсіруде. Одан кейін «баламның мінезі өзгеріп кетті, ата-анасына қарсы шығып, бізді сыйлауды қойды» деп егде тартқан ата-ана хабарласып, баласын әке-шешесіне қарсы қоятын ол қандай діни ұйым деп бізге шағым түсірді. Бұл жағдайлардың бәрін жеке қарастырамыз, егер материалдық, психологиялық немесе моральдық нұқсан келіп, заңбұзушылық дәлелденсе, жауапкершілік туындайды, – деді қалалық Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы А.Есенбеков.
Биыл аталған басқарма кешенді әлеуметтік зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.