Аграрлық саясат еңбек өнімділігін арттырады

Аграрлық өнеркәсіптің тиімді дамуының негізгі шарты, ол – агроөнеркәсіп кешенінің қарқынды дамуына ғылыми жобаларды енгізу болып табылады.

Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев Жолдауында ерекше атап көрсетті. Соған сай бүгінде ауылшаруа­шылықты интеграцияланған жерді басқару (Жер хабы), климаттық тәуекелдерді басқару (Климаттық хаб) және білім орталықтарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі таңда нақты ғылыми нәтиже­лерге жету үшін мамандарды 3 деңгейлі даярлаудан өткізу қажет. Елбасы агро оқу орындарын қайта құру туралы, маман дайындауда тек диплом берумен шектелмей, саналы білім сіңіру керек­тігін баса айтты. Бұл бағытта Қазақ Ұлттық аграрлық университеті Еуропа, АҚШ, Азия және Тынық мұхит елде­ріндегі жетекші шетелдік универси­теттермен, ғылыми және технологиялық орталықтармен белсенді жұмыстарды жүзеге асыруда.  Университетте агро­биз­нестің стратегиялық зерттеулер орталығы жұмыс істейді. Онда студент­тер екінші курстан бастап нақты агроқұрылымдарды бизнес-жобалар олардың диплом жұмыстарына бөлек бөлім ретінде енгізіледі. Бүгінде  жоға­ры оқу орны тек білім беріп қана қоймай, студенттің қабілетін ашуға да көмектесуі тиіс.

Университеттің барлық әрекеттері креативті ойлайтын және инновацияға бейім, еңбек нарығында сұранысқа сай, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға бағытталған. Бүгінгі таңда университет бастамасымен республика көлемінде 22 мыңнан аса фермердің, ауылдық кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру үшін Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстігінде 36 ғылыми орталық пен серіктес – жоғары оқу орындарын қамтитын фермерлердің жоғары мектебі және Экстеншн бағдарлама­сының жүйесі қызмет етеді.

Халықаралық байланыстары арқылы университет ғалымдары шетелдік әріптестермен бірлесіп, Қазақстанның жергілікті әлеуметтік-экономикалық жағдайының тәуелсіз және біріктірілген жүйесін жасауда. Университет база­сында тағам сапасы мен қауіпсіздігін анықтау зертханалары құрылған. Шет­ел­дік тәжірибе көрсеткендей, ауыл­шаруашылық кооперациясы негізінде мұндай зертханалар ауылшаруашылық өнімдерін өндіру өндірісі шаруа­шылы­ғын ірілендіруді жақсартатынын көрсе­тіп отыр.

Қазақстанда ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге лайықты шикізат аймақтарын нақты картаға түсіретін және әрбір өндірушіге қажетті техни­калық регламент талаптары кіретін сандық технологияны енгізу жобалары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте ғалымдар тарапынан әрбір ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға референтті зертхана құруға, жайылым­дарды картаға түсіріп,  автоматтан­дырылған шаруашылық балансын құру­ға, сонымен қатар жайылым жерлердің жағдайын бағалауға ұсыныстар беруде.

Жолдаудың ерекше құнды жағы – мемлекеттің әлеуметтік міндеттеме­лерді қолдайтынын мәлімдеу. Адам капи­талын дамыту стратегиялық тұр­ғы­дан маңызды міндет болып саналады. Бұл мәселені шешу жолында білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту жөнінде кешенді шаралар көзделген. Мұғалім мамандығының мәртебесін жоғарылату үшін педагогтардың еңбекақысы айтарлықтай көбейтіледі. Бұл шараның қажеттігі туралы Сенатта да бірнеше мәрте айтылған болатын. Білім беру, мәдениет пен идеология ұлттың рухани әлеуетін нығайту үшін қызмет етуі тиіс.

Ауыл шаруашылығының өндірісі елімізде кең етек жайып отыр. Мемле­кеттік қолдаулар арқасында бұрын шатқаяқтап қалған шаруашылықтар дамудың арнасына түсті. Күшке салып жасалатын жұмыстарға технологиялар тартылып, жұмыс күші біршама жеңілдетілді. Еңбектің наны әркез тәтті болары сөзсіз. Бүгінгі еліміздің дамуы­на қарап отырсақ, жаңашылдық пен қарқынды қозғалыстың лебі еседі. Ауыл шаруашылығының дамуы шағын және орта кәсіпкерліктің шабыттануына ықпал етуде. Біз, Елбасы алға қойған мақсаттарды орындау үшін ортақ іс-қимыл жасауға міндеттіміз. Осы жауап­кершілікті әрбір қазақстандықтар сезінуі керек. Шәкәрім атамыз айтқан емес пе, «Бар ғылымның түп атасы – Таза ақылмен ойлану» деп, ендеше бұл таза ақылмен, адал еңбекпен алдағы үлкен белестерді бағындыруға жасалған сәтті қадам болсын!

 

Оразгүл ОСПАНҚЫЗЫ,

ҚазҰАУ профессоры.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *